• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
17 Наурыз, 2017

«Қазпошта» – жаңа форматта

234 рет
көрсетілді

«Қазпошта» АҚ еліміз бойынша өз филиалдарын жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінде ШҚО, ОҚО, Қарағанды, Алматы және еліміздің өзге аймақтарында жаңартылған пошта бөлімшелері іске қосылды. Сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Орал, Қызылорда, Талдықорған, Тараз және Ақтау қалаларындағы жөндеуден өткен бөлімшелер ашылды. Алматы қаласының жаңғыртылған бөлімшесінің ашылу салтанатына «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты. Кез­десу барысында «Қазпошта» АҚ-тың бас­қарма төрағасы Сәкен Сәрсенов жаңар­тылған бөлімшенің жұмысымен таныс­тырып, компанияның қызметтерін одан әрі дамыту жөніндегі жоспарларымен бөлісті. «Біз барлық бөлімшелерімізді жаңар­тып, олардың инфрақұрылымын жаңғыр­тып, бизнес-процестерді қайта қарастырып жатырмыз. Кезекте тұрмай-ақ, көптеген құжаттарды толтырмай жаңа кеңселерге келіп қызметтерді алу мүмкіндігі алматы­лық­тардың көңілінен шығады деп үміттенеміз. Шаһарда қазір 4 жаңартылған бөлімше бар, жоспар бойынша 18 бөлімше жаңартылмақ», деді «Қазпошта» басшысы. Сәкен Сәрсеновтің айтуынша, пошта бөлімшелерін жаңғырту барысында жұмыс кеңістігін оңтайландыруға ерекше көңіл бөлінген: операциялық бөлмелердің ауқымы функциялық емес кабинеттерді жою арқылы 9 мың шаршы метрден 19 мың шаршы метр­ге дейін өскен. Сондай-ақ, жаңартылған бөлімшелерде бір деңгейлі және кедергісіз қызмет көрсету терезелері енгізілген, жеке және корпоративтік тұтынушыларға қызмет көрсету орындары, пошта және қаржы қызметтері залдары бөлінген, операциялық терезелердің саны көбейтілген. Жаңғыртылған бөлімше жұмы­сымен танысып шыққан Ө.Шөкеев: «Қаз­пошта» жұмысының әлеуметтік жүгі ауыр болғандықтан «Самұрық-Қазына» барынша көмектесіп отыр. Бұрын негізгі кіріс көзі хаттардан түсе­тін еді. Енді басқа табыс көздерін, ақша аударымдары сияқты банктік қызмет­терді, транзиттік қызмет көрсететін электронды коммерцияны жетілдіру керек. Нарық заманында бәсекеге қабілетті бола білу үшін пошта жүйесін жаңғыртып үлгеруге тиіспіз», деді. «Самұрық-Қазына» АҚ-тың құ­рамын­дағы компаниялардың жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында 2014 жылы іске қосылған трансформациялау бағдарламасы аясында бөлген 3 млрд теңгеге байланыс жұмыстарын жаңғыртуды қолға алған «Қазпошта» жылдың аяғына дейін еліміз бойынша тағы 54 бөлімше, ал екі жылдың ішінде 298 бөлімше ашу ісін қолға алып отыр. Бағдарлама бойынша 197 елді мекенде орналасқан 400 пош­та бөлімшесін жаңартуды жоспарлаған «Қазпошта» еліміздегі пошта қызметін барынша арттыруды көздейді. «Жаңғыртылған бөлімшелердің ерек­шелігі – кезексіз қызметтер көрсету ғана емес, алыс ауылдарға бір-екі күн ішінде газет-журнал, басқа да тапсырыстарды дереу жет­кізіп беру. Бізге бәсекелес компаниялар көп болғанымен, олар тек қалаларда ғана жұмыс істейді. Ал шалғай жердегі ауылдарда ондай компаниялар емес, тек «Қазпошта» ғана жұмыс істейді», дей келе, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы С.Сәрсенов аталған бөлімшелердің жаңғыруы тек күрделі жөндеуді ғана емес, сонымен қатар, техно­логиялық құрамдардың жаңаруына да ұла­са­тынын, барлық жаңғыртылған байла­ныс бөлімшелері бірыңғай электронды кезек жүйесімен, бейнеқадағалау және өрт қауіп­сіздігімен қамтамасыз етілгенін жеткізді. «Жаңа жұмыс форматына көшу халыққа қызмет көрсету сапасын арттырумен бірге, сәлемдемелерді алу және жөнелту рә­сім­дерін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде сәлемдемелерді қабылдау және жөнелту уақыты 2-3 минутқа дейін қыс­қарды, ал супермаркеттер арқылы берілетін сәлемдемелер саны екі есеге артқан. Бұл бірегей супермаркет тек Қазақстанда ғана бар жоба. Канададан, Голландиядан келген әріп­тестеріміз ондай супермаркеттерді өз елдерінде де ашқысы келетінін айтқан болатын. Сол сияқты, постамат қызметі де кез келген елде бола бермейді. Біз постаматтарды үлкен бөлімшелерге қоямыз», деді С.Сәрсенов. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ