БИЛІК ПЕН АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ
“Қызылорда облысы Азаматтық альянс” қауымдастығының төрайымы Дариға АҚМАҒАНБЕТОВАМЕН әңгіме.
– Әңгімемізді елімізде демократиялық құндылықтарды қалыптастырып, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан өсіп, өркен жаюына үкіметтік емес ұйымдардың қаншалықты ықпалы бар екендігінен бастасақ.
– Елде демократиялық құндылықтардың қалыптасуының басты көрсеткіші азаматтық қоғамның негізі болып табылатын үкіметтік емес сектордың даму деңгейі, олардың билікпен қарым-қатынасы, қоғамның өміршең мәселелерінің шешілуіне ықпалы болып есептеледі. Алдына демократиялық, зайырлы мемлекет құру мақсатын қойған елімізде егемендік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ азаматтық қоғам институттарының дамуына саяси, құқықтық жағдайлар жасалды.
Үкіметтік емес ұйымдардың қоғам өміріндегі рөлін арттыруға Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ерекше мән беріп келеді. Елбасы бекіткен “Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы” билік пен ҮЕҰ-лар қарым-қатынасының, үкіметтік емес секторды дамытудың негізгі бағыттары мен шарттарын айқындады. Елбасының бастамашылдығымен қоғамдық ұйымдардың бірлігін, олардың билік және бизнес құрылымдарымен тиімді қарым-қатынасын қалыптастыру мақсатында Қазақстанның Азаматтық альянсы қауымдастығы құрылды.
Елімізде азаматтық қоғамды дамыту, ҮЕҰ-ларды қолдауға бағытталған оң саясаттың нәтижесінде мыңдаған азаматтарды біріктіретін қоғамдық сектор еліміздің экономикалық, саяси дамуына, тұрғындардың әлеуметтік қорғалуына ықпал ететіндей күшке айналды. Тұрғындар өздерінің кепілді құқықтары мен бостандықтарын үкіметтік емес ұйымдар арқылы да талап ететін болды.
Үкіметтік емес ұйымдар еліміздегі маңызды саяси-қоғамдық шаралардан тыс қалмайды, қоғам үшін тиімді шараларды қолдайды. Елбасының “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” Жолдауына байланысты азаматтық қоғам өкілдерінің еліміздің барлық аймақтарында дөңгелек үстел, қоғамдық тыңдаулары өтіп, міндеттері айқындалуда. ҮЕҰ-лар бүгінгідей дағдарыс кезінде де азаматтық ұстаным танытуда. Елбасының “Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік” деген үндеуін басшылыққа ала отырып, қоғамда ынтымақ, ауызбіршілік болуына, тұрақтылықты сақтау, елімізде жүзеге асырылып жатқан дағдарыстан шығудың кешенді шараларының орындалуына өз үлестерін қосып келеді.
– Ендігі сөз кезегін өзіңіз басшылық жасайтын облыстық Азаматтық альянс қауымдастығы атқарып жатқан жұмыстарға берсек.
– 2006 жылдың басында қоғамдық құрылымдардың ынтымақтастық бірлігін, олардың билік, бизнес құрылымдарымен тиімді қарым-қатынасын қалыптастыру, азаматтық қоғамның дамуына ықпал ету мақсатымен Қызылорда облысы Азаматтық альянсы қауымдастығы құрылып, заңды тұлға ретінде ресми тіркеуден өтті.
Бүгінгі күні Азаматтық альянс қоғамдық қолдауға ие болып, облысымыздың саяси-қоғамдық кеңістігінде өз орны бар азаматтық қоғам институтына айналды деуге толық негіз бар. Қазір әлеуметтік әріптестерміз: облыстық кәсіподақтар кеңесі, кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер “Атамекен”одағының облыстық филиалы, үкіметтік емес ұйымдар облыстық қауымдастығы, облыстық кәсіпкерлер одағы, тұтынушылар құқығын қорғау облыстық бірлестігі. Осы құрылымдармен әріптес болып, өлкемізді дамыту, қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешу үшін бірлескен іс-қимыл жасау жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Азаматтық Альянсқа 32 үкіметтік емес ұйым мүше болып кірді.
2008 жылы “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалымен әріптестік меморандумына, ал өткен жылдың наурыз айында облыс әкімімен әріптестік меморандуымына қол қойылды.
Сөз орайы келгенде айта кетейін, азаматтық қоғам институттарының ықпалымен көптеген өзекті мәселелер оң шешімдерін табуда. Әкімдіктер, басқармалар мен департаменттер жанынан құрылған қоғамдық комиссия, кеңестер құрамына қоғамдық сектор өкілдері тартылуда. Тұрғындардың өміршең мүдделерін қарайтын тендерлік, пәтер бөлу сияқты комиссиялар құрамына да міндетті түрде қоғамдық ұйымдар өкілдері енгізілуде. Үкіметтік емес ұйымдарды қолдаудың 2008-2010 жылдарға арналған өңірлік “Әлеумет” бағдарламасының жобасын әзірлеуге ҮЕҰ-лар өкілдері кеңінен тартылды.
Облыстық Азаматтық альянстың билік, бизнес құрылымдар, үкіметтік емес ұйымдармен тиімді қарым-қатынасын қалыптастыру ұсынымы да өз шешімін тапты. Өткен жылдың наурыз айында Қызылорда облысы әкімі Б.Қуандықов, облыстық Азаматтық альянс қауымдастығы, “Игілік” корпоративтік қоры арасында бірлескен іс-қимыл мен әріптестік жайлы меморандумға қол қойылды.
Азаматтық қоғам өкілінің облыс басшысымен тең дәрежеде қол қоюы, әріптес болуы облыстың қоғамдық, саяси өмірінде, азаматтық қоғамның даму тарихында елеулі оқиға болды және ол келешекте ҮЕҰ-лардың дамуында, қоғамның проблемаларын билікпен бірлесе отырып шешуде жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз. Бұл – облыс әкімі тарапынан Азаматтық альянсқа, жалпы үкіметтік емес секторға жасалған үлкен сенім. Осының нәтижесінде ҮЕҰ-лардың әлеуметтік маңызы бар жобаларын қаржыландыруға бөлінетін ақша да жыл өткен сайын көбейе түсіп келеді.
Жалпы, облыстың билік орындарының үкіметтік емес сектормен қарым-қатынасында оң өзгерістер орын алып, ҮЕҰ-ларды белгілі қоғамдық күш, қоғамның мәселелерін шешуде әріптес деген көзқарас қалыптасуда. Бірқатар мемлекеттік орындар үкіметтік емес ұйымдармен әріптес болып, олардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып жүр. Олар ҮЕҰ-лармен бірлесіп қоғамдық маңызы бар шаралар ұйымдастырып, қоғамның өміршең проблемаларын талқылап, оларды шешудің жолдарын бірге белгілеуде.
– Өткен жылы Астанада республикалық ІV Азаматтық форум өткізілді. Біздің пайымдауымызша, Азаматтық форум – қоғамдық ұйымдар мен билік өкілдерінің еліміздің еңсесін тіктеу бағытында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып жұмыс жасау үшін бірлесе пікір алысу алаңы болып табылады. Осы орайда сіз не айтасыз?
– Елімізде екі жылда бір рет республикалық Азаматтық форум өтіп, оған әрдайым Елбасының өзі қатысып, азаматтық қоғам өкілдерімен кездесуі дәстүрге айналды. Республикалық Азаматтық форум қарсаңында барлық аймақтарда облыстық азаматтық форумдар өтеді.
Қызылорда облыстық ІV азаматтық форум былтырғы жылдың қыркүйек айында өтті. Жалпы, азаматтық форум өзіңіз айтқандай, азаматтық қоғам мен билік өкілдерінің аймақты дамыту, қоғамды демократияландыру, тұрғындардың әлеуметтік проблемаларын бірлесіп шешу жайлы пікір алмасып, шешім қабылдау алаңы. Сондықтан облыстық форумға үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, партия, кәсіподақ, басқа да азаматтық қоғам институттары өкілдері, мемлекеттік органдар қызметкерлері, бизнес құрылымдар, БАҚ, зиялы қауым өкілдері шақырылды.
ІV облыстық азаматтық форумның күн тәртібінде “Билік пен азаматтық қоғам институттарының әріптестігі мен бірлескен іс-қимылының аймақты өркендетіп, тұрғындардың әлеуметтік проблемаларын шешудегі маңызы туралы” мәселе талқыланды. Форум жұмысына облыс әкімі Б.Қуандықов, “Қазақстанның Азаматтық альянсы” қауымдастығының атқарушы директоры Ш.Әйтенова қатысып, сөз сөйледі. Облыс әкімі облыста азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосып, облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып жүрген бір топ үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері мен өкілдерін Қызылорда облысының “Құрмет грамотасымен” және облыс әкімінің “Алғыс хатымен” марапаттады.
Форум жұмысы барысында 2009 жылдың 17 наурызында қабылданған Қызылорда облысы әкімі, “Қызылорда облысы Азаматтық альянсы” қауымдастығы, “Игілік” корпоративтік қоры арасында бірлескен іс-қимыл мен әріптестік жайлы меморандумға қосымшалар мен өзгерістер енгізілуіне байланысты меморандумның жаңа нұсқасына қол қою рәсімі болып өтті. Форумға қатысушы азаматтық қоғам өкілдері, билік пен бизнес басшылары ынтымақтастыққа қол жеткізіп, бірлескен іс-қимыл жасап, қоғам үшін жауапкершілікті бірге көтереміз деген шешімге келді.
– Үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам институттарының еліміз еңсесін тіктеп, қарышты қадаммен дами түсуіне сүбелі үлес қосуы үшін оларға да Үкімет тарапынан жағдай жасалуы керек қой. Осыған байланысты өзіңіздің ұсыныс-пікірлеріңізді баян етсеңіз.
– Облысымызда азаматтық қоғам дамуында жоғарыда аталғандай, оң нәтижелер бар екені сөзсіз. Дегенмен, ҮЕҰ-лар, басқа да азаматтық қоғам институттарының дамуына, қоғам үшін қызмет жасауына жағдай туғызу, мүмкіндіктерін пайдалану бағытында бәрі жасалды деуге болмас.
Біріншіден, үкіметтік емес сектор аудандарда, ауылдық жерлерде баяу дамуда. Аудандарда әділет департаменті бөлімшелері болғанымен, олар ҮЕҰ-ларды тіркемейді. Ауданда, елді мекендерде құрылған ҮЕҰ-лар қалаға келіп, әділет департаменті арқылы тіркелуге мәжбүр. Бұл, әсіресе, аудан, ауылдарда белсенді, ықыласты жұмыс істеп жүрген ҮЕҰ-лардың есеп-шот ашып, қаржыландырылуына кедергі келтіруде.
Тағы бір күрделі мәселе, ол облыста үкіметтік емес ұйымдар орталығының, жиналатын жерлерінің болмауы. Жиналып шараларын өткізу үшін қазіргі нарық заманында жалпұл төлеу қажет, ондай мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан біраздан тілге тиек болып жүрген демократия үйінің болуы – өмір талабы. Бұл мәселелер де келешекте шешімін табатынына үмітпен қараймыз.
Бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың қызметтері өздері мүдделі топқа бюджет немесе қорлардан алынған қаржы есебінен мейірімділік шаралар ұйымдастырумен ғана шектеледі. Ал біздің қоғамымызда ҮЕҰ-лардың, жалпы азаматтық қоғам институттарының айналысып, оң ықпал етуін қажетсінетін мәселелер баршылық. Біздер, қоғамдық ұйымдар, белгілі бір топтың мүддесін қорғаумен қатар, жалпы қоғамымызға ортақ мәселелердің, бүгінгі күн талап етіп отырған өміршең проблемалардың оң шешілуіне ықпал етуіміз қажет.
Мысалы, тікелей Елбасының бастамасымен елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүруде. Елбасының бұл саясатын жалпы көпшілік, қарапайым халық қолдауда, өйткені, сол жемқорлық пен парақорлықтан, үлкенді-кішілі әділетсіздіктен, заң бұзушылықтан зардап көргендер жетерлік. Бүгінгі күні осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің пәрменділігін күшейтуге ықпал ету біздердің, үкіметтік емес ұйымдардың парызы деп есептеймін.
Дүние жүзін шарпыған экономикалық дағдарыс біздің елді де айналып өтпеді. Еліміздің кемелдігі мен өркенді дамуы сынға түскен шақта азаматтық қоғам өкілдері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, облыстың барлық тұрғындары дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға жұмылып, отаншылдығымызды көрсетуге тиістіміз.
Сөзімнің соңында жалпы азаматтық қоғам өкілдерін бірлікке, ынтымақтастыққа шақырғым келеді. Біздер, азаматтық қоғам өкілдері, билік пен бизнес басшылары ынтымақтастыққа қол жеткізсек, бірлесіп іс-қимыл жасасақ, қоғам үшін жауапкершілікті бірге көтерсек, оң нәтижеге жетеріміз сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Еркін ӘБІЛ.