Жуырда «ЕХРО-2017»-ні қолда! Еліңе қолдау көрсет! Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы үздік ұран мен эссеге республикалық байқау жарияланды. Байқау «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін Астана қаласында өткізуге өтініш беру шеңберінде ұйымдастырылып отыр.
«Болашақтың энергиясы» байқауының мақсаты энергияның баламалы көздерін дамытуға жастардың назарын аудару, сондай-ақ «ЕХРО-2017» көрмесін елімізде өткізу идеясын көпшілікке кеңінен тарату болып табылады. Оған қазақстандық жоғары сынып оқушылары мен студенттері қатыса алады. Байқау 12 қыркүйектен 30 қазанға дейін созылады.
Көрмені елімізде өткізу туралы ұсынысты Елбасы білдірген болатын. Мұндай ауқымды жобаға қатысу Қазақстан үшін маңызды қадам, өйткені ол елдің әлеуеті мен мүмкіндіктерін көрсетеді. Көрме энергияның баламалы көздерін дамытуға қуатты серпін бере алады, сондай-ақ Қазақстанға жаңа инвестициялар мен технологиялардың келуіне жағдай туғызады. Астана осы саладағы үздік әлемдік тенденциялар мен жұмыстарды көрсетуге және талқылауға жақсы тұғырнама болары анық.
«ЕХРО -2017» көрмесінің еліміз ұсынған тақырыбы – «Болашақтың энергиясы». Ол заманауи, жаһандық маңызы бар мәселелердің бірін қозғайды, атап айтсақ, қалпына келтірілетін энергия көздеріне көшу және тұрақты қолдану әңгіме өзегіне айналуы тиіс.
Еліміз мұнай, газ, уран секілді энергетикалық қорларға бай, алайда табиғи байлықтың барлығына қарамастан Қазақстан энергияның баламалы көздерін де белсенді түрде дамытуда. Өйткені қазба байлықтар болашақ ұрпаққа да қызмет етуі керек. Сондықтан Қазақстан басқа елдер секілді энергияның экологиялық таза, баламалы көздеріне үлкен сенім мен үміт артып отыр.
Жалпы, ЕХРО көрмелері мамандандырылған және әмбебап болып екіге бөлінеді. Соңғысы бес жылда бір рет, өткізілер ауданы шектелмей, барлық қатысушыларға ортақ тақырыпта өтеді. Ал мамандандырылған көрме екі әмбебап көрменің аралығында, үш айдан артық емес уақытта, 25 гектардан аспайтын аумақта және ортақ тақырыпта өткізіледі. Ең алғашқы ЕХРО халықаралық мамандандырылған көрмесі 1851 жылы Лондон қаласында өтті. Содан бері әлемде 60-тан аса ЕХРО көрмелері өткізіліпті. Еліміз Халықаралық көрмелер бюросына мүшелікке 1997 жылы кіріп, Аичи-2005, Сарагоса-2008, Шанхай-2010 ЕХРО көрмелеріне қатысып үлгерді. Қазіргі кезде Ёсу-2012 және Милан-2015 ЕХРО көрмелеріне қатысуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сарагосада өткен ЕХРО-2008 қорытындысы бойынша, тәуелсіз сараптама комиссиясының шешімі негізінде, 104 мүше-мемлекет арасында Қазақстан Республикасының павильоны сыртқы және ішкі безендіру, ішкі дизайн, «Су және тұрақты даму» тақырыбына байланысты экспозиция сапалары белгілері бойынша 3-орынға ие болды. Ал көрмені өткізу туралы өтінім қорытындысы 2012 жылдың аяғында 157 мүше-мемлекеттің дауыс беруі арқылы белгілі болады.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.