• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2017

Тексерулерге қатысты бақылау күшеймек

146 рет
көрсетілді

Жұма күні Қарағандыда Бас прокурор Жақып Асановтың төрағалығымен көшпелі алқа отырысы өтті. Жиын республика көлемінде фейсбук әлеуметтік желісі арқылы тікелей көрсетілім арқылы жүрді. Бас прокуратура елде қалыпты бизнес ортаны құру бойынша өткізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті. Сондай-ақ, бизнесті қорғау жөніндегі жол картасын орындаудың алдағы нәтижелерін талқылады. Жиында 2016 жылдың 14 мау­сымында өткен «Кәсіпкерлік сала­сындағы прокуратура қа­­дағалауы» форумында ұсыныл­ған бірқатар мәселелер бойынша жол картасын іске асыру нәти­желері мен бизнес үшін неғұр­лым өзекті болып табылатын түйткілді мәселелерді шешу жолдары айтылды. Алқа отырысының жұмысына Қарағанды облысы әкімі Нұрмұ­хамбет Әбдібеков, орталық және жергілікті мемлекеттік орган­дардың, «Атамекен» ҰКП-ның, бизнес-қауымдастықтардың жә­не кәсіпкерлікті қорғау жөніндегі өкілдіктердің өкілдері қатысты. Бас прокурор Жақып Асанов «Біз Қарағанды облысындағы шағын және орта бизнестің жағдайын зерделейік деп шештік. Өңір тосыннан таңдалып отырған жоқ. Бұл ірі өнеркәсіптік нысан, инфрақұрылымы дамыған. Қарағанды облысында 85 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Онда 225 мың адам еңбек етуде. Сондықтан, мұнда қызметкерлерімізді Бас прокуратура тұрғысынан жағдайды зерделеу үшін жіберген едік. Нәтижесінде, құқық қорғау органдары мен прокуратура бизнеске қылмыстық қысым жасаған заңсыз әрекеттерді анықтадық. Биз­нес­мендердің үстінен қылмыстық іс тіркеп, бизнесті қылмыстық про­цеске тартқан. Бұл салық қызмет­терінің, санитарлық қадағалау қызметтерінің тексеруі емес. Бұл – толыққанды қылмыстық іс. Ал қылмыстық іс аясында тінту де, шектеу де, мәжбүрлеу де, тұт­қын­дау да жүргізуге болады. Сондықтан, біз экономикалық қылмыстарды тіркеу ережесін өзгерттік. Өткен жылдың екінші жартыжылдығында мұндай істер екі есеге азайды», деді. – Аталған көшпелі мәжілістің ең негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті қолдау, оларға қолайлы жағдай туғызу. Мәселен, бірінші жар­ты­­жылдықта кәсіпкерлерге қатыс­ты алты мыңнан аса қыл­мыстық іс тіркелсе, екінші жартыжылдықта біз қолданған шаралар нәтижесінде оны он есе төмендетуге жағдай туғыздық. Елбасының тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта 61 өкілетті органды тексеретін боламыз. Біз жоққа шығарып отырған талаптар тек бизнеске кедергі келтіріп қана қоймай, Сыбайлас жемқорлыққа кең жол ашуы әбден ықтимал. Сол шаралардың алдын алуымыз керек, – деді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов та өз кезегінде. Жиын барысында мәлім бол­ғандай, экономикалық қылмыс­тарды қозғаудағы бірқатар ұста­нымдар өзгертілмек. Отырыста сондай-ақ, өкі­лет­тік органдардың, аумақтық орган­дардың жұмыстарындағы кемші­ліктер аталып өтті. Қарағанды облысы прокуратурасын сынға алған тұста, кәсіпкерлерді қылмыстық процеске заңсыз тарту фактілері анықталғаны белгілі болды. Мәселен, елу жас шамасындағы кәсіпкер Долгомыслов мырзаны прокуратура заңсыз жауапқа тартқан. Тексеріс кезінде ЭТҚ қызметкері Әбдірахманов УҰИ-ге орналастыру үшін кәсіпкерге әдейі алаяқтық айып таққаны анықталады. Қорытындысында, прокуратура қылмыс құрамының болмауына байланысты істі тоқ­татқан. Негізсіз жаланың кесі­рінен кәсіпкер ауыр соққы алған. Отбасымен ажырасып, денсаулығы сыр берген. Бас прокурор атап өткендей, 2017 жылдың 1 шілдесінен бас­тап кәсіпкерлер фискальдармен болып жататын дауларды сотта даусыз және үлкен шығындарсыз шеше алатын болады. Бұл үшін салық және кеден даулары бо­йынша сотқа дейінгі аппеляция институты құрылыпты. Сондай-ақ, жоспардан тыс тексерістер де бұдан былай азаймақ. Бас прокуратураның сайтында арнайы формуляр бар. Онда кәсіпкерлер бизнестің дамуына кедергі келтіретін нормаларды көрсете алады. Осы күнге дейін бизнес өкілдерінен 58 ұсыныс келіп түскен. Оның отыз бірін бас прокуратура қолдап отыр. Бұл сілтемелер «Атамекен» ҰКП, сон­дай-ақ «Нұр Отан» парти­я­­сы­ның барлық өңірлік сайттарында қолжетімді. Жиынды қорытындылай келгенде, Ж.Асанов мырза ІТ-технологиясын одан әрі дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Жолдауынан туындайтын басты бағыттар мен бағдарларды негізге ала отырып, бизнесті дамыту, салық заңнамасын жеңілдету, бақылау мен қадағалау қызметтерін ауқымды тексеру сынды бірқатар жұмыстар бойынша тиісті орындарға тапсырмалар жүктеді. Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ
Соңғы жаңалықтар