Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Никитинская, «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалының төрағасы Дмитрий Васильев және төрағаның орынбасары Ерлан Ақжолов Алматы қаласындағы А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми-хирургия орталығында ақ халатты абзал жандармен кездесу өткізді.
Жиын барысында депутат аталған мекеме ұжымының алдында Мемлекет басшысының биылғы Жолдауына кеңінен тоқталып өтті. Ал Елбасының Үндеуі демократиялық даму жолындағы тарихи шешім болғанын ерекше атады.
«Қазір еліміздің барлық өңірлерінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мен демократиялық өзгерістерге қатысты Үндеуі қызу талқыланып жатыр. Елбасы Үндеуде конституциялық заңдарға өзгерістер енгізіп, қазіргі мемлекеттік басқару жүйесін жаңартатын кездің келгенін айтып, мұндай қадам заман талабынан туындап отырғанын жеткізді. Шындығында, ең алғаш Тәуелсіздік алған жылдарда бізге президенттік басқару тетігі қажет болған еді. Оның нәтижесінің қандай болғанын біз көріп отырмыз. Ширек ғасыр ішінде біз әлемнің ең алпауыт мемлекеттерімен теңесетін мемлекеттер қатарына кірдік. Бәсекеге қабілетті Қазақстанға айналдық. Осынау табысқа толы 25 жылдан соң біз жаңаша қадам басып, жаңа дәуірдің есігін ашқалы отырмыз. Аталған бұл қадам Парламент пен Үкіметке үлкен жауапкершілік, сенім жүктейді», – деді Е.Никитинская.
Жиын соңында А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми-хирургия орталығының директоры Болат Баймаханов клиниканың тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ