• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2017

60 жылдық тарихы бар алтыбақан

1088 рет
көрсетілді

Аягөз деген аядай бұлақ деседі, Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді. Аягөз болып ғасырлар алға көшеді, Аягөз – Ая, арулар елі кешегі... Ақиық ақын Мұқағали Мақа­таевты тебіренткен арулар елі, ақындар елі Аягөзде тарихтан сыр шертетін ескерткіштер аз емес. Қос ғашықтың құрметіне бой көтерген бір ғана «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мазарының өзі неге тұрады?! Ғашық демекші, Аягөз қаласының өзінде жастар жиі бас қосатын, талай бойжеткен мен бозбаланы таныстырған, табыстырған әдемі бір жер бар. Бұл – шағын ғана шаһардың «7 квартал» ай­мағында орналасқан 60 жылдық тарихы бар алтыбақан. Қала тұрғындарының сағы­нысып бас қосатын шуақты меке­ніне айналған алтыбақанды кімдердің орнатқаны белгісіз. Белгілісі, бұл жерден адам арылмайды. Қысы-жазы. Бәлкім, егде жандар жалынды жастық шағын, бұла күндері мен құла түндерін сағынатын, іздейтін болар осы жерден. Ал жас­тар аягөздіктерді 60 жыл бойы тербетіп келе жатқан алтыбақанның тарихына тамсанады. – Бұл алтыбақан біздер үшін тым ыстық. Мен 1960 жылы Ая­гөз қаласында дүниеге келдім. Балалық, жастық шағымыз осы алтыбақанның маңайында өтті. Алтыбақан кейін Ташкент қаласында әскери борышымды өтеп, жоғары оқу орнында білім алып жүрген кездерімде де жадымнан бір сәт өшпеді. Енді қазір менің балаларым мен немерелерім осы жерге жиі келеді. Бұл алты­бақанды жастық дәуренімнің менімен бірге тербелген шақтары деп білемін, – дейді осында туып-өскен Бейсен Елубаев есімді азамат. P.S: Қазақтың қабырғалы қаламгері Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романының бір тұсын­да «Қайран, Алтыбақан! Театры, операсы, филармониясы жоқ көш­пелі елдің көңіл ашары болған Ал­тыбақан! Кең даланы әнмен жаң­ғыртып, жас жүректерді махаббат бесігінде тербеткен Алтыбақан!» деп төгіл­діре жазатыны бар. Аягөздегі алтыбақан осы жолдарды еріксіз еске түсірді. Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Берікхан ТАЙЖІГІТ