Былтырғы жаңа жылды батысқазақстандықтар қара шаңмен қарсы алғаны да ұмытыла қойған жоқ. Ал биылғы жағдай одан өзгерек. Қысқы ылғал шөліркеп жатқан Шалқар көліне, жанталасып жатқан Жайыққа, шарқ ұрып жатқан Шағанға нәр болып тамса игі.
Батыс Қазақстан гидрометеорология орталығының мәлімдеуіне қарағанда, қаңтардың оныншы жұлдызында Орал қаласы маңында 22 миллиметр қар жауған. Бұл орта есеппен алғанда бір айда түсетін ылғал мөлшерімен деңгейлес. Метеорологиялық жылнама деректеріне сүйенсек, дәл осы кезеңде Оралда қардың осындай мөлшерде мол түсу көрінісі ұзақ жылдардан бері тіркелмеген. Айталық, 1963 жылғы қаңтар айының бір күнінде 19,2, ал 1984 жылғы 12 қаңтар күні 21,6 миллиметр қар түскен.
Бұл алдағы ырыс көзі бола ала ма? Оған біржақты жауап қайтару қиын-ақ. Өйткені әлгінде айтылғандай, мол қар мөлшері тек Орал қаласы маңында ғана түскен. Облыс аудандарында мүлдем қар жаумаған. Сол 10 қаңтар күні біз облыс орталығынан екі жүз алпыс шақырым қашықтықта орналасқан Жаңақала ауданында іссапарда жүргенбіз. Мұнда қардың қылтанағы да болған жоқ.
Біз жоғарыдағы сауалды су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы Батыс Қазақстан облысы бойынша бөлімінің бастығы М.Үмбетияровқа қойдық.
– Менің ойымша, Орал қаласы маңында түскен мол қар ырыс көзі болып жарыта алмайды. Өйткені, ол нығыздалмаған ұлпа, өте жеңіл қар. Күн жылынған кезде жерге тез сіңіп кетеді. Оның үстіне облыс аумағында, соның ішінде Орал қаласы маңында жер асты сулары соңғы жылдары тым төмендеп кетті. Яғни, ылғал мөлшері қалыпты деңгейден үш-төрт есе төмен. Өткен жылы Ақжайық өңірінде құрғақшылық орын алды. Бұл жағдайды одан әрі күрделендіріп жіберді. Дегенмен, қыстың ортасына енді жетіп отырмыз. Алда әлі ылғал түсетін күндер күтілуде. Сондықтан түбегейлі байлам жасауға әлі ертерек деп ойлаймын.
Мәлік Мағалымұлы өз ойын осылай тұжырымдады. Бұл пікірге қоса айтайын дегеніміз, осыдан шығатын тағы бір мәнді мәселе бар. Егемендік алғаннан кейінгі кезеңде біз көктемде болатын тасқын судың мөлшеріне де алаңдайтынды шығардық. Бұл тіпті жылдан-жылға үлкен саяси рең алып бара жатқандай. Осы арада қайтіп, қалай, неге деген сауалдардың туындауы да орынды. Негесі сол, Ресей мен Қазақстан аумағындағы транссшекаралық өзендерде көктем кезінде тасыған су мөлшері екі мемлекетке 50 де 50 деген тепе-теңдік бойынша бөлінуі керек. Өйткені, 1992 жылы Ресей мен Қазақстан мемлекеттері арасында болған келісімде осындай мәлімдеме жасалған. Одан кейінгі жылдары өткізілген халықаралық келісімдерде де осы тұжырым алға тартылып келеді. Дегенмен, бүгінде осы тәуелсіздіктің елең-алаңында жасалған келісімді қайтадан жаңғырту мен нақтылаудың да уақыты жеткен секілді.
Өйткені, нақты іске келгенде бұл келісім орындала бермейтініне де дәлелдер жеткілікті. Айталық 1994 жылы Еділ өзенінің жоғарғы жағынан тасқын су мөлшері күтпеген жерден тым жойқын түрде келгендіктен Қазталов ауданын су басып қалды.
Ал кейінгі жылдары бұған керісінше көріністер орын алуда. “Батыссушар” МРК директорының орынбасары Мұқан Серіқалиевтің газет тілшісіне қайтарған жауабына қарағанда Ресейдің Саратов облысы аумағындағы Александров Гай, Питерка, Новоозен кенттері маңында мызғымастай платиналар мен бөгеттер салынып тасталған. Мұндай жағдайда елу де елу деген пропорцияның сақталуы неғайбыл.
Халықаралық келісімдер мен нормалар бойынша қыс айларында транссшекаралық өзендер маңында түскен қар мен ылғал мөлшері арнайы стансалардың көмегімен мұқият есепке алынып отыруға тиіс. Қыс маусымы кезіндегі мұндай соңғы есеп 1 наурызда жасалмақ. Осы ылғал мөлшері, жоғарыда айтылғандай, Қазақстан мен Ресейдің көршілес өңірлеріне тең бөлінуі керек.
Яғни, қысқы қар, одан пайда болатын тасқын су – ертеңгі ырыс көзі. Басты мақсат оны зардапсыз, тиімді пайдалана білуде. Батыс Қазақстанда мұндай оң тәжірибелер мен дағдылар қалыптасып үлгерген. Шынтуайтына келгенде соңғы жылдары Ақжайық өңірінде қыс кезінде қар жаумайтын болып жүр. Былтырғы жаңа жылды батысқазақстандықтар қара шаңмен қарсы алғаны да ұмытыла қойған жоқ.
Ал биылғы жағдай одан өзгерек. Қысқы ылғал шөліркеп жатқан Шалқар көліне, жанталасып жатқан Жайыққа, шарқ ұрып жатқан Шағанға нәр болып тамса игі.
Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.