Ел газеті «Егемен Қазақстанның» өткен жылдың 17 тамызындағы санында журналист Раушан Нұғманбекованың «Қаһарманның зираты қараусыз қалды» деген мақаласы жарық көрген еді. Ол мақалада Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің зиратының біраз жері үгітіліп, жағдайы төмендеп кеткендігі және ерекше күтімге алу қажеттігі туралы айтылған-тын.
Мақала шыққан соң Семей қаласындағы желтоқсан оқиғасына қатысушыларға Қазақстанның түкпір-түкпірінен көптеген адамдар хабарласып, алаңдаушылық білдірді. Біз 2016 жылдың 16 желтоқсаны күні Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы және Қайрат Рысқұлбековтің 50 жасқа толуына байланысты, қала сыртында орналасқан қаһарманның зиратының басына бардық. Тәуелсіздік үшін құрбан болған Қайраттың рухына арнап, Құран-қатым бағыштадық. Сол жерге бір топ желтоқсаншы, яғни бізбен бірге маңайдағы халық та келіп, жиналып, оның аруағына тағзым етті.
Шынында да, зираттың тозып бара жатқандығын, тастарының сынғандығын, мүлде қараусыз қалғандығын өз көзімізбен көрдік. Бірақ, қазір қыс уақыты болғандықтан, сықырлаған сары аяз бірден жөндеу жұмыстарын бастап кетуге мүмкіндік бермеді. Сондықтан да күн жылына келе Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің зиратын толықтай жөндеп шықпақпыз.
Семей жері – ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтардың аяулы алтын бесігі, қасиетті топырақ. Күні кеше Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевты да қиын-қыстау кезеңде бауырына басып, паналатқан. Олай болса, қасиетті ел Қайраттай ұлын да далаға тастамайтынына сеніңіздер. Оның зираты қараусыз қалмайды. Мәселені дер кезінде көтерген ел газеті «Егемен Қазақстанға», редакция ұжымына Қазақстандағы барлық желтоқсаншылар атынан үлкен рахметімізді айтамыз. Әрдайым халық игілігіне қызмет ете беріңіздер.
Бақытжан ОРАҚБАЕВ,
І дәрежелі прокуратура озаты, прокуратура органдарының зейнеткері
СЕМЕЙ