Биылғы жаз белгілі «КазТрансГаз» АҚ және «Интергаз Центральная Азия» АҚ компанияларының, әуесқой альпинистерінің есінде ұзақ сақталып қалды. Олар аса қиын сапарды артқа тастап, «Қарлы тау» шыңын алды. Компания қызметкерлері мұндай маңызды да жауапты сапарға ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне аттанған еді. Теңіз деңгейінен 5450 метр биіктіктегі осы асқар шыңға әуесқой альпинистер ұлттық Туды және «КазТрансГаз» АҚ-тың жалауын желбіретті.
Асқар шыңды алуға аттанған әуесқой альпинистердің қатарында Данияр Төлешов («КазТрансГаз» АҚ-тың газ кен орындарын игеру жөніндегі департаменті директорының орынбасары), Санжар Шабдукаримов («КазТрансГаз» АҚ-тың инвестициялық жобалар департаментінің директоры), Темір Түсіпбеков («КазТрансГаз» АҚ-тың серіктес кәсіпорны «Интергаз Центральная Азия» АҚ-тың техникалық саясат департаментінің директоры), Рафик Кельтенов («Интергаз Центральная Азия» АҚ-тың кәсіподақ комитетінің төрағасы), Олег Окшин («Интергаз Центральная Азия» АҚ) бар болатын. «Қарқара» базалық лагерінде (теңіз деңгейінен 2200 метр биіктікте) шыңды игеруші топты жағымды жағдай күтіп тұрды. Оларды осы жерде атақты альпинисші Қазбек Уәлиев күтіп алды.
Сонымен бірге «Қарқара» базалық лагерінде шыңды бағындырушы топты Санкт-Петербургтен келген туристер және «X-treme» Фактор жобасын түсіруші «Еуразия» телеарнасының кинотүсіруші тобы қарсы алды. Тәжірибелі нұсқаушы альпинистің басшылығымен олардың барлығы «Қарлытау» шыңын бағындыруға қатысты.
Осы жерде компания қызметкерлерінің асқар шыңды алуға ерекше дайындықпен келгендігін атап өту керек. Олардың киімдері де биікке шығу үшін лайықталған болатын. Асқар шыңды алу бағытындағы сапарда топ алдымен тәжірибе ретінде «Бас Қарқара» шыңына шықты. Ауа райының аса ыстық болуына байланысты топтың бұл тәжірибе сапары да оңай болған жоқ. Алайда олар алғашқы сыннан сүрінбей өтті.
Келесі күні топ тәжірибелі жетекші Қазбек Уәлиевтың басшылығымен МИ-8 тікұшағына отырып, 7 мың метрлік Хан Тәңірі шыңының солтүстік қабырғасындағы мұздаққа қонды. Мұздақтың үстіне қонған тікұшақтан түскен альпинистер арнайы лагерьде дайындықтан өтіп, басты шыңды алу сапарына дайындалды. Тәжірибелі нұсқаушы оларға шыңға шығу барысында кездесетін қауіпті тұстарды көрсетіп, биік шыңда кездесетін дене қысымы туралы ескертті. Топтың кейбір мүшелері үшін бейімделу кезеңі ауыр болды. Көпшілігінің басы айналып, қан қысымы көтерілді. Соған қарамастан топ мұздақтың қиын да күрделі аумақтарын жеңіп, шыңды бағындыруға ешбір шығынсыз жетті.
– Мұндай биіктікте ауа құрғақ әрі қысым жоғары болады екен. Осындай жағдайда қатты қимылдаған кезде ауызбен демалуға тура келеді. Соның салдарынан ауыз кеуіп, өкпе жылдам қабынады екен. Әсіресе, адамды шөл қысады. Біз мұздақтан өтіп, биіктікті алар кезеңде қар аралас жаңбыр жауды. Сондықтан түннің бір бөлігін шатырдың ішінде өткіздік, жаңбырдан паналауға тура келді. Түн ішінде біз бағындыруды мақсат еткен шыңнан бірнеше қар көшкіні құлағанын да естідік. Бірақ біз қиындыққа қарамастан, алға қойған мақсат – «Қарлытау» шыңын бағындыру үшін ештеңеден тайынғанымыз жоқ, дейді әуесқой альпинисші Данияр Төлешов.
Келесі күні әуесқойшылар тобы теңіз деңгейінен 4 800 метр биіктіктегі алғашқы асуды бағындырды. Ресейден келген туристік топтың бірнеше мүшесі бұл шыңды бағындыра алмады. Олардың қан қысымы артып, басы айналғандықтан төмендегі шатырда тынығып, негізгі топты қайтар жолда күтіп алудан басқа амалдары қалмады. Тек «КазТрансГаз» АҚ-тың негізгі әуесқой альпинисшілер командасы ғана алған беттерінен таймай, Тәуелсіздік шыңын бағындырды.
– Сағат тілі 13:00-ден асып кетті. Белгіленген кесте бойынша біз бұл уақытта шың биігінде болуымыз керек еді. Сондықтан біз жігерімізді жанып, қайткенде де асқар шыңға еліміздің көк байрағын тігу үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Ақыры біз алға қойған мақсатымызға жетіп, «Қарлытау» шыңының ұшар басына еліміздің Көк байрағы мен компанияның жалауын қададық. Бұл біздің республика Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнаған сыйымыз еді, – дейді әуесқой альпинисшілер тобының белсенді мүшесі Данияр Төлешов.
Шыңнан түсу де әуесқой альпинисшілер үшін жеңіл болған жоқ. Топ төмендегі лагерьге көз байланып, қас қарайғанда жетті. Екінші лагерде олар қоналқы жасап, келесі күні ғана «X-treme» Фактор жобасын жасаушы телефильм түсірушілермен бірге «Қарқара» лагеріне дейін тікұшақпен жетті. Осы жерде оларды компания басшылары қарсы алып, «Қарлытау» шыңын бағындырғандары туралы сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Міне, осы биік шыңды бағындыру жолындағы қиын да күрделі сапар «КазТрансГаз» компаниясы қызметкерлерінің алға қойған мақсатқа жету жолындағы жігерлі қимылдарын паш етіп, компания қызметкерлері үшін саламатты өмір салтының қымбат екендігін дәлелдеді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.