• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2017

Мыңбұлақ

1245 рет
көрсетілді

Мыңбұлақ! Қаламгер Шерхан Мұртаза да өзінің «Ай мен Айша» деген кітабында бала күнінен көріп өскен Мыңбұлақтың қадір-қасиетін ерекше шабытпен суреттейді. Ал Мыңбұлақ туралы тарих не дейді? Ел мен жердің шежіресі тарихтың тағылымына ұла­сады. Тарихқа зер салсақ, Мың­бұлақ туралы көне деректі ежелгі қытай жиһангер-сопысы Сюань-Цзяньның 630 жылдар шамасында жазған сапарнамасынан кездестіруге болады. Ол Мыңбұлақ өңірінің жанға жайлы екендігін тамсана жазып, ол жерді жаз мезгілдерінде түркі хандары Түркібасыдан келіп мекендейтінін баяндайды. Сондай-ақ, атақты тарихшы Лев Гумилевтің «Көне түр­кілер» кітабында «Бұл жерге Ызбарлы хан (Естемес хан­ның бесінші ұрпағы) 651 жылы атасының жазғы мекені Мыңбұлаққа арнайы қала салдырып, ордасын тікті» деген жолдар бар. Сонымен қатар Мыңбұлақ хақында араб жиһан­гері Убейдуллаһ Ибн Абдуллах Ибн Хордатбектің де қолжазбаларында жазылған құнды деректер күні бүгінге дейін маңызды болып отыр. «Бұл Мыңбұлақ (Абарджадж) үлкен төбе, оның айналасынан мыңдаған бұлақтар ағып шығады», деп жазады араб жиһангері. Ал 1246 жылы Арыс өзенінің бойындағы Ұлы Жібек жолының сүрлеуімен жүріп өткен римдік Плано Карпинидің де ежелде Мың­бұлақ қаласының болғаны туралы жазғаны бар. Көне тарихтың жазуынша, бұл жерде үлкен қала болған делінеді. Ал қаланың қазіргі орны Жуалы ауданының Оң­түстік Қазақстан облысының Түл­кібас ауданымен шек­тесер жеріндегі Шақпақ темір жол бекетіне оңтүстікке қарай бір шақырым жерде. Зерттеушілердің пайымынша, Арыс өзенінің басы осы төбенің батысынан басталатын бұлақтардан құралады делінеді. Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұса Шоңбаевтың айтуынша, бұл жердің кез келген жерінде бұлақ болған. Әлі күнге дейін тас бұлақтың суындай мөлдіреп шыққан бұлақтар көздің жауын алып, әсіресе жаз мезгілінде белуардан келетін шөп табиғаттың әсем көркін танытып тұрады. Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы