• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2017

«Б» корпусының өкілдеріне тест басталды

159 рет
көрсетілді

Ақпанның алғашқы күнінде елімізде «Б» корпусы санатына жататын мемлекеттік қызметшiлердiң кешендi тестiлеуi басталды. Ең алдымен, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесі мамандарын қамтитын шараға орталық және жергілікті деңгейдегі басқарушы органдардың өкілдері де қатыстырылады деп жоспарланған. Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгi төрағасының орынбасары Айгүл Шайымованың айтуынша, республика көлемінде жүргізілетін бұл сынақ Мемлекет басшысы жариялаған бiрiншi институттық реформаның қи­сынды жалғасы болып табылады. «Мұндай реформаны жүзеге асыру мақсатында өткен жылы жаңа құқықтық жағдай жасалып, мемлекеттiк қызмет туралы заң жаңарумен қатар, меритократия қағидаттары негiзiнде қызметте өсу жағдайлары қа­растырылған болатын. Ал осы жолғы тест мемлекеттiк қыз­мет­шiлердiң адам­гершілік әлеуетi мен кәсіби дә­реже-дең­­гейiн айқындауға ба­ғыт­­талған. Сондықтан да, бұл жол­­ғы аттестаттаудың бұрын­ғы­­лар­дан айырмашылығы – заң­н­а­малық бiлiмiне қатысты жүр­гi­­зiлмейтiндiгiнде. Себебi, бұ­рын­ғы жүйеде маманның кә­сiби бi­лiктiлiгiнiң теориялық дең­гейi ғана анықталған болса, қа­зiр қызметшінің құзыреттiлігі шең­­берінде ситуациялық жағ­дай­дан шығу ептілігі де анық­та­лады», – дедi А.Шайымова. Агенттік сайтына ілінген кес­теге сай кешенді тест үш деңгейде жүргізіледі деп жоспарланған. Оның алғашқысы, орталық аппарат қызметкерлері болса, кейінгісі, облыстық басшылық қызметкерлері және соңғысы, аудандық деңгейде өтіп, онда аудандық және ауылдық жерлердегі мемлекеттік қызметшілердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындау дағдысы тексеріледі. Мамандарға қолайлы болуы үшiн онлайн-режімде тестiлеу жүйесi де қарастырылған. Осы арқылы қызметшiлерге елдi мекеннен ешқайда шықпай, аттестаттау кезеңдерінен өту мүмкiндiгi берiледi. Ал мемлекеттік әкімшілік қызметкерлердің біліктілігін анықтауды енгізу мен оны жү­зеге асыру жобасының же­текшісі Эдуард Захарченко­ның түсіндіруінше, мұндай кешенді тестілеу шарасы әрбір маманның кәсіби біліктілігінен бөлек, адами сипаттағы сапалық құрамын анықтауға барынша негізделген. «Тест құрамында кездесетін мынадай мысалдарды атап өтуге болады. Мәселен, маманға өзі көрсететін қызмет сапасын кө­теруге бағытталған түрлі жауаптар ұсынылады. Немесе сұ­рақ­тың барлық жауабын дұрыс етіп беру тәсілі бар. Бұл жерде тест тапсырушы маманның жа­са­ған таңдауына қарап, оның шынайы бейнесін анықтайтын мүм­кіндіктер қарастырылған», – деді Э.Захарченко. Айта кетейік, «Б» корпусы санатында еңбек ететін мем­лекеттік қызметшілерді кешенді тестілеуден өткізу жобасы Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 15-қадамын жүзеге асыру мақсатында ұйым­дастырылуда. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»