• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2017

Абаев: Өткен жылы зорлық-зомбылықты насихаттайтын 110 мыңнан аса материал жойылды

186 рет
көрсетілді

2016 жылы зорлық-зомбылық пен суицид идеяларын насихаттау белгілері бар құқыққа қайшы 110 мыңнан астам материал жойылды. Бұл туралы бүгін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Министрлік заңнама талаптарының сақталуын қадағалау үшін ақпараттық алаңға мониторингті тұрақты негізде жүргізеді және бұл соңғы уақытта барынша өзекті бола түсті. Құқыққа қайшы контент көлемі бұрын-соңды болып көрмеген ауқымға ие болды. Бұл ретте біздің азаматтарға, әсіресе, жасөспірімдер мен балаларға деструктивті ықпалды ескермесе болмайды. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер», - деді министр. Оның айтуынша, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі құқыққа қайшы контенттермен күресте шетелдік жетекші әлеуметтік желілерімен және іздеу қызметтерімен тығыз ынтымақтастықты жолға қойған. «Бұл жұмыстар жалғасатын болады. Аталған жұмыста мәселелерді ескерту тәртібімен шешуге басымдық берілген», - деді ол. Министрдің сөзіне қарағанда, өткен жылы 150 мыңнан астам ақпараттық материалға қатысты 500 ескерту хаты жолданған. «Нәтижесінде меншік иелелері терроризм мен діни экстремизм, зорлық-зомбылық пен суицид идеяларын насихаттау белгілері бар құқыққа қайшы 110 мыңнан астам материалды жойды. Мұнан бөлек, 31 мыңнан астам ақпараттық материалға қатысты ұйғарым шығарылды. Оның 26 мыңнан астамы зорлық-зомбылық пен суицидті насихаттау мазмұнында болған. Сот органдарына 164 сілтеме мен интернет ресурсқа қатысты 17 талап-арыз беріліп, сәйкесінше шешім қабылданды», - деді Абаев.