• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2017

Анна ШЕВЧЕНКО: Қос жүлдемді Қазақстаныма арнаймын

308 рет
көрсетілді

Қазақстанға Алматы Универсиадасының алғашқы жүлдесін шаңғышы Анна Шевченко сыйлады. Жарыстың бірінші күнінде классикалық жекелей сында қола жүлде олжалаған спортшы, кеше із кесу сайысында да осы нәтижесін қайталады. XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың екі дүркін қола жүлдегері атанған Аннаны аз-кем әңгімеге тартқан едік. – Жүлде құтты болсын, Анна! Екі рет үшінші орын­мен шектелдің. Ал­тын алуға не кедергі болды? – Рахмет! Алғашқы күн­­гі жарыста топ жаруға ты­рыс­тым. Өкінішке қарай, тұғыр­дың биігін бағындыру қолым­нан келмеді. Дәл осы сында жақсы өнер көр­сетіп, жеңіске жетуді қат­ты қаладым. Себебі, келе­сі күнгі жарыс із кесу сайы­сы еді. Мұнда бірінші күн­гі до­даның нәтижесі ма­ңыз­ды рөлге ие. Із кесуде қос ресейлікті қуып жету үшін барымды салдым. Олар алғашқы жарыстың басымдығының арқасында маған мүмкіндік бермеді. Ресейлік шаңғышылар­дың да қара жаяу емес­ті­гін ескер­ген жөн. Мұн­дай халық­­аралық жарысқа мық­ты­лар ғана келеді ғой. – Бәлкім, жарыс бары­сында қателіктерге бой алдырған шығарсың... – Иә, қателіктер болды. 30 қаңтар күнгі жарыс­тың екінші бөлігінде биік­ке көтерілу қиынға соқты. Жылдам бастағаным­мен, биікке шығар тұста енті­гіп қалдым. Ал одан кейін­гі додада күн райы­ның қо­лай­сыздығы кері әсер ет­ті. Сондай-ақ, биіктен құл­­ди­лаған сәтте қателік жіберіп алдым. – Жарыстың екінші күнінде бапкерлер саған қандай міндет жүктеді? – Алғашқы сайыста ре­сей­ліктерге есе жіберіп ал­ған­­­дықтан, маған жүктел­ген міндет оларға мейлінше жақындап, реті келсе, басып озу еді. Өкінішке қарай, бұл қолымнан келмеді. – Осымен, екінші Уни­­­вер­сиадаға қатысып отыр­сың. Спорттық ше­бер­лік тұрғысынан ілгері­леу бар ма? – Әрине. Бірінші  рет 2013 жылы Италия­­ның Трен­тино қаласында ұйым­­­дас­тырылған қысқы Уни­­вер­­сиада да өнер көр­­­сет­тім. Нәтижем – 19-орын. Алматыда екі қо­ла­ға қол жеткіздім. Осы ара­­лықта жаһандық жа­рыс­тар­ға қатысып, мол тәжі­рибе жинадым. Мені алға жетелеген бапкеріме алғысым шексіз. Сондай-ақ, Павлодар облысы­ның әкімі Болат Бақауовқа риза­­­шылығымды білдіргім келеді. Ол Алматы Универ­сиа­да­сының алғаш­қы жүл­десін ұтып алғаным­да, қоңы­рау шалып, құттық­тады. Маған сенім артқан жанкүйерлерге де ризамын. Қос жүлдемді туған елім – Қазақстаныма арнаймын. – Рахмет. Әңгімелескен  Фархат ӘМІРЕНОВ Суретті түсірген Владимир Бугаев