• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2017

Мерейді үстем етті медаль саны

299 рет
көрсетілді

Қысқы Универсиаданың дәстүрі бойынша жарыстың ең соңғы күні ең соңғы ойын әдеттегідей ең қызықты спорт­тық ойын түріне – шайба­лы хоккейге берілетіні бар десек, ол рәсім Алматыда да бұзылмады. Қазақстан мен Ресей арасын­дағы хоккейшілер өте тамаша ойын көрсетті. Әдетте, футболда 3-4 доп­тан жоғары гол салынған жағдайда «хоккейдің есе­біндей» болды деп көтер­мелеп жатар еді. Бүгінгі ойын, керісінше, «футболдың есе­біндей» болып үш кезеңде жалғыз шайба соғылып, ақырғы ойын 1:0 есебімен Ресей командасының пайдасына шешілді. Қазақстан хоккейшілері Универ­сиаданың ең соң­ғы кү­міс ме­далымен ма­ра­патталып, Алматыдағы жас­­тық жігердің аламан жары­сын аяқтады. Универсиада ойындары жабылатын күні – ертеңгісін шаңғышыларымыз 30 шақы­рымдық классикалық стильдегі жарысқа шық­ты.Шаңғышы Сергей Малы­­шев масс-старттың қоры­тындысы бойынша Қазақстан қоржынына 35-ші медальды, яғни 17-ші қола жүлдені алып келді. Барша қауымның көңі­лінің тоғайып отырған жайы бар. Қысқы спорт түрі­нен өткен бәсекеде Қазақ­стан спортшылары бұрын-соңды мұндай спорт­тық нәтижеге қол жеткізіп көрмепті. Ең соңғы өткен Испа­нияның Гранада (2015 ж.) қаласындағы Универ­сиадада еліміздің спортшы студенттері 5 алтын, 2 күміс, 7 қола медаль алған еді. Алматыда ол көрсеткіш жалпы есеп бойынша 3 еседен асып жығылды. Барлығы 36 медальдың – 11-і алтын, 8-і күміс, 17-сі қола жүлде. Бұл өзі мерейді үстем еткен маусым болды! Саны жағынан Алма­тыға ең көп келген Ресей­дің 219 спортшысы өз жан­күйерлерінің үмітін ақтады. ХХVІІІ Дүние­жүзі­лік қысқы Универсиада ендігі кезекте 2019 жылы Ресейдің Сібір аймағында – Красноярск қаласында өтеді. Қазақ жерінде лайық­ты ойын өрнегін көрсет­кен Оңтүстік Корея мемле­кетінің спортшылары Қазақ­станмен иық түйістіре жү­ріп, 11 алтын, 5 күміс, 5 қоламен үшінші орынға табан тіреді. Жапония, Қытай спортшылары 6 және 5 алтын медальмен төртінші және бесінші орынды бөлісті. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ
Соңғы жаңалықтар