Қайтқан құстан хабар күтетін уақыт өткен. Хабар-ошардың заманы дәуірлеп тұр. Ғаламторда ақпарат алмасып, жаңалықты жалпақ әлемге жариялап жатырмыз. Десек те, қолжазба, үшбу хат, газет-журналдардың орны бәрібір бөлек.
Жуырда «Қазпошта» акционерлік қоғамының облыстық филиалы Жаңаарқа аудандық пошта байланысы бөліміне қос бірдей автокөлік сыйлады.
Жағымды жаңалықты Жаңаарқа ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы «Қазпошта» акционерлік қоғамының жұмысына ауылдағы ағайын дән риза. Зейнетақысы зыр етіп, кешікпей келіп жатыр. Хат-хабар, әлеуметтік төлемдер уақытылы тасымалданып, сапалы қызметтен «Қазпошта» сүрініп тұрған жоқ. Дерекке сүйенсек, қос автокөліктің бірі – қаражат тасуға, екіншісі – пошта тасуға арналған көліктер екен. Олар аталған ауданға қарасты ауылдармен қатар, Қаражал қаласы, Жәйрем кентінің тұрғындары үшін қызмет ететін болады. Қос көліктің кілтін «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалының басшысы Жанбота Бөкенов тапсырды.
Жаңаарқа ауданының пошта байланысы бөлімінің басшысы Айман Тәжитова облыстық филиалдың басшылығына алғыс айтты.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Жаңаарқа ауданы