Студенттер арасындағы бәсекенің басталар алдында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Универсиадада топ жарған спортшылар 4,9 миллион, күміс жүлдегерлер 3,3 миллион, ал қола жүлде алғандар 1,6 миллион теңге көлемінде сыйақы алатынын айтты. Сонымен қатар, шәкірттері жүлдегерлер қатарына іліккен бапкерлер де құр қол қалмайтынын жеткізген.
Универсиада ойындарында Қазақстан құрамасы 11 алтын, 8 күміс және 17 қола, жалпы саны 36 жүлде жеңіп алды. Сөйтіп командалық есепте тек Ресейді алға жіберіп, екінші орынға тұрақтады.
Алтын медаль жеңіп алған спортшылар үшін 63 миллион 700 мың теңге, күміс медаль алған спортшылар үшін 125 миллион 400 мың теңге, қола жүлдегерлер үшін 40 миллион теңге мемлекет қазынасынан бөлінетін болады. Vesti.kz мәліметі бойынша, спортшылар үшін 229 миллион 100 мың теңге төленеді. Дәл осындай көлемде жаттықтырушылары да сыйақы алады. Барлығын қоса есептегенде мемлекет тарапынан сыйақыға 458 миллион 200 мың теңге бөлінетін болады.
Универсиада ойындарында қазақстандық спортшылар арасында ең көп сыйақыны Галина Вишневская алады. Бұл спортшының Универсиада ойындарындағы сыйақысы (екі алтын, екі күміс) 16 миллион 400 мың теңгені құрайды.
Осы мөлшер бойынша екінші орында Анна Шевшенко. Ол 13 миллион алады. Шаңғышымыз бәсеке барысында бір алтын, бір күміс және екі қола жеңіп алды.
Фристайлшы Дмитрий Рейхард пен Юлия Галышевалардың сыйақысы – 9 миллион 800 мың теңге. Бұл екі спортшы Универсиадада екі алтын алған.