• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Туризм Бүгін, 08:05

Туристік маусымға әзірлік жайы талқыланды

10 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Жетісу облысындағы туристік инфрақұрылымның жазғы маусымға дайындығымен танысып, Алакөл жағалауындағы негізгі нысандардың жай-күйін тексерді.

Жұмыс сапарына орталық мемлекет­тік органдардың, Үкімет аппаратының, салалық ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысты. Сапар барысында Үкімет басшысының орынбасары қонақүй кешендері, кәріз-тазарту құрылыстары нысаны, Көктұма ауылындағы жағалауды бекіту учаскесі мен Үшарал қаласының әуежайын аралады. Әр бағыттағы нысандар мен жобалардың іске асу қарқыны жөнінде баяндалды.

Облыс әкімдігі жағалауды жазғы туристік маусымға дайындау бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жұмыстар Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Президент былтыр да туристік аймақтарда тәртіп орнату, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ инвесторлар үшін нақты қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударған болатын. Бүгінде бұл мәселе Мемлекет басшысының айрықша бақылауында. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 488 шақырымдық Талдықорған – Үшарал сондай-ақ Үшарал – Достық автомобиль жолдарын реконструкциялау аяқталып, жағалаудың көлік қатынасы едәуір жақсарған. Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағын жаңғыртудан кейін ірі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік жасалып, қосымша терминал салу жобасы да әзірленген.

Туристік аймақтың инженерлік инфрақұрылымы да едәуір нығайтылып, 57 шақырым электр желісі мен екі қосалқы станса құрылысы аяқталды. Бұл энергия қуатына тапшылықты жойып, алдағы кезеңге қажетті электр энергиясының қорын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ақши ауылында 69 шақырым кәріз желісінің құрылысы аяқталды. Ақши мен Көктұмадан шығатын ағын суларды тазалап, суды техникалық мақсатта қайта пайдалануға мүмкіндік беретін тазарту құрылыстары жобасын іске асыру жалғасуда. Нысан­ды биылғы қазан айында толық жабдықтап, инженерлік желілерге қосу жоспарланған. Осылайша, жағалаудағы санитарлық жағдай, су бұру және экологиялық қауіпсіздік мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.

Жағалауды бекіту жұмысының барысына да баса назар аударылды. Жоба Алакөл жағалауының 13 шақы­рым аумағын қамтиды. Тексеру барысында бірқатар учаскелерде, соның ішінде жағалауға жақын орналасқан нысандар маңында жағаның шайылу белгілері бар екені тіркелді. Туристік нысан иелерінің айтуынша, қыс мезгілінде қатқан сірі мұздың көктемде көбесі сөгілгенде топырақты шайып, жағажай аумағына зақым келтіреді. Соның салдарынан кәсіпкерлер әр мау­сым сайын жағажайларды қалпына келтіріп, абаттандыруға шығындануға мәжбүр. Қазіргі уақытта Көктұмада 960 метр, Ақшиде 200 метр аумақта жағалауды бекіту жұмысыы атқа­рылған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуға тиіс. Өйткені аумақтың қор­ғалуы, нысандардың сақталуы және жағалаудың одан әрі дамуы соған тікелей байланысты.

Жағалаудың санитарлық дайын­дығы жөнінде де жеке баяндалды. Осы мақсатта коммуналдық база нығайтылып, санитарлық тазарту жұмысына қосымша 42 бірлік арнайы техника сатып алынған. Маусымдық бригадалардың жұмысы күшейтіліп, қоқысты жүйелі шығару, қоғамдық кеңістіктер мен жағажай аумағын күтіп ұстау шаралары қолға алынды.

Маусымның жақындауына байланысты қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Жағалауда құтқару бөлімшелері жұмыс істей­ді, жазғы кезеңде маусымдық құт­қарушылар қосымша тартылады, техника және құрал-жабдықпен жарақ­тандыру күшейтіледі. Сонымен қатар бейнебақылау, дрон арқылы мониторинг, қолданыстағы шектеулер мен құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік туралы ақпараттық ескертпелер орналастыру көзделген. «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттары жағалаудың бүкіл аума­ғында нақты көрініс табуға тиіс екені атап өтілді. Бұл ең алдымен тазалықтан, тәртіптен, белгіленген талаптардың сақталуынан және барлық қызметтердің үйлесімді жұмысынан байқалуы қажет.

Күн тәртібінде туристік саладағы еңбек қатынастары мәселелері де қаралды. Әсіресе жастар мен студенттерге қатысты бейресми жұмыспен қамтудың алдын алу қажеттігіне ерекше мән берілді. Барлық еңбек қатынастары, еңбекақы төлеу және еңбек жағдайлары тұрақты бақылауда болуға тиіс.

Алакөлдің жазғы маусымға дайын­дығымен қатар, Балқаш көліндегі туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында да жұмыс жүргізіп жатқаны айтылды. Жағалау аймағының бас жос­пары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітілген, абаттандыру жұмыс­ы жүргізілуде, жағажай инфрақұрылымын аяқтау 15 маусымға жоспарланған. Сонымен қатар аумақты одан әрі дамытуға және инвестиция тартуға бағытталған ілеспе жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Аида Балаева атқарылған жұмыс жағалаудың жаңа инфрақұрылымдық негізін қалыптастырып жатқанын атап өтті. Сонымен бірге демалушылар ағынының ұлғаюын ескере отырып, бас­ты өлшем нақты нәтиже мен барлық қызметтердің дайындығы болып қала беретінін айтты.

Жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары жағалаудың жазғы маусымға толық дайындығын қамтамасыз етуді, негізгі инфрақұрылымдық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды жүктеді. Сонымен қатар қауіпсіздік пен санитарлық күтіп-ұстау шараларын күшейтуді, демалушыларға арналған көрнекі профилактикалық түсіндіру жұмысын жолға қоюды, сондай-ақ туристер ағынының өсуі мен ішкі туризмді дамытудың ұзақмерзімді міндеттерін ескере отырып, туристік аймақты жүйелі жаңғыртуды жалғас­тыруды тапсырды. 

Соңғы жаңалықтар