• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2017

Астанада Мемлекет басшысының Жолдауы талқыланды

192 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев, «Қазақстан жастары конгресі» ЗТБ Атқарушы директорының ресми өкілі Әлішер Тұрсын мен Қазақстан студенттері альянсының көшбасшысы  Мержан Әбілхас қатысты. Брифингте Д.Сүндетбаев Елбасының Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру үшін еліміздің барлық өңірлерінде тиісті жұмыстардың жасалып жатқанын, «Жас Отанның» аймақтық филиалдарының ұйымдастыруымен «Еркін пікір» алаңы мен «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында 48 кездесу өткізілгенін атап өтті. Сонымен бірге, ол еліміздің 14 облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында орналасқан базарларда мемлекеттік органдар мен мәслихат депутаттарының қатысуымен 36 қабылдау шарасы болғанын, 124 кездесу өткізіліп, оған жалпы саны 18 мыңнан астам адам қатысқанын айтты. «Жолдауда Мемлекет басшысы Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын дайындауды тапсырды.  Бұл бағдарлама қоғамның барлық саласына қан жүгіртіп, жылдам әрі тиімді жұмыс істеуге септігін тигізеді. Осыған байланысты жастар Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын қолдап, жаңа мүмкіндіктерді талқылауда. Себебі, онда жастар үшін жағымды жаңалықтар көп. Мысалы, жаңа айтқан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының өзі еліміз үшін үлкен жұмыс. Сондай-ақ, биылғы жылдан бастап жұмыссыз жүрген жастарды қолдауға арналған «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы жасалады.  Бұл бамтама да дер кезінде жасалып отыр. Жолдауда Президент білімді жастарды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінетінін, үш тұғырлы тіл саясатының жалғасатынын да айтты, – деді ол. Кездесуде  «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы жастар үшін тағы бір маңызды мәселені атап өтті. Ол оқуға түсе алмаған талапкерлерді қолдауға арналған шаралар туралы айтты. «Қазіргі кезде біз «Сәтті қадам» жобасын жасап жатырмыз. Бұл жобаға оқуға түсе алмаған жастардың 50 пайызы қатыса алады», – деді Д.Сүндетбаев. Сол сияқты ол алдағы кезде қала мен ауыл жастарына білім беру айырмашылығын азайту жұмыстарының да жасалатынын жеткізді.  Ал Әлішер Тұрсын өз сөзінде Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы «Мәңгілік ел» бірыңғай ұлттық идеясындағы орасан зор жетістік екендігін атап өтті. Ол қазіргі күн сайын өзгеріп жатқан жер-жүзінде технологияның қарқынды дамып жатқанын, дегенмен  еліміздің алдында жаңа сын-қатерлердің тұрғандығын атап көрсетті. «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қойған міндеттер осы сын-қатерлерге жауап берілді. Біз Мемлекет басшысының ұстанған саясатын қолдаймыз. Елбасы белгілеген бес басымдықтарды іске асыру, елімізді әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған 30 елінің қатарына қосылуына мүмкіндік береді», – деді ол. Кездесуде Қазақстан студенттері альянсының көшбасшысы  Мержан Әбілхас та Жолдаудағы бағыттарды толықтай қолдайтындарын, себебі еліміз Тәуелсіздік алған кезден бері студент жастар әлемде теңдесі жоқ «Болашақ» және басқа да бағдарламалармен  шет елде  білім алуға мүмкіндік алғанын мәлімдеді. «Бұл тек Елбасымыздың қолдауымен іске асқан бағдарламалардың азғантай ғана бөлігі. Қазір олар өз жемісін беріп келеді», – деді Мержан Әбілхас. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»