Кәсіпкерлердің ең көп шағымданатын және құқық қорғау бағыты аясында ең жиі түсетін өтініштер жер қатынастары, сәулет және құрылыс, мемлекеттік сатып алуға байланысты, деп жазады abctv.kz.
«Облыстық кәсіпкерлер палатасы жүргізген сараптама қорытындысы бойынша, кәсіпкерлердің ең көп шағымданатын және құқық қорғау бағыты аясында ең жиі түсетін өтініштер жер қатынастары, сәулет және құрылыс, мемлекеттік сатып алуға байланысты. Бұған тек заңдағы олқылықтар ғана емес, көп жағдайда басқарма не бөлім мамандарының сала бойынша хабарсыз болып шығуы, нормативті-құқықтық актілерді білмеуінен немесе әдеп кодексін сақтамауынан туындап жатады. Қағазбастылықтың, жемқорлықтың пайда болуы да осыдан», – дейді Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева.
Биыл Алматы облысы бойынша 7 мыңнан астам мемлекеттік қызметші тест тапсырады. Білімі мен біліктілігі сарапқа түсетін сынақ жайы президенттің «Ұлт жоспарындағы» басым бағыттарының бірі – кәсіби мемлекеттік аппаратты құру бастамасында айтылған болатын.
Сынақ тек мемлекеттік қызметшілер үшін маңызды ғана емес, мемлекеттік қызмет түрлерін алушылар үшін де өзекті. Өйткені, кәсіпкерлердің күнделікті жұмысы жергілікті атқарушы билікпен, мемлекеттік органдармен тығыз байланысты. Кәсіпті ашу, кеңейту, тіпті жабу үшін де рұқсат қағаздар, тиісті құжаттар мемлекеттік органдардан алынады. Олардың кәсібилігі сауалдың тез арада, оң нәтижемен шешілуіне ықпал етеді.
Мемлекет басшысының биыл жариялаған жолдауында табысталған міндеттерді іске асыруда жергілікті әкімдіктердің орны мен бизнеске деген қарым-қатынасы сараланады. Тіпті, арнайы рейтинг әзірленіп, әкімдер жұмысын бағалаудың бір критерийі ретінде бизнеске көрсеткен қолдау ретінде анықтау жүктелді. Осы себепті жетісулықтар мемлекеттік қызметкерлерге арналған кешенді аттестация алдағы уақытта кәсіби, сауатты аппараттың құрылуына септігін тигізеді деген ойда.