• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2010

ШАРШЫ АЛАҢДАҒЫ АЙҚАСТАР

1468 рет
көрсетілді

Сенбі күні Астана төрінде бокс сүйер қауым асыға күткен ересектер арасын­­дағы кезекті Қазақстан чемпионаты басталды. Сол күні “Дәулет” спорт кешенінде оның салтанатты жағдайда ашылу рәсімі өтіп, еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан келген боксшылардың жекелеген салмақтағы алғашқы жекпе-жектері өтті. Жалпы, бұл бәсекеге облыстар мен еліміздің екі ірі қаласынан және Әскери­лердің орталық спорт клубы мен “Динамо” қоғамының былғары қолғап шеберлерін қосқанда барлығы 212 боксшы қатысуда. Осы жерде айта кететін нәрсе, Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстары чемпионатқа саны жағынан ең көп былғары қолғап шеберлерін әкелген өңірлер болып отыр. Бұл екі облыстың әрқайсысынан чемпионатқа 16 боксшы қатысатын болады. Сонымен бірге, биылғы бәсекеге Шығыс Қазақстан мен Алматы қаласының атынан 14 спортшы­дан, Қарағанды мен Қостанай өңірлерінен – 13, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қызыл­орда, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарының әрқайсысы­нан ­– 11, Ақтөбе мен Маңғыстау жерінен 10 боксшыдан келсе, Атырау өңірінен – 7, Астанадағы “Динамо” қоғамынан 6 былғары қолғап шебері қатысуда. Ал елордадан шаршы алаңға 20 боксшы шығады деген дерек бар. Мұнда білікті бапкер Владимир Ка­машов­тың жасақта­ған Астана команда­сын­да Қанат Әбу­тәліпов (54 кг.), Бақыт­жан Қожабеков (69 кг.) сынды халықара­лық аренада көптен бері тер төгіп жүрген боксшылар мен болашағынан үміт күт­тіре­тін Василий Левит (91 кг.), Дәулет Елеу­сінов (75 кг.), Азамат Белгібаев (81 кг.), Жандос Ахметов (51 кг.) сияқты жастар чемпионатқа қатысуға іріктелініп отыр. Дегенмен, өзге өңірлерден келген был­ғары қолғап шеберлерінің де осал еместі­гін атап өткен жөн. Мәселен, биылғы сынға Алматы қаласынан аса ауыр сал­мақ­тағы екі боксшы қатысатын болады. Олар – Рүстем Іргебаев пен Руслан Мырсатаев. Алғашқысы осыдан 8 жыл бұрын Астанада өткен Қазақстан чем­пио­на­тының финалында Мұхтархан Ділдәбековтен жеңіліп, ұлттық құрама сапына алынбаған болатын. Содан кейін ол біраз халықаралық турнирлер мен жарыстарға қатысып, ел намысын қор­ғап жүрді. Алайда, осы бәсекелерде Рүс­тем­нің жолы біресе болып, біресе бол­мағанын көзі қарақты жанкүйерлердің бәрі біледі. Сондықтан оның биылғы чемпионатта ұлттық құраманың сапына қосылу үшін барын салатыны сөзсіз. “Шешінген судан тайынбас” дегендей, бұл байрақты бәсеке Рүстемге еліміздің бас командасының атынан бақ сынасу үшін беріліп отырған соңғы мүмкіндік­тердің бірі десе болады. Ал екінші аса ауыр салмақтағы боксшы Руслан Мыр­сатаев ұлттық құрамаға ең басты үміт­кер­лердің бірі болып саналды. Соңғы кездері ол жарақатына байланыс­ты шар­шы алаңға жиі шықпағанымен, жан­күйерлердің есінен әлі де оның Бакуде АІВА президенті кубогы жолын­дағы турнирде ресейлік боксшыны кез­десу аяқталуға санаулы секөнттер қал­ған­да нокаутқа жібергені естен кеткен жоқ. Рус­лан­ның осындай шешуші сәттерде қар­сыласын жүндей түтетін әдеті бар. Деге­нмен, Мырсатаев үшін биылғы чемпио­наттың қандай болатынын қос­танайлық Иван Дычко, қараған­дылық Виталий Бон­даренко сияқты бәсекелес­терімен өткізетін жекпе-жектері көрсетеді. Бұдан басқа, Астана төрінде керілген шаршы алаңда есімі көпшілікке танымал боксшылардың ішінде Мырзағали Айт­жановтың төл шәкірті Біржан Жақып (48 кг.), павлодарлық Дмитрий Готфрид (91 кг.), қарағандылық екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев (69 кг.), жам­был­дық Олжас Сәттібаев (54 кг.), Марат Ниязымбетов (64 кг.), шығысқазақ­­стандық Мейіржан Рақымжанов (54 кг.), Алматы облысының өкілі Айдар Шәрібаев (64 кг.) сынды айласын асыра алатын саңлақтар баршылық. Міне, нақ осылар Астанада бір аптаға созылатын айқастарда шаршы алаңның шаңын қағып, кімнің еліміздің бас командасы­ның жейдесін киюге лайықты екенін дәлелдейтін болады. Енді сенбі және жексенбі күндері өткен чемпионаттың алғашқы жекпе-жектеріне келер болсақ, бұл сындарда боксшылар 54, 57, 60, 64, 69, 75, 81 кг. салмақ дәрежелері бойынша қолғап түйістірді. Онда әуелі шаршы алаңға көтерілген 60 кг. салмақтағы боксшылар арасында Іңкәр Рақымжанов, Ержан Өміржанов, Алматбек Ағыбаев, Азамат Смағұлов, Ринат Қарабалиев, Берік Абдрахманов, Жандарбек Исанов, Талғат Әлімқұлов, Елдос Сайдалин, Абылайхан Құсайынов, Айдар Әмірзақов қарсылас­тары­нан басым түс­се, 69 кг. салмақтағы айқаста Мирас Байыр­ханов, Сүлейман Бердіқаев, Шыңғыс Бердібеков, Бақытжан Қожа­беков келесі айналымға жолдама алды. Осы салмақтағы жекпе-жекте Бақытжан сияқты болашағы­нан көп үміт күттіретін боксшының бәсе­келесін айқын басым­­дылықпен жеңгенін атап өткеніміз жөн. Ол Виктор Чумакты бірінші раундта-ақ соққының астына алып, оған бас көтеру­ге мұрша бермеді. Осыдан кейін оның бапкерлері кездесуді мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды. Осы күнгі келесі жекпе-жек 81 кг. салмақ дәрежесінде Әлімжан Әбубәкіров пен Николай Никифоров арасында өтті. Мұн­да алғашында кездесуді жақсы бастаған Әлімжан қарсыласын 3:0 есебімен ұтып келе жатқан болатын. Бірақ, айқастың аяқталуына небәрі 20 секөнт қалғанда жанкүйерлер орындары­нан түрегеле беріп, жинала бастағанда ойда жоқта Никифоров Әскерилердің орталық спорт клубының өкілін екі рет нокдаунға жіберді. Сөйтіп, төрешілер жеңісті Николайға беріп, оның келесі айналымға шыққанын жариялады. Келесі күнгі кездесулер түске дейін және түстен кейінгіге бөлініп өткізілді. Алғашқы бөліктегі 54 кг. салмақта Астана атынан сынға түскен Дәурен Елеусінов жеңіске жетті. Ал түстен кейін өткен жекпе-жектерде 57 кг. салмақта Мәди Шолақов, Жандос Момынов, Думан Әбдуәлиев, Мұхит Амантаев, Мақсат Ниязымбетов сынды боксшылар жеңімпаз атанды. Соңғысы білікті бапкер, кезінде өзі де боксшы болған Болат Ниязымбетовтің інісі. Ал осы күні түс ауа 64 кг. салмақта күш сынасқан Данияр Елеусінов жоғары­дағы Дәурен Елеусінов­тің (54 кг.) туған бауыры екенін атап өткеніміз жөн. Жалпы, бокста осындай ағалы-інілі болып шаршы алаңға шығып жүргендер баршылық. Жаңа біз сөз еткен Данияр алғашқы жекпе-жегінде қарсы­ласын 7:0 есебімен айқын басымдылық­пен ұтты. Бұл кездесуді төрешілер мерзімінен бұрын тоқтатып тастады. Өйткені, олар осындай есеп айырмасы­мен жеңіп келе жатқан Данияр айқасты соңына дейін аяқтаса қарсыла­сының жағдайы мұнан да қиын болар еді деп шешті. Осы салмақ бойынша өткен тағы бір кез­десу­лерде Айдар Шәрібаев пен Мерей Ақ­шалов­тың жеңісін де ерекше атап өт­кені­міз жөн. Олардың шаршы алаңдағы қи­мыл-қозғалысы мен ұстанған такти­ка­сы үйлесім тауып, бәсекелестеріне еш мүмкін­дік бермеді. Алайда, екеуінің де қар­сы­ластары – жамбылдық Берік Қойтаев пен маңғыстаулық Қуаныш Төлегеновті осал боксшылар деп айта алмаймыз. Сонымен бірге, бұл салмақта Жансерік Пармашевтің бірінші раундта бәсекелес­терін бас көтерт­пей тастаға­нын, сөйтіп, оған кездесуді одан әрі жал­ғас­тыруға еш мүмкіндік бермегенін, Жал­ғас Төкешев пен Дастан Биташевтің арасын­дағы жекпе-жек 2:2 есебімен тең аяқтал­ғанымен, соңғысының ереже бойын­ша ең соңғы соққы жасаған бокс­шы­ның жеңетініне байланысты қолда тұрған жеңісті жібермей, қарсыласын қапыда қалдырғанын да атап өтпеске болмайды. Мұн­дай оқиғалар бокста жиі болып тұра­ты­ны белгілі. Осы күні аса ауыр салмақ­тағы жекпе-жектерде дәл осыған ұқсас жағдай Дәурен Махам­бетов пен Рахман Әлжановтің арасында өткен сында қайта­лан­ды. Мұнда кездесу 3:3 есебімен аяқтал­ғанымен, төрешілер жеңісті соңғы соққы жасаған Рахманға берді. Ал Ермек Үсенов пен Досжан Ос­панов­тың арасын­дағы бәсекеде соңғысы қарсыласын еш қинал­май 3:10 есебімен жеңді. Сөйтіп, демалыс күндері жан­күйер­лерді өзіне ынтықтырған шаршы алаң­ның бәсекелері осылай аяқталды. P.S. Бет қатталып жатқанда 48 кг. салмақта бес, 54, 60, 69 және 81 кг. салмақ дәрежесінде сегіз кездесу болып өтті. Дастан КЕНЖАЛИН, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ. ДҮБІРЛІ ДОДАҒА ДАЙЫНДЫҚ 2011 жылғы Астана мен Алматы қалаларында өтетін VІІ қысқы Азия ойындарына тура 1 жыл қалды. Бұл туралы Туризм және спорт ми­нистрлігінде өткен баспасөз мәсли­хатын­да айтылып, вице-министр Талғат Ермегияев аталмыш шара дайындығына кеңінен тоқталды. Ол бәрінен бұрын допингтік бақылаудың аса маңызды екендігін ерекше еске салып, бүкіл ұйымдастыру жұмысы “Мәдениетті Азиада” бағдарламасының аясында жүзеге асырылатындығын кең тұрғыда талдап түсіндірді. Бұл жоба бірінші кезекте Азия ойындары кезінде өтетін шаралардың қатарын нығайтатын болса, екіншіден, әлемнің әр түпкірінен келе­тіндерге еліміздің тарихи және мәдени мұрасының байлығын насихаттауға бағытталып отыр. Баспасөз мәслихатында енді аз уақыт­тан кейін Канадада басталатын Қысқы Олимпиадаға біздің ел спортшы­ларының дайындығы қандай деген сұраққа Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Анатөлі Құлназаров жауап берді. Ол Ванкуверге баратын Қазақстан спортшылары лицен­зиясының саны 40-қа жету мүмкіндігін айта келе, өз сөзінде: “Ұлттық олимпиа­да­лық комитет қаңтардың 25-іне дейін жекелеген спорт түрлері бойынша жарыс жолына шығатын спортшылардың тізі­мін жариялайды. Онда фристайл, сноуборд сияқты бірқатар спорт түрлері­нен біздің жерлестеріміз бірнеше жол­дама алады деген сенім бар. Ал алдағы жылы елімізде өтетін Қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 20-25 алтын медаль еншілеп, команда­лық есепте Қытайдан кейін екінші орын алуды мақсат етіп отыр”, – деді. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.