• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2017

«Алатау» технопаркінің жұмысымен танысты

249 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Алматыдағы «Алатау» инновациялық технологиялар паркінде болып, арнайы экономикалық аймақтың соңғы жетістіктерімен танысты. Алматы қаласының әкімі Бау­ыр­жан Байбек мамандар атқарып жатқан шаруалармен таныстыру барысында, жаңа­лықтардың аз емес екенін атап өтті. Мәселен, біраз уақыт шу болған «Оңай» картасын енгізудің толықтай жүзеге асып болғанын, алдағы уақытта аталған төлем картасының қол­дану көкжиегін кеңейте түсуді көздеп отырғанын айтты. Қазірдің өзінде Шымбұлаққа баратындар «Оңай» картасын қолдана отырып, баяғыдай ұзын-сонар кезекке тұрудан құтылады. Сондай-ақ, төлем картасын қолданушыларға тарифті төмендету мәселесіне де тоқталды. «Бір реткі төлем мен карта арқылы төлемнің арасында айырмашылық болғаны жөн», – дейді қала әкімі. Үкімет басшысының сапары барысында КБТУ Теңіз академиясына қарасты бұрғылау тренажерінің ерекшелігі таныс­тырылды. Мамандардың айтуынша, бұрын бұрғылауды үйрену үшін қазақстандықтар шет елдерге шығуға мәжбүр болатын. Шет ел, әрине, қымбатқа түседі. Қомақты қаржы шығындап (1 млн 200 мың АҚШ доллары) ор­натылған бұрғылау оқу-жат­тығу құрылғысы әлемнің кейбір қа­ла­ларында ғана бар көрінеді. Ақпан айының 14-нен бастап 13 студент арнайы курс­тан өтеді. Ал­ғашқы түлектер де солар бол­мақ. Өз елімізде әлдеқайда ар­зан­ға түседі деген бұл құрал ар­қы­­лы тәжірибеден өтудің бір ап­та­лық курсы – 300 мың теңге. Бір артықшылығы, бұл жерден ал­ған сертификат әлемнің кез кел­ген елінде жарамды бол­мақ. Сон­дай-ақ, Алматының кө­шелері­не орнаты­лып жатқан жол қозғалысын бақы­лайтын ақылды камералар, қа­ру сата­тын дүкендерге орнаты­латын қа­уіп­сіздік дабыл қағу тетіктерінің заманауи артық­шы­лықтары сөз болды. Министрлер Кабинетінің Төр­ағасы «Алатау» технопаркінде ор­наласқан ақпараттық және электронды аспап жасау, энергияның жаңа көздерін табу, табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, мұнай-газ өнімдерін өңдеу технологияларын жетілдіру сияқты салаларды дамытуға бағытталған басқа да нысандармен танысып, өз бағасын берді. Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ