Ресейдің эстрада жұлдызы Тиматидің автокөлігі айып тұрағында 11 жыл бойы «қамауда» тұрғандықтан, сатылымға шығарылатын болды. Бұл туралы әйгілі әншінің өзі Инстаграмдағы парақшасында жазып, сенімді өкілін Петропавл қаласына жіберуге уәде еткен. Ондағы мақсат – сатып құтылу, ал одан түскен қаржыны жетім балалар үйіне тапсыру.
Танымал рэпердің төрт доңғалақты «темір тұлпары» теріскейге қалай «адасып» келген деген сауалға газет оқырмандары бас қатырмас үшін жауап бере кетейік. Тимати Мәскеуде гастрольдік сапарда жүргенде «Ауди ТТ» қымбат спорттық көлігін біреулер үптеп кеткен. Қолдан-қолға өтіп, бірнеше мәрте сатылған автокөлік ақыры Қызылжар өңірінен бір-ақ шыққан. Нөмірі жоқ, ешқандай тіркеуге алынбаған автокөлікті қырағы көз тәртіп сақшылары байқап қалып, айып тұрағына қоюға мәжбүр болған. 11 жыл бойы иесі іздеу салмағандықтан, қаңтарулы күйде тұра берген.
Автотұрақ басшылығының мәлімдеуінше, көлік қылмыстық істің заттай айғағы болғандықтан, сатуға тыйым салынған. Әйтпесе, саудаласушылардың қатары жыртылып айырылатын көрінеді. Ең жоғары баға 1 миллион теңге төңірегінде. Өйткені, жылдың төрт мезгілі бойы қардан, жауын-шашыннан көз ашпаған көліктің он екіде бір нұсқасы қалмаған сыңайлы.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы