Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауы мен билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуін түсіндіру мақсатында өңірге арнайы келген Парламент Мәжілісі депутаттарының жұртшылықпен кездесулері жалғасып жатыр.
Парламент Мәжілісінің депутаттары Уәлихан Қайназаров, Василий Олейник пен Амангелді Дәуренбаев Өскемен қаласында бірнеше кездесу өткізді. «Денсаулық сақтау саласының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне өтуі экономикалық тұрғыдан алғанда медициналық мекеменің жағдайына байланысты болмақ, – деді Уәлихан Қайназаров «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ жұмыскерлерімен өткен кездесуде. – Егер экономика дамитын болса, елдің табысы да артады. Сол арқылы медициналық сақтандыру қорына түсетін түсім көбейеді. Алайда, азаматтарға өзінің денсаулығы үшін бірінші кезекте жауапкершілікті өзі алатынын, содан кейін ғана дәрігерлер мен мемлекет тұратындығын жеткілікті түрде түсіндіру қажет».
Аталған үш депутат қаладағы №1 ауруханада өңірдің денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. «Елбасының биылғы Жолдауы – мемлекетіміздің дамыған 30 елінің қатарына қосылуына ықпал етіп, экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған құнды құжат. Ең алдымен, Жолдауды іске асыратын сіз бен біздер екенін естен шығармағанымыз абзал», – деді Василий Олейник.
Халық қалаулылары Мемлекет басшысының билік тармақтарын қайта бөлу жөніндегі Үндеуі Үкімет пен Парламенттің жауапкершілігін арттырып қана қоймай, ел дамуына тың серпін беретінін де тілге тиек етті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН