Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңірдегі барлық балабақшаларға мемлекеттік тілдегі тәрбиені енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мұндай идеяны өңір басшысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша өткен кеңесте білдірді. Болат Бақауов өзінің орынбасары Мейрам Бегентаевқа және білім басқармасының басшысына бұл мүмкіндіктерді зерделеуді тапсырды.
«Балалар балабақшадан кейін мектепке барған кезде, қазақ тілді мектепке не орыс тілдіге баратынын өзі шешсін. Есесіне, балабақшадан кейін олардың санасында мемлекеттік тілдің негізі қаланады. Орыс және ағылшын тілдерінде пәндер мектептерде үйретіледі», – деп атап өтті ол.
Бақауов сондай-ақ отырыс барысында Елбасының тапсырмасы бойынша Павлодар облысында 2017 жылдан бастап кәсіби және техникалық білім беруді ақысыз негізге ауыстыру жүргізілетінін айтты.