• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2017

Сарыарқаның үш қоңыры

355 рет
көрсетілді

Биыл қазақ өнерінің көрнекті өкіл­дері, осы замандағы шертпе күйд­ің классикалық мектебін қа­лып­тастырған дәулескер күйшілер Ақ­қыз Ахметқызы мен Әбікен Хасеновтің туғанына – 120 жыл, ал олар­дың даңқты ізбасары Мағауия Ха­мзиннің дүниеге келгеніне 90 жыл толып отыр. Осы үш тұлғаның үл­­гі­лік мектебі арқылы Арқаның күй­­­­шілік өнері кейінгіге жалғасып, ұр­­­пақтың қасиет тұтатын асыл мұ­ра­­сына айналғаны жадымызда жаң­ғы­­рып тұр. Бір қараған кісіге осы үш күйшінің бағасы мен бәсі тек Тәттімбет күй­ле­рінің қатардағы насихаттаушылары секілді көрінуі мүмкін. Әрине, Тәттімбет асу бермес тау тұлға, оның қа­зақ­тың музыкалық мәдениетіндегі жа­­сампаз орны һәм композиторлық дәр­­гейі берісі – Арқаға, әрісі – Алаш­қа үлгі-өнеге болғаны рас. Дей тұр­ғанмен, Арқаның байтақ жерінде Тәттімбетке дейін де өзінше сарыны бар аймақтық мектептер, аты шыққан домбырашылар болған. Есімдері иісі қазаққа мәшһүр болған – Байжігіт, Қызыл мойын Қуандық, Бейсембі, Итаяқтар сондай алыптардың қата­ры­­нан еді. Жоғарыда аттары аталған күй­­шілердің қай-қайсысы болса да әуелі өз өңірлеріндегі құйқалы мәнерді бой­ларына сіңіріп, содан кейін ғана Тәттімбет мектебіне ойысқандары ақи­қат. Мысалы, Аққыз күйшінің шер­ті­сі­нен тек Балқаш, Ақтоғай жерлеріне тән әншіл дәстүрді аңғарсақ, оның замандасы Әбікеннің шертісі атақты Итаяқтың «алпыс екі қоңырын» еске түсіреді. Мағауия Хамзин болса Аққыз бен Әбікенді ұстаз тұтып, артынан өзіндік мәнерін тапқан жаңашыл күйші болды. Әрбір өнерпаздың өз топырағына тартып тұрары – та­би­ғат­тан, ал жеке дарыны Тәңіріден. Со­ған орай Аққыз – сыршыл, Әбікен – ойшыл, Мағауия – сөзшең. Үшеуі бі­ріге келгенде, Арқа күйшілік мек­те­бінің барлық қыр-сырын ашып тас­тайды. Ұлтымыздың аспаптық мә­дениетін өз өнерлерімен байытқан осы­нау үш қоңырдың дәстүрін сақтап қа­лу, мұрасын түгендеу – кейінгі күй­шіл қауымға серт. Бұлардың ме­рей­той­ларының зәуімен қатар келуі де бір салтанаттың нышанасы, алдағы бо­ла­тұғын мерекелік іс-шаралар домбы­ра­сын ардақтаған біздің қоғамды қуан­ту­ға, мейманасын тасытуға тиіс деп са­наймыз. Қазіргі кезде дәстүріміз қайта жаң­­­ғырып, ұлттық өнеріміздің шау бас­­қан еңсесі көтеріле бастаған шақ. Алма­тыда өткен қысқы универсиа­да аясында тек қана миллеттік мә­де­ниетіміздің ту көтеруі соған дә­лел. Оның үстіне биылғы ЭКСПО көр­ме­сінің Астанада өтетіні, соның ая­сында ұлт өнерінің ұлан-асыр мерекесі үкімет тарапынан жоспарла­нып отырғаны да көңіл демейді. Ен­деше, осынау іс-шаралардың аясын­да шертпе күй алыптары Аққыз, Әбікен, Мағауиялардың мерейтойларын да атап өтуге мүмкіндік жоқ емес. Күй­шілеріміздің жеке жинақтары, күй­та­бақ­тары шығарылып, олардың аттарына бағдарланған ғылыми-тәжірибелік, әдіс­темелік конференциялар өтетұғын бол­са құба-құп. Қарағанды, Ақсу-Аюлы, Ақтоғай шәәрлерінде Алашқа сауын айтылып, күй фестивальдері мен байқаулары межеленіп жатса, ел үшін айта қаларлықтай игі іс болмақ. Ұсынылып отырған емеурін-тілек­те­ріміздің миллеттік мәдениетіміз үшін маңызы қаншалықты, аталмыш ша­ралардың шығыны нешік, ықтимал пай­дасы қандай дегендейін сметалық сұ­рақтардың туындауы да мүмкін. Сондықтан, осы тұспалдас қаржылық мәселелерді алдын ала шешіп алған жөн секілді. Себебі жыл сайын қазақ ру­ханияты жарық жұлдыздарының ме­рейтойларын атап өтуге келгенде нарқынан қысылатын пұшайман жағдайлар болып тұрады. Оның се­бе­бін тарқатып жату артық және белгілі бір шараның жүгін жергілікті басқару мекемелерінің мойнына күллі қоғам болып арта салудың жөні жоқ. Осының бір шешімі – меценаттық институттарға сүйену. «Өркениетті ел­дерде...» деген сөз қазір біздің зия­лы­лардың сүйген сөзіне айналып кет­ті ғой, сол айтқандай, дамыған ел­дердегі мәдениеттің бірден-бір қам­қоры – тек меценаттық қозғалыс қана. Алаш руханиятының меценаттары ақ патша заманынан бар, қазақ жеріндегі алғашқы білім мен мәдениет ошақтары, газеттер, концерттік шаралар, айтыс, театр қойылымдары солардың демеуінің арқасында өсіп-өркендегені тарихтан белгілі. Аллаға тәу­бе, еліміз еңселі, ұлтын шексіз сү­й­етін «Атымтай-Жомарт» қазақ ұла­­н­ының қатары көбейіп келеді. Сол қа­у­ым­ды бір мақсатқа жұмылдыратын, қоз­ғалысын ретке келтіретін үкіметтік, яки қоғамдық жоба жасалынса тау қопара алар едік. Меценаттардың ынталы болуы патриоттық ниетке байланысты дегенмен, олардың осы істен ұтары болғаны жөн, осы орайда өнер меценаттарының жекелей жасаған әрбір демеушілігі ескерусіз қалмауға тиіс. Күйшілеріміздің мерейтойларын маңызды етіп өткізудің нақты жобасы ретіндегі ұсынысымыздың ұзын-ырғасы осы.

Жанғали ЖҮЗБАЙ, күйші, өнертанушы