• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2017

Алматым, сен аман бол! Армысың, Красноярск!

298 рет
көрсетілді

«Алматы Аренада» ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы Универсиада салтанатты түрде жабылды. «Ұлы Дала сарыны» қойылымымен дауылпаздар бастаған салтанатқа Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Халықаралық студенттер спорт федерациясының (FISU) Президенті Олег Матыцин, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және келесі ХХІХ Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізуші Красноярск қаласының мэрі Едхам Акбулатов және басқа да бірқатар мәртебелі меймандар қатысты. Алматы Универсиадасына әлемнің 57 елінен 2000-нан астам спортшы келген еді. Тікелей таратылған телехабарға әлемнің 80 елі, миллиондаған көрермен аудиториясы көз тікті. Барлығы 11 күнге созылған жарыста қыс­қы спорттың 12 түрінен 85 медаль жиынтығы сарапқа салынды... Ұлттық мақтанышымыз – «Ұлытау» саз тобының «Жұ­мыр қылыш» күйі тартылып, «Алматы Аренадағы» салтанат одан әрі жалғасты. Қазақстан Республикасының Әнұранын жас дарын Әсет Балғазин бас­тап, Абай атындағы опера және балет театрының хор капелласы аяқтады. Әнұран аяқ­талысымен әлемнің әр бұрышынан Алма­тыға жеңіс­терге жету үшін үмітпен кел­ген спортшылар шеруге шық­ты. Мұз сарайының үлкен дисплейінде жұлдызы жанған жүл­дегерлердің бейнесі көр­сетілді. Универсиаданың шашаусыз өткен ойындары мен барлық іс-шараларына, мәдени демалысына жәрдем еткен 3000 волонтерге рахмет айтылды. Алғыс арқалағандар арасында Канададан келген 78 жастағы Майкл Генри Хиль мен Паралимпиялық ойындарға қа­тысушы, І топтағы мүге­дек Серік Еламанов та бар. «Мың бояулы Алматы» қойылымынан кейін Қазақ­стан Республикасының Пре­мьер-Министрі Бақытжан Сағын­таевқа сөз берілді. – Мыңжылдық тарихы бар Алматы екі апта бойы әлемнің спорт сүйер қауымының көз тартар орталығына айналды. Осы уақыт ішініде, әлем Қазақстанды, Қазақстан әлемді жаңа қырынан таныды. Халықаралық қауымдастық халқымыздың тамыры терең мәдениеті мен қанына біткен қонақжайлылығын, үздіксіз дамудың әлемдік бәсекелестік қайратын сезді. Алматы Универсиадасы әлем спортына өзіндік ізін қалдырды, – деді Үкімет басшысы. – Дүбірлі салтанаттың ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Спорт – бейбітшілік пен татулықтың ынтымақтастық пен тілектестіктің символы. Жер-жаһан көз тіккен бұл Универсиада нағыз жастық жігердің аламаны, жарқын жеңістердің бастауы, болашақ Олимпиада чемпиондарының мектебі» деген болатын. Расымен де халықпен халықты, мақсаты бір жастарды біріктірген Универсиада ең әуелі шуақты бас қосу болды, – деген Бақытжан Сағынтаев Қазақ елінің абыройын асқақтатып, әлемнің әр бұрышынан келген спортшыларға, қонақтарға, барша қауымға алғысын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жеткізді. Екі аптаның ішінде FISU Президенті Олег Матыцин де қазақшаға төселіп қалыпты, сөзін «Қайырлы кеш, Алматыдан!» бастап, Универсиада тарихында ерекше із қалдырған Алматы Универсиадасының барлық қатысушылары мен еріктілеріне, меймандарына, қала тұрғындарына зор алғыс айтты. Алдағы 2019 жылғы қысқы Универсиада тұңғыш рет Ресейде, Красноярск қаласында өтеді. Универсиада жалауы түсіріліп, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек туды Красноярск қаласының басшысы Эдхам Акбулатовтың қолына тапсырды. Осыдан соң «Орыс қысының астанасы» саналатын Красноярск қаласының «Хайро» аталатын таймыр ұлттық ансамблі өнер көрсетті. Алматылықтар қайта қолға алған шоу үстінде Универсиаданың символы –Сұңқар-балапан Алматыда жарыс күндері от шашқан Универсиада алауын өшірді. Алматылықтармен бірге күллі әлемнің барша Универсиада жарыстарының жанкүйерлері спорттық салтанатпен қоштасты. Алматым сен аман бол, сәлем Красноярск! Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ.