– Сіз қазақ әншілерінің ішінде атақты Гнесиндер атындағы Ресей Музыка академиясын эстрадалық вокал мамандығы бойынша тәмамдаған жалғыз әншісіз. Талапкерлер топырлап тобымен келсе де, маңдайынан шертіп тұрып шын талантты ғана таңдап алатын талабы күшті Гнесиндер берген тәліммен әлі талай жерге шырқап баруыңыз керек еді. Кейінгі жыпырлаған «жұлдыздардың» арасынан көрінбейсіз ғой?..
– Ия, мықтыларды мыңдап ұшырған Мәскеудегі Гнесиндерге түсу үшін талапты болу аз, талантты болып түскеннің өзінде де екінің бірінің бағының жана қоюы қиын. Өздерін «жұлдызбыз» деп жарияламаса да, күллі Кеңес Одағының музыка өнеріне бір адамдай еңбек сіңірген Иосиф Кобзон мен Гелена Великанова, Александр Градскийдің өзінен тәлім алдым. Шын өнердің қадір-қасиетін бағалайтын кәсіби мамандардың да, ән десе ішкен асын алдына қоятын халықтың да менің әндеріме деген ықыласы жоғары болды. Гастрольдік сапарларға шыққанда концерттерді «Ауылға», «Ағаларым», «Ата дәстүрі», «Досыма», «Сүйгенім менің қалада» әнімен бастатып, бірнеше рет қайталатып айтқызып, кешті сонымен аяқтататын. Ал, қазір өнердің құны арзандады. Биік өлшем өзгерді. Кезінде бізге қойылған талаптың бүгін бірі де жоқ. Елімізде өтетін әртүрлі ән байқауларына қатысып, одан топ жарып, ықыласқа бөленіп жатсақ, көрші республикалардың конкурсына жолдама алып, жүлдемен оралсақ қана теледидардан көрінуге мүмкіндік берілетін еді. Қазір рахат, бірден телевизияға секіріп шығасың, жылт етіп бір көрініп алғаннан кейін махаббат туралы мағынасыз әнді жаздырып, тойдың қамына кірісе бастайсың. Мұрат – ән өнерін жарылқау емес, той көрігін қыздыру. Қонақтарды риза қылса, қожайынның көңілінен шықса, жетеді. Бір-бірімен жарысқан осы нөпірдің жарысынан өзіміз де, әніміз де көрінбей жатса, ол біздің кінәміз емес.
– Сонда сіз қазір қайда жүрсіз?
– Мен қазір «Алматы әуендері» коммуналдық-қазыналық кәсіпорын директорының орынбасарымын. Ұжымның шығармашылық-көркемдік мәселелері бойынша жауаптымын. Құрамында эстрадалық-симфониялық оркестр, Мұрат Серкебаев жетекшілік жасайтын камералық оркестр, «Самұрық», «Сазген сазы» секілді өнер ұжымдары жұмыс істейді.
– Бірақ, кейінгі әндеріңіз жұрт сүйіп тыңдаған «Ауылға», «Ағаларым», «Ата дәстүрі» секілді танымал бола алмады ғой?
– Мүмкін, ол талғамның, өлшемнің өзгеруінен болар. Халықтың бүгінгі музыкалық сұранысын, негізінен, жастар қалыптастырып отыр. Әнді айтатын да, жазатын да, концерттерге баратын да – солар. Үлкен буын да барады, әрине, бірақ олардың үлес салмағы тым аз. Ал, жастардың талғамындағы ән де, әнші де басқа қазір.
– Мерекелік думанды кештерге, музыкалық жобаларға шақырыласыз ба?
– Бұрынғыдай жиі шақырмаса да, ұсыныс-тілектер түсіп жатады. Құдай басқа салмасын, ән өнеріндегі қазіргі «бәсекелестердің» жанында жіп есе алмайтын болдық. Жол бермейді. Осының бәрі телевизиядағы саясаттың салқыны ма деймін. Мысалы, Ресей телеарналарындағы жаңажылдық, яки басқа бір мерекелік думанды сауық кештерін алып қараңызшы. Алла Пугачевасы мен София Ротаруы бастап, Лев Лещенко, Юрий Антонов, Александр Буйновтары тізіліп отырады. Қазақ ән өнері үшін дәл сондай еңбек сіңірген Болат Әбдиахметов, Сембек Жұмағалиев, Ақжол Мейірбековтер маңдайы жарқырап неге отырмайды сондай кештерде?
Кәсіби әнші болу қиын. Тойға ғана жарайтын жеңіл әндермен өнер жасай алмайсың. Жақсы ән тудыру үшін тер төгу керек. Мекеменің қызметкері сегіз сағат қалай жұмыс істесе, бір әннің тағдыры үшін әнші де дәл солай еңбектенуі керек. Өйткені, ән болашаққа қалады. Ол әннің тарихында осы кезеңде өмір сүрген адамдардың көңіл-күйі, жан сезімі, аңсар-арманы сезіліп тұруы тиіс. Меніңше, ән осындай болса ғана, өнер ретінде міндетін орындайды. Иірімі де, қайырымы да бір-бірінен аумайтын он шақты ән жазғанша, сапасы да, салмағы да жоғары бір-ақ ән жаздырса, әттең, өнерді айтпағанда, әншінің өзі үшін де әлдеқайда пайдалырақ болар ма еді.
– Сіздің жаныңызға жақын композитор кім, бәлкім, заманауи жақсы композиторға кезіксеңіз, бәрін өз орнына қоюға болар?
– Қазір Мақсат Жәутіковпен жұмыс істеп жүрмін. Өйткені, әр әншінің тыңдарманына айтқысы келетін ойы, сыры болады, өзінің өмірлік ұстанымымен, көзқарасымен бөліскісі келеді, ал осыны әншінің даусына сай етіп, үйлесімді жазып беретін композитор сирек. Кейінгі композиторлардың ішінен «МузАртпен» бірге шығармашылығын өрістеткен Арман Бексұлтанның музыкалық талғамы мен қарымы қызықтырады. Арманмен де байланыс орната бастадық, нәтижесі келешекте көріне жатар.
Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ