Парламент Сенатының депутаттары еліміздің аймақтарына жұмыс сапарларын одан әрі жалғастыруда, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Сенатор С.Бектұрғанов Қостанай облыстық және қалалық прокуратурасының, табиғатты қорғау, әскери және көлік саласы прокуратураларының жеке құрамдарымен кездесті. Кездесу барысында Президент Жолдауының негізгі ережелері мен конституциялық реформалар жан-жақты түсіндірілді.
Депутат өз сөзінде Мемлекет басшысының бес басымдығын іске асыру тетіктері туралы жан-жақты айта келіп, конституциялық реформалардың жекелеген ережелері бойынша пікір алмасты, сондай-ақ, бірқатар сауалдарға жауап берді.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері сот төрелігі мен прокуратура қызметін реттейтін заң ережелерін жетілдірудің маңызды екенін атап өтті. «Прокуратура – заңдылықтың сақталуын қадағалаудың биігі», – деді өзінің сөзінде С.Бектұрғанов.
* * *
Парламент Сенатының депутаты Дулат Құсдәулетов Өскемен қаласында бірқатар кездесулер өткізді. Сенатор Шығыс Қазақстан облысы активінің алдында Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының негізгі ережелерін түсіндірді.
Д.Құсдәулетов Елбасы бастамаларын іске асыру барысында аймақты дамытудың көрсеткіштеріне басымдық беру қажет екенін атап өтті. Жолдауда экономиканы, оның ішінде ауыл шаруашылығын өркендетуге бағытталған шаралар көзделіп отыр. Оны әр азаматқа жеткізу қажет.
Еліміздің экономикасында шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға дейін жеткізу жөніндегі Елбасының алға қойған міндеті туралы айта келіп, депутат жергілікті басқару органдары кәсіпкерлерге көмек көрсетуі, оның ішінде субсидиялар мен несиелер бөлуде жәрдемдесуі тиіс екенін айтты.
Шығыс Қазақстан облыстық әділет департаментінің қызметкерлерімен кездесу барысында Конституцияға және бірқатар заңнамалық актілерге енгізілетін түзетулер егжей-тегжейлі талқыланды. Сенатор әділет органдарының қызметкерлерін осы маңызды өзгерістерге орай халық арасында талқылаулар ұйымдастыруға, орталық билік органдарына арналған пікірлер мен ұсыныстарды жинақтау мен әзірлеуге көмектесуге шақырды.
Д.Құсдәулетов облыстың сот атқарушы палатасында да болды.
* * *
Парламент Сенатының депутаты Манап Көбенов жұмыс бабындағы сапармен Павлодар облысындағы Шарбақты ауданында болып, мәслихат депутаттарымен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың басшыларымен және ардагерлермен кездесті.
Кездесудің басты тақырыбы Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан туындайтын басты міндеттер болды. Сенатор Президент өкілеттіктерін қайта бөлу, Парламенттің міндеттерін кеңейту және Үкіметтің заң шығару органына есеп беруі секілді қоғамда кеңінен талқыланып жатқан мәселелерге орай өз ойын ортаға салды.
Сондай-ақ, ол экономиканы жедел жаңғырту жөніндегі Елбасы алға қойған міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталды. Оның аясында сандық технологияны қолдану, экономиканың базалық салаларын дамыту және еңбек нарығын жаңартуды көздейтін үш кешенді міндет жүзеге асатын болады.
Депутат кездесу барысында ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысы мен техникалық саланың жас мамандарын әлеуметтік қолдау шаралары туралы сауалдарға жауап берді.
* * *
Парламент Сенатының депутаты Рашит Әкімов Ақмола облысында жұмыс сапарымен болып, Целиноград ауданындағы №96 темір жол разъезі мектебінің, Төңкеріс ауылындағы «Қадам НС» кәсіпорнының ұжымдарымен кездесу өткізді.
Жүздесулерде Президент Н.Назарбаевтың конституциялық реформа жөніндегі Үндеуі мен биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттер жайында жан-жақты әңгіме болды. Талқылау барысында Елбасының жаңа саяси шешімдері, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, еліміздің үшінші жаңғыруына орай алдағы міндеттер, сондай-ақ, Негізгі Заңдағы 26-бапқа байланысты әңгіме өрбіді.
Билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, Үкімет пен Парламентке берілетін қосымша құзыреттер, жергілікті өзін өзі басқарудағы жаңа қадамдар жан-жақты талқыға түсті. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауындағы шаруашылықтарды ірілендіру, кооперативтер ұйымдастыру, субсидия, жайылымдар, суармалы жерлер, зейнетақы мен жәрдемақы мәселелері де жан-жақты сөз етілді.
Сенатор Р.Әкімов конституциялық реформалар мен Президенттің жаңа Жолдауындағы басымдықтар туралы айта келіп, «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы халқымызды жаһандық дағдарыс қиындықтарынан алып шығатын бірден-бір жол» екенін атап өтті.
* * *
Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүрген Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов «Болашақ-Т» өндірістік-құрылыс компаниясының ұжымымен кездесті.
Сенатор шараға қатысушылармен конституциялық реформалардың мазмұны жайлы ой бөлісіп, Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының негізгі ережелеріне тоқталды.
Р.Ахметов компания келешегі зор кәсіпорындар қатарында екенін айта келіп, экономиканы инновациялық тұрғыда дамыту және жұмыспен қамту мәселелерін шешу мақсаттарына жауап беретінін атап өтті. Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткендей, қоғамды жаңғырту және халық өмірін жақсарту жөніндегі міндеттерді табысты іске асыру үшін барлық жағдай жасалатын болады.
Кәсіпорын қызметкерлері Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мен ұсынылған саяси реформаларды іске асыруға өз үлестерін қосатынын жеткізді.
* * *
Сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев аймаққа жасаған жұмыс сапары барысында Алматы облысының Талғар және Панфилов аудандарында болды.
Облыс активімен және тұрғындарымен кездесулер барысында билік тармақтарындағы өкілеттікті қайта бөлу туралы Мемлекет басшысының Үндеуі егжей-тегжейлі талқыланды. Депутат басқару жүйесін жаңғыртудағы Парламент палаталарының рөліне де тоқталды.
Тұрғындар Президенттің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын жүзеге асырудың нақты тетіктері туралы пікір алысты. Атап айтқанда, ауыл тұрғындарымен кездесулер барысында агроөнеркәсіп кәсіпорындарын субсидиялау мәселесі көтерілді. Шаруа қожалықтарының басшылары қажетті субсидияларды рәсімдеу барысындағы бюрократиялық кедергілерді жойып, несие ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік туғызу қажет деп санайды.
«Президент ауыл шаруашылығын экономиканың жетекші саласына айналдыру міндетін қойды, – деп еске салды Н.Қылышбаев. – Жолдауда Үкіметке және әкімдерге субсидия бөлу, өнім өңдеуді жақсарту, тауарларды тиімді сақтау, тасымалдау және сату қағидаттарын қайта қарау мәселелері де бар».