Қазақстандық шаңғышы Ольга Полторонина Австрияда өтіп жатқан әлем біріншілігіндегі допинг дауы жайлы өз пікірін білдірді.
«Кешке қарай бөлмемізге бейтаныс адамдардың топырлап келіп, қоршап алғанында қызық бір жағдайда қалдық. Өзімізді спортшы емес бейне бір қолына қару ұстап, террорлық шабуыл ұйымдастырайын деп жатқандар секілді сезініп қалдық. Алдымен допинг тексеріс болды, артынша полицейлер бүкіл бөлмелерді тінтіп шықты. Осыдан кейін бәрімізді алып кетіп, сұрақтың астына алды. Түні бойы көз ілмей шықтық. Мұның соңы біздің пайдамызға шешілетініне сенімдімін. Себебі, біз тыйым салынған дәрі-дәрмек қолданған емеспіз», – деді Полторонина.
Айта кетейік, бірер күн бұрын жанармай құю бекеттерінің бірінде белгісіз спортшылар медициналық қалдықтар салынған қораптар мен жарыс құжаттарын тастап кеткен. Міне, осылардың арасында қазақстандық команда дәрігерлерінің қағаздары табылған. Австрияның допингке қарсы ұлттық орталығы осыған байланысты спортшыларымыз орналасқан қонақ үйді тінтіп шықты. Р-Спорт мәліметіне сәйкес, тексеру жұмыстарына 30 полицей жұмылдырылған.