Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты кезекті Жолдауының басым бағыттарын түсіндіру және насихаттау мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев Астана қаласы Кәсіподақтар орталығында болып, қалалық кәсіподақтар өкілдерімен кездесті.
Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев Мемлекет басшысының Жолдауында жаңа жағдайда сала-сала бойынша қандай ауқымды шаралар атқарылуға тиіс екенін айқындап бергенін айта отырып, бұл істе кәсіподақтар бірлестігінің де атқарар ісінің біраз екенін тілге тиек етіп, сөз кезегін Парламент депутатына ұсынып, көпшіліктен пікір алмасуларын, көкейде түйінделген сұрақтарға жауап алуларын айтып өтті.
Мәжіліс депутаты Павел Казанцев: «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы аса маңызды стратегиялық сипатқа ие деп айта аламыз. Әлемдік экономикадағы және мемлекет ішіндегі күрделі жағдай кезінде Елбасының осы Жолдауын жаһандық сын-қатерлерге деген өзіндік жауап және «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыруға арналған жүйелі де нақты жоспар ретінде қарастыруға болады. Сондықтан да Қазақстанның жаңғырудың жаңа кезеңіне көшуі Жолдаудың негізгі мақсаты болып отыр. Ал бұл істе өздеріңіздей дүйім жұртты біріктіріп отырған үлкен ұжымға жүктелер жауапкершілік те ауқымды» дей келіп, Жолдаудағы технологиялық революцияға тоқталып, бұл орайда Қазақстанның күн тәртібінде «жасыл экономиканы» дамыту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру міндеттері тұрғанын, осыған орай «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы «Қазақстанның Ұлттық технологиялық бастамалары» атты жаңа даму жоспары айрықша маңызға ие екенін айтып өтті.
Сондай-ақ кездесу барысында депутатқа кәсіподақ өкілдері тарапынан сұрақтар қойылып, кей мәселелер жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан»