Жайық таязданып барады
Атырау аймағында халықаралық маңызға ие үш су қоймасы бар: Каспий теңізінің солтүстік бөлігі, Жайық және Қиғаш өзендері. Бұрын теңізге құятын өзендердің ішінде Жайықта ғана бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын орындары көп болатын. Кейінгі кездері кеміді. Су қоймасының түбі лайланып, жағалау белдеуі өзгерді. Бұл өз кезегінде бағалы балық қорының 30 есеге дейін азаюына әкелді. Әсіресе, Жайық, Қиғаш өзендерінің тайыздап кетуі кесірінен балықтар еркін көбейе алмай қалды. Балық жүретін арықтарды тереңдету жұмыстары жайында өткен жылы облыстан Ауыл шаруашылығы министрлігіне бір емес, екі рет хат жолданған еді. «Ол ел Үкіметінің отырысында қаралатын Атырау облысының проблемалы мәселелері тізіміне енгізілді. Бірақ министрлік елдегі экономикалық жағдайға байланысты балық шаруашылығы мелиорациясына бюджеттен қаражат қаралмағанын хабарлады», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев. Қаражат қаралмады екен деп қарекетсіз отыруға тағы болмайды. Жайықтың Яицкий, Қиғаштың Ганюшкин деп аталатын каналдарын тереңдету жұмыстарына құжаттама дайындау үшін облыс қазынасынан 65 млн 900 мың теңге бөлінген. Бір ғана Яицкий каналынан 12 таяз учаске анықталып отыр екен. Жалпы, Құрманғазы ауданына қарасты Қиғаш, Шарон өзендерінің гидрогеологиялық ахуалы сын көтермейді. Бұған соңғы жиырма жылдан астам уақыттан бері бірде-бір рет тереңдету жұмыстары жүргізілмегенін қосыңыз.Лимиттің лаңы көп
Соңғы бес жылда өңірдегі балық аулау көлемі 14 мың тоннадан 12 мың тоннаға төмендеді. Белгіленген лимит мөлшері де 26 мың тоннадан 19 мың тоннаға дейін азайған. Құрманғазы ауданына барған сапарында балық шаруашылығы жайын талқылаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бірқатар проблеманы ашып айтқан еді. Аудандағы табиғат пайдаланушыларға өткен жылы 5 790,1 тонна лимит бөлінген, соның 78 пайызы ғана игеріліпті. Балық аулау лимиті мен өңделген балық көлемі жыл санап азайып барады. Бұған осы саладағы қордаланған мәселелер себеп болып отырғанға ұқсайды. Мысалы, «Құралай» корпорациясының президенті Әбдібек Бисеновтің айтуынша, балық аулауға бөлінген лимит шарттары көңіл көншітпейді. Ол көршілес Ресей елінің нарығына шыға алмай отырғандарын, бұл жолда кедергілер көп екенін де жасырмады. «Бүгінде ресейліктер біздің пайдалана алмаған мүмкіндіктерімізді іске асырып отыр. Өңделген балықтар Атырауда Астраханьнан екі есе қымбат», деген кәсіпкер облыс орталығынан арнайы дүкен ашқысы келеді. Шыны керек, Атыраудың балығын ресейлік бизнес иелері сатып алып, оны өңдеп, қайтадан өзімізге сатып жүргендеріне біраз уақыт болды. Қазір аймақта балық аулап сатумен айналысатын 19 кәсіпорын бар, алайда соның тек он пайызы ғана балық өнімін дайындайды. Ауланған балықтың тоқсан пайызға жуығы Ресейге, қалған бөлігі Украина, Германия, Франция елдеріне жөнелтіледі. Бірақ экспортқа шығарылып жатқан өнімдердің көп бөлігі өңделмеген күйде кетіп жатқанына көз жұмып қарап отыра беруге тағы болмайтынын ескерткен аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев: «Елбасы биылғы Жолдауында ауылшаруашылық саласы еліміз үшін стратегиялық басым бағыттардың бірі екендігін айтты. Біз Атырау облысында экономиканы әртараптандыра отырып, экспортқа терең өңделген өнімді шығаруға ден қоюымыз керек», деп атап өтті. «Каспий таңы» өндірістік кооперативінің басшысы Бақытжан Теміров те біздің елдегі балық кәсіпшілігінің өрістеуін көрші елмен байланыстыра баяндап, Ресейде лимит ерте бөлінетінін, өзенге мұз түсе бастаған кезден-ақ олар іске кірісетінін айтады. Ал бізде қаулыны Үкімет ақпан айының соңында ғана шығарады. Ол күшіне енді дегенше наурыз болады. Бұл – тым кеш. Тағы бір мәселе ауланған балықты облыс орталығына сараптамаға апаруға қатысты. Сараптама нәтижесін алу үшін де он күннен астам уақыт керек. «350 шақырым жол жүріп, сараптамаға апарамыз. Оның қорытындысын бізбен бірге шет елден келген тапсырыс берушілер де күтеді. Ал біз олардың көліктері бос қаңтарылып тұрғаны үшін 500 доллардан төлеуге мәжбүр боламыз. Ауданда жаңа зертхана бар, бірақ онда сараптама жасалмайды», дейді кооператив басшысы. Ең қиыны, балықты тасымалдауға тек күндіз ғана рұқсат етіледі. Шекарашылар түнде жүруге рұқсат бермей, таңға дейін тоқтатып қойған мысалдар да болған. Әсіресе, күн ыстық кезде балықтар шіріп, пайдасыз болып қалады. Алыстағы ауданның балықшыларын мазалаған бұл мәселелерді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жауапсыз қалдырмады. Аймақ басшысының араласуымен енді сараптама жұмысы аудан орталығында жасалатын болып шешілді. Ал қалған проблемалардың күрмеуін табуға әлі де уақыт керек.«Барымташыға» бақылау бар ма?
Бағалы балық қорының азаюына браконьерлердің де «қатысы» бар. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілі Олег Тушкановтың айтуынша, балық қорғау саласының қызметкерлері өткен жылы 43 заң бұзушылықты анықтаған. Осы деректер бойынша он қылмыстық іс қозғалды. Табиғат қорғау органдарымен бірге инспекторлар 10 180 келі балық және балық өнімдерін тәркілеген, оның ішінде 158 келі бекіре тұқымдас балық бар. Атыраулық балықшыларды толғандыратын тағы бір жайт – субсидияға қатысты. Мемлекет қолдауы тек балық өсірумен және тоған шаруашылығымен айналысатындарға ғана тиесілі. Ал қалғандарына субсидия алу әзірге арман болып тұр. Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ