• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2017

Уытқұмарлық ұрпағымызды уламасын

788 рет
көрсетілді

Өткенде бір әріптесім мұң шақты. Мұғалім мұңын мұғалімнен басқа кім түсінер? Көңіліндегі кейістігін бүкпеді. Сөзінен торығу сезілді. Тіпті сүйікті кәсібінен көңілі біржола суығандай екен. Ашқан қарнына емес, қашқан қадіріне ашынғандығы аңғарылды. Торыққаны тегін болмады. Әріп­тесім өз мектебінде сынып же­тек­шісі еді. Күнделікті қызметі ке­зінде шәкірттерінің бірі­нің сабаққа құ­лықсыздығын, үне­мі шаршаңқы күй­де жүргенін бай­қап, зерттеу жү­р­­гізсе керек. Б­а­қылау барысында қоршаған ор­та факторы, отбасы фак­­т­оры, әлеуметтік фактор – бәрі де мансұқталып, көп ұзамай манағы оқу­­шының уытқұмарлыққа үйір бо­ла бас­тағанын анықтайды. Бай­ламы әб­ден бекиді. Баламен оңашада сы­пайылап сөйлескені, психологпен кеңескені нәтиже бермейді де, бол­ған жайды ата-анасына жұқалап жет­­кізеді. Бірақ айқай-шу осыдан кей­ін басталады. Кей ата-ананың мұғалімді бала көзінше мұ­қа­тқысы, тұл­ғалық, мұғалімдік мәр­те­бе­сін оқушы көзінше табанға тап­та­ғы­сы ке­ліп тұратыны бар емес пе, сол жағдай қай­т­аланады. «Жапалақпен тасты ұрсаң да, таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өле­тіні» секілді, нә­ти­жесінде бар жайға кі­нәлі мұ­ғалім болып шыға келеді. «Жы­­ғыл­ған үстіне жұдырық» демекші, ата-ана­ның жаласы аз бол­ғандай, мектеп бас­шылығы да мұғалімді әбден тұқыртып, сө­гіс бергізеді. Ұзақ-сонар әң­гі­менің қыл­­дай қысқасы осы. «Мен міндетімді адал атқардым ғой, сонда баланың уыт­құ­мар­лық­қа үйрене бастағанын ата-ана­сына құ­пиялап ескертіп, бұл жол­дан бірлесіп қай­­тарайық деп өтінгенім үшін жа­зық­ты­мын ба?» деп шырылдағанда, шы­­ны керек, әріптесіме жақ ашу­ға жа­­рамадым. Тек сабырға ша­қырдым. Байыптасақ, мұндай жағдай бір мектепте ғана болып қал­май­ды екен. Әдетте, қай бі­лім мекемесіне бармаңыз, мас­кү­немдік, шылым­құ­мар­лық, наша­қор­лық, ЖИТС сияқ­ты індеттерге қарсы іс-ша­ралар жүйе­лі өткізіліп, дә­лел­демелері тап-тұйнақтай жи­нақталып жата­ды. Тү­бінде тексерушіге де кере­гі сол: қа­ғазың түзу болсын. Сырт­тай қарағанда, бәрі тамаша. Кейде «мектептің абыройы үшін», «бас­шы­ның басшы алдын­да қы­зар­­мауы» үшін жау­ырды жаба тоқитын кез де кезікпей қалмас. Десек те, ондай жалған абырой опа бермейді. «Ауруын жасырған – өледі» демей ме халық. ...Біздің мектеп қабырғасында оқы­ған кезіміз – сексенінші жыл­дар. Сабақтан тыс кезде бау-бақ­шада ата-анамызға кө­­мек­тесетінбіз. Бір жылы картоптың «ко­­лорадо қоңызы» дейтін жауы пайда бол­ды. Жұрт жаға ұстады. Бір жылы кә­дім­гі сарымсаққа құрт түсті. Ащы екеш ащыға да құрт түскенде біздің ауылдың адамдары аң-таң болған. Ал, енді бүгін оған ешкім таңданбайды. Қалыпты жағдайға айналған. Қисыным қиыспай тұрса, ғафу етіңіздер, білім саласы да сондай. Қазір оқу ошақтарында келеңсіз жай көбейіп кетті. Мек­тепте былтыр, не бұрнағы жы­лы болып көрмеген тосын жағ­дай орын алып жатса, әуелі та­ңырқайсың. Арада бірер ай өт­кен соң, таңырқағаның таңсық болмай қалады. Қазір білім ұяларында жан жүд­е­тер жайлар үдеп бара жатыр. Соның бірі – уытқұмарлық, яки токсикомания. Ол – эйфория туғызғанымен, құ­қық­тық тұрғыда есірткілік заттар қатарына жат­қызылмаған, уытты заттарды тұтынғанда пай­да бо­латын шектен тыс құнығу жағ­­дайы. Сырттай қарағанда, дау­рығатын да, даурықтыратын да түк жоқ сияқты. Себебі есір­ткі заты емес. Одан бөлек сіз де қарсы уәжіңізді келтіресіз: то­к­си­­комания біздің оқушы ке­зі­мізде де ауық-ауық кездесіп қа­лушы еді, біз де бозбала ша­ғым­ыз­да ата-анамызға біл­дір­мес­тен ан­да-санда ептеп ұрт­тай­тынбыз, шы­лымның да тү­ті­ніне талай қа­қалғанбыз дерсіз т.б. Балаңыздан өзіңізді көресіз. Оның­ темекі тартпайтынына, сіз­­д­ің жас­ кезі­ңіздегідей жасырынып ішім­дік ішпейтініне қуанасыз. Бі­рақ күн­дер­­дің кү­нінде... Сізге ба­ла­ңыздың сы­­­нып жетекшісі хабар­лас­ты. Жо­­лығып сөйлескенде ұлы­­ңыз­дың уытты затқа ессіз елі­те­тін әдет тапқанын айтты делік. Со­ны екі жақ­тап қадағалап, те­ріс әре­кеттен ары­лтуға кө­мек­тес­уі­ңіз­ді сұрады. Бұл жағдай сізге қа­лай әсер етеді? Сөздіктерге сүйенсек, токсикомания – булармен, газдармен демалу. Оның кейбір түрлері тұрмыста қолданылатын аце­тон, бензол арқылы таралады. Бұл – ері­тінділер, тазартқыштар, синтетикалық же­лім­дер, бояулар, дақтарды кеті­ре­тін сұйық­тықтар т.с.с. Қазіргі уақытта 9-15 жас аралығындағы кейбір балалар көбіне желім, лак, әртүрлі хи­миялық препараттар секілді ден­сау­лыққа зиянды, уытты заттарды пай­даланады. Оларды пайдаланған кезде бастапқыда әлсіз масаңсу (эйфория) туындайды, содан соң есінің шатасуы, бейімделудің жоғалуы, құсу пайда болады. Кейбір заттар сандырақ, алдамшы қабылдау, елес, өзінің мүмкіндіктерінің шексіздік сезімін, ойлау қабі­ле­тінің бұзылуын, өзін-өзі ба­қы­лау­дың жоғалуын туындатуы мүм­кін. Баланың тұйық­талуы, күй­з­еліске түсуі, жиі ашулануы сияқты белгілер көбейеді. Уытты заттарды иіскеп, елі­ту­ге үй­рен­ген баланы анық­тау – ең қиыны. Ай­талық, оқу­шы сөмкесінен немесе киі­мі­­нің қал­тасынан ата-анасы қара­пай­ым тұр­мыстық желімді тапты делік. Сөз жоқ, оған көңіл ау­дар­майды. Аяқ киімін жөн­деуге пайдаланатын зат екен дейді де қояды. Бірақ дәл сіз іздеген зат манағы тұрмыстық же­лім болып шығуы мүмкін. Оның қарапайым бір түрі – ба­зарда сатылатын арзанқол «Монолит» желімі. Бұдан бөлек, «Супермомент» желімі, әр түрлі спрейлер де болуы ықтимал. Оны пайдалану тым оңай. Кез келген таса жерде целлофан қапшыққа кіш­ке­не тамызып, бірер минут иіс­кесе болғаны, ұза­май-ақ бала бойын­да ма­саң­дық сезімін тудыра бастайды. Осылайша, әуелі «бір көр­сем еш­теңе етпес» деп құрбы-құр­­дасына жай еліктеуден бас­тал­ған мұн­дай қы­зығушылық бірте-бірте уыт­құ­мар­лыққа апарып соқтыруы мүм­кін. Рас, есірткіге қарағанда көп­те­ген уытқұмарлық заттар­дың адам ден­сау­лығына қауіптілігі аздау. Бі­рақ оның алдын алып, себебі­мен кү­­рес­пе­се, соңы жағымсыз сал­дар­ларға жет­­кізетінін жоққа шы­ға­ру­ға болмайды. Әріптеске нені ұсынамыз? Иә, жаман әдетті ауыз­дық­тау­дан бұрын, әрине, әуелі оны анық­тау керек. Ол үшін балаға жа­ныңыз жақын болмағы жөн. Ата-анасына, дос-құрбысына айт­пайтын ішкі сырын сізге ай­татындай рухани жақындық қажет. «Адам жанының инже­нері» деген метафора сізге сол себепті берілген. Әйтсе де, баланың өсу ке­зе­ңіндегі әр­түр­лі психологиялық қа­лып-күйді бас­тан кешуі оны тұйық­та­лу­ға соқтырады. Демек, сізге елі­гіп жүрген нәрселер жайында өздігінен айта қоймас. Сон­дық­тан күнделікті іс-әрекеттегі зерт­теу­­ді үзбеген дұрыс. Сізге екінші кедергі ата-ана бо­луы мүмкін. Әрине, бірен-са­ра­ны ғана. Сіз оқушының уыт­құ­марлыққа үйірсектігін айта қалсаңыз, оған ауыр тиетіні сөз­сіз. Өзіңізді кінәлайды. Мұ­­ғалімнің жұмысы қатты қиын­дап бара­ды дегенге мұндай кө­­ріністер де себеп болуда. Де­ген­мен, са­быр сақ­та­ған жөн. Се­бебі, әлгіндей «әдет­ті» бас­қа кім­ анықтай алады? Сізден бас­қа кім түзетуші еді? Әбдіманап ТАСБОЛАТ, Сарыағаш ауданындағы №4 мамандандырылған мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Оңтүстік Қазақстан облысы
Соңғы жаңалықтар