• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2017

Жолдаудың басым бағыттары талқыланды

199 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Алматы облысына жұмыс сапары барысында Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылындағы «Хильниченко и К» шаруашылығында болып, аудандық медицина өкілдерімен және аудан халқымен кездесті. Басты тақырып Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы Үндеуі мен жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы болды. Н.Нығматулин атап өткендей, бұл екі құжат, шын мәнінде, Қазақстанымыздың алдағы даму жолының стратегиялық жос­пары. Ұсынылып отырған басқару реформасы Елбасының болашақты ойлайтын, дана саясатының тағы бір нақты көрсеткіші. Сонымен бірге, бұл – Президенттің демо­кратиялық ұстанымды күшейту жолындағы тарихи шешімі. Ал Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы – еліміздің тарихи белесін бастаған өте маңызды құжат. Мәжіліс Төрағасы: «Онда Елбасы Қазақстан дамуының жаңа бағыттарын белгілеп берді. Әсіресе, ұлттық экономиканы көтеруге ерекше көңіл бөлді. Бұл ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын күшейтуге ықпал етеді», – деді. Одан әрі палата Спикері Жолдаудың әрбір басымдықтарына, болашақ мақсаттарға тоқталды. Оны жүзеге асыруға белсене қатысу әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті екенін тілге тиек етті. Айта кетейік, аталған ауылдық округте 16 мыңдай халық тұрады. 3 мың бала қамтылған 7-білім мекемесі жұмыс істейді. Ауылда былтырдың өзінде 23,4 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірген 129 шаруа қожалығы тіркелген. Солардың бірі – «Хильниченко и К» серіктестігі. Ол – 567 шағын шаруашылықтың басын қосып отырған ірі қожалық. Иелігіндегі 39 мың гектар жердің 37 мыңын ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланады. Қант қызылшасын өсіруге ерекше ден қойған шаруашылық биыл 333 гектар жерге аталған көкөніс түрін еккен. Н.Нығматулин Жолдаудың аграрлық секторды қолдауға серпін беретін тұстарына ерекше назар аударды. Ал ауыл халқымен жүздесуде Жол­даумен бірге, саяси жүйені реформалау мәселесіне де көңіл бөлген палата Спи­кері ең әуелі тиімді президенттік басқа­рудың арқасында 25 жыл ішінде жеткен толағай табыстарға тоқталды. Ол жүйе Қа­зақстанды барлық қиындықтардан аман алып шығып, әлем таныған әйгілі мемлекетке айналдырды. Ал жаңа реформа осы даму жолымыздың заңды жалғасы бола отырып, елді басқарудың жаңа талаптарға төтеп бере алатын, тиімді, тұрақты, заманауи жүйесін құруды қамтамасыз етпек. Кездесу барысында ауыл халқын тол­ғандырған әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмады. Тұрғындар жергілікті өзін өзі басқару, субсидия бөлу, ауыл жолда­рын жөндеу, денсаулық сақтау, білім беру мә­се­лелері бойынша өзекті сұрақтарды алға тартты. Әлеуметтік тақырып Мәжіліс Төр­аға­сының аудандық емхана өкілдерімен кез­десуінде де әңгіме өзегіне айналды. Тұр­ғындарға қолайлы болу үшін мұнда «Ке­зексіз емхана» бағдарламасы енгізілген. Ме­кемеде адам денсаулығына қатысты сала­лардың барлығы дерлік тиісті деңгейде қыз­мет етеді. Ақ халаттылар Елбасы белгілеген маңызды міндеттер емхана жұмысының сапасын арттыра түсуге ықпал жасайтынына сенім білдірді. Өз кезегінде «Aluminium of Kazakhstan» жұмысшылары да Елбасының стратегиялық бастамаларын толықтай қолдайтындығын жеткізді. «Aluminium of Kazakhstan» ЖШС – алюминий профильдерін өндіретін толық циклды жоғары технологиялық зауыт. Зауыт құю цехынан, 1540 және 2400 қысқа тоннаға арналған екі престен тұрады. Зауыттың жалпы ауданы шамамен 14 мың шаршы метрді құрайды. Технологиялық үдеріс бастапқы алюминийді өңдеу арқылы дайын өнімнің 280-нен астам түрін шығаруға мүмкіндік береді. Зауыт жылына 12 мың тоннаға дейін өнім шығарады. Алматы облысына сапары туралы Н.Нығматулин: «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси реформаға арналған Үндеуі және биылғы тарихи Жолдауы Алматы облысында да үлкен қолдауға ие болды. Осы кездесулер біздің Президентіміздің жаңа даму бағыттары халқымызға ерекше серпін беретінін дәлелдейді. Осы қолдау, осы сенім алдағы биік мақсаттарға жетудің басты кепілі екені сөзсіз», – деді. Мәжіліс Спикері атап өткендей, Ел­ба­сының барлық бастамалары қа­зақ­стан­дықтардың өмір сапасын жақсартуға, бас­қару тиімділігін арттыруға, ұзақ мерзімді эко­но­микалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталғанын сайлаушылар жете түсі­неді, сондықтан да бүкілхалықтық қол­дауға ие болуда. Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары Жол­даудың мақсат-міндеттерін халыққа жет­кізу, түсіндіру, насихаттау мақсатында аймақ­тарды аралап, тек облыс орталықтарын ғана емес, әрбір ауылды, шалғайдағы елді ме­кен­дерді де қамтуда. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы