• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2011

Қоғам мүдделер жарастығымен гүлденеді

303 рет
көрсетілді

Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында Ақмола облысы үкіметтік емес ұйымдарының V форумы болып, Қазақстан Рес­пуб­ликасында 2006–2011 жылдарға арналған азаматтық қоғамды да­мыту тұғырнамасының орындалу барысы, үкіметтік емес ұйым­дардың мемлекеттік органдармен байланысын одан әрі нығайту мәселелері талқыланды және атқарылған істер қо­ры­тын­дыланды. Мәжілісте баяндама жасаған облыс әкімі Сергей Дьяченко Қа­зақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғы қарсаңында өткізіліп отырған форумның маңыздылығын аза­мат­тық институттардың қоғамдағы қоз­ғаушы күшке айналғанды­ғы­мен байланыстырды. Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев осынау бұқаралық ұйымды дамыту мем­лекеттің стратегиялық міндеті екен­дігін атап көрсетті. Белсенді құрылымдарға арнайы қаржы мен гранттар бөлініп, мәртебелі істерге жол ашылды. Ақмола өңірінде қазіргі таңда 465 үкіметтік емес ұйым жұмыс атқаруда. Мемлекет басшысының Жарлығымен қабыл­дан­ған тұғырнамалық міндеттерді атқару үшін 2006–2011 жылдар аралығында облыс 103,5 миллион теңгені игілікке жаратты. Ал, биыл облыс бюджетінен бөлінген қаржы 60 пайызға артып отыр. Форумда халықаралық ақпа­рат­тандыру академиясының бірінші вице-президенті Алексей Це­хо­войдың, «Шоқан жолдары» және «Прометей» қоғамдық қорлары­ның жетекшілері Раушан Көше­но­ва мен Олжас Сыздықовтың, Ар­ша­лы ауданындағы «Ақбота» бір­лестігінің басшысы Татьяна Нем­цанның, «Парасат және діл» ұйы­мының төрайымы Құралай Мұта­нованың азаматтық қоғам құру­да­ғы табыстары мен алдағы міндеттер туралы пікірлері қызу тал­қыланды. Бұдан кейін облыстық «Жігер» байқауының жеңімпаздары анық­та­лып, сегіз атау бойынша үздік­тер­ге дипломдар мен ақшалай сый­лықтар тапсырылды. Жеке бел­сенділер де республикалық ве­домстволардың, облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Жиынға қатысушылар Ақмола об­лысы үкіметтік емес ұйым­дары­ның әлеуметтік идеялар мен жаңа жобалар жәрмеңкесін тамашалап, салалық үш алаңдағы шебер сыныптардан дәріс алды. Басқосуда алдағы рес­пуб­ли­ка­лық форумға делегаттар сайланды. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.