Елорданың Урбанистика орталығы «Астананы және агломерацияны орнықты дамыту жөніндегі кеңес» отырысының қарауына 2 жобаны ұсынды. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жобалардың бірі – Плейсмейкинг (placemaking), бұл динамикалық, орнықты және жайлы кеңістіктер құруды білдіреді.
Орталық басшысы Асхат Садуовтың айтуынша, жақсы қоғамдық кеңістіктер әлемнің түрлі қалаларында дәлелденген, БҰҰ Хабитат құралдарында зерттеліп, сипатталған артықшылықтары бар.
Урбанистика орталығы Астанада плейсмейкинг орындары ретінде 10 көшені таңдаған, аталған жобалар сол көшелерде іске асырылады. Атап айтқанда, Бейбітшілік к-сі, Тілендиев к-сі, Қабанбай батыр даңғ., Абылай хан даңғ., Мұңайспасов к-сі, Тәуелсіздік даңғ., Момышұлы даңғ., Жұмабаев к-сі квадраты; Мұңайтпасов көшесіндегі саябақ, Ақбұлақ жағалауы; Ғашықтар саябағы; «Еуразия» СҮ ауданы; Сулы-жасыл желекжолы.
Плейсмейкинг шеңберінде қысқы жобалауға айрықша басымдық берілмек. Урбанистика орталығы өкілдерінің пікірінше, дұрыс жобалаудың арқасында елорда қысқы туризм орталығына айналуы әбден мүмкін.
Урбанистика орталығы ұсынған екінші жоба елордада алғашқы Урбан форумын өткізу.
Аталған форум қалалық жоспарлау, экология және экономика салаларында шетелдік сарапшылармен тәжірибе алмасу алаңына айналуға тиіс, деп есептейді орталық басшысы Асхат Садуов.