Алматыда өтіп жатқан қысқы Универсиада ойындарында хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы финалда Ресеймен кездесіп, 0:1 есебімен жеңілді.
Матчтың алғашқы екі кезеңінде бірқатар қауіпті сәт ұйымдастырылғанмен, есеп ашылмады. Жанкүйерлер жан алысып, жан беріскен тартысты бәсекенің куәсі болды.
Кездесудің соңғы 20 минутында жинақылық танытып, адуынды шабуылдарға шыққан Ресей құрамасы 42-минутта алғашқы әрі жалғыз шайбаны салды. Даниил Ильиннің соққысы көздеген жерінен дәл табылып, жеңісті голды соқты.
Осылайша, ел қоржынына кезекті күміс жүлде түсті. Ал қола медаль дәл осы ойынның алдында Канада мен Чехия құрамаларының арасында сарапқа салынды. Бұл кездесуде 4:3 есебімен басым түскен канадалықтар үшінші орынға табан тіреді.
Айта кетейік, 11 алтын, 8 күміс, 17 қоламен жерлестеріміз жалпы есепте екінші орында тұр.