Азық-түлік қауіпсіздігі дегеніміз, халықтың тұтынудағы физиологиялық нормаларын және демографиялық өсуін қанағаттандыру үшін жеткілікті көлемде, сапалы және қауіпсіз азық-түлік тауарларына физикалық және экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету деген сөз. Елімізде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесімен айналысуда кемшілік жоқ сияқты, бірақ бар пәле сол азық-түлікті пайдалану нормасында болып тұр. Ол біздің елде физиологиялық нормадан төмен деңгейде бұдан 12 жыл бұрын бекітілген. Бұл көрсеткіш ЕАЭО мүшелері – Ресей мен Беларусь мемлекеттері бекіткен нормалардан әлдеқайда алшақ. Өткен жылдары мен бір ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысымен танысқан болатынмын. Олар мені жоғарыдан түскен тағам түрлерінің бір адамға шаққандағы нормасымен таныстырды. Онда ет 48 келі көлемінде көрсетілген екен. Бұл цифрды аудандағы өндірілген барлық ет пен халық санына бөліп, әр адамға шаққанда, бұл көрсеткішті асыра орындағандарын мақтанышпен айтқан еді. Сондықтан, олар мал басының көбеюіне, оның өнімін көтеруге еш мүдделі емес еді. Ал шындығында, орталықтан қойылған талап ет өнімдерінен физиологиялық нормадан екі есеге жуық төмен берілген. Ал бұл жерде статистикалық мәліметтердің шындықтан алыс болып келетінін ескерсек, шынайы жағдайдың ауылы шалғай екенін көруге болады. Сондықтан, қолданыстағы тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларына сәйкес жасалған көрсеткіштер нақты шындықты көрсетпеуде. Мысалы, статистика органдарының деректері бойынша бір жанға шаққанда ет және ет өнімдерін жылдық нақты тұтыну бекітілген нормадан 68,7 пайызға, жемістер 53,4 пайызға, көкөністер 7,7 пайызға, қара шай бойынша 325,4 пайызға жоғары. Бұл – өзімізді өзіміздің алдауымыз, негізсіз тоқмейілсу деген сөз. Жалпы, ауыл шаруашылығының өсуі мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейінің әділ төрешісі азық-түлік тауарларының бағасы мен импорт көлемі болып табылады. Өткен жылы елімізде жалпы азық-түлік тауарларының бағасы 9,7 пайызға, оның ішінде жарма – 31,3, жұмыртқа – 20,3, нан – 17,2, қант – 17, кондитер өнімдері – 16,6, өңделген және қалбырдағы көкөністер – 15,8, картоп – 15,6, тауық еті – 13,8, өсімдік майы – 11,8, макарон өнімдері – 11,3, жеміс-жидек, шырындар – 10,7, ұн өнімдері 10,6 пайызға өсті. Бидай экспортынан әлемге атақты Қазақстан үшін нан мен нан өнімдерінің қымбаттауы саяси да, нарықтық жағынан қарағанда да түсініксіз. Ал инфляция өсімі 2016 жылы 8,5 пайызды құрағаны белгілі. Статистикаға жүгінсек, жеміс-жидек ішкі нарықта 60-70 пайыз, құс еті 60 пайыздан астам, өсімдік майы 40 пайыздан астам, өңделген сүт өнімдері 60 пайызға дейін, қалбырдағы жемістер мен көкөністер 60-тан 90 пайызға дейін сырттан әкелінеді екен. Тағамдардың басқа да түрлерінен шет елге тәуелді екендігіміз жасырын емес. Тек қана бір Алматының өзі жылына 2,5 миллиард доллардан астам тағам өнімдерін импорттайды екен. Басқа аймақтарды қосқанда, қыруар ақшаның сыртқа кетіп жатқанын байқауға болады. Яғни, нарық тілімен айтқанда сұраныс көп, ұсыныс аз деген сөз. Бұл мәселені өткен жылдың 22 ақпанында Президент атына жолдаған ұсынысымда көрсеткен болатынмын, оған Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе қарап, тамақ өнімдерін тұтынудың физиологиялық нормаларын ғылыми тұрғыдан пысықтауды және нормативтік құқықтық акт әзірлеуді Ұлттық экономика министрлігі 2015 жылы бастағаны және оны 2016 жылдың желтоқсанында бекітуді жоспарлап отырғандығын хабарлаған болатын. Бірақ, әлі нәтиже жоқ. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, бар проблема әлеуметтік саладағы азық-түлік себетін қалыптастыруда болып тұр. Экономикалық жағдайға байланысты төменгі күнкөріс деңгейін есептеу үшін және бюджеттен төленетін төлемдерді азайту мақсатында азық-түлік нормасы төменгі деңгейде алынып отыр. Бұған түсіністікпен қарауға болады. Бұл норма әлеуметтік төлемдер үшін бола берсін, ал енді ауыл шаруашылығын дамыту үшін, азық-түлік қауіпсіздігін сақтап, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін талап деңгейін көтеру қажет. Ол үшін азық-түліктің адам өміріне қажетті физиологиялық нормасын Үкімет бөлек бекітіп, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдеріне жоғары талап қоюы қажет. Президент беріп жатқан өкілеттікке сәйкес Парламент тарапынан бақылау болған жағдайда ауыл экономикасы ел экономикасының драйверіне айналуына мүмкіндіктердің мол екені айқын.
Атамұрат ШӘМЕНОВ,
экономика ғылымдарының докторы