Алматы аспанын бекзат музыкаға бөледі
Оңтүстік астана Қала күні қарсаңында, яғни 14-16 қыркүйек аралығында ашық аспан астында «Оркестрлер шеруі» атты музыка фестивалін өткізді.
Ғылым академиясы алдындағы Ш.Уәлиханов алаңында опера жұлдыздары мен бетке ұстар оркестрлер халықтық және классикалық шығармаларды орындап, қалалықтарға ерекше мерекені тарту етті.
Фестиваль аясында алматылықтар алғашқы күні ҚР мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Ресейдің Немирович-Данченко атындағы музыкалық театрының майталманы Денис Макаровтың өнерін тамашалады. Келесі күні кезек халық музыкасына тиіп, «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен Бибігүл Төлегенова, домбырашылар дуэті, Мейір Бейнешов сынды сахна саңлақтары сайрады.
«Оркестрлер шеруі» фестивалінің шымылдығын мемлекеттік академиялық симфониялық оркестр жапты. Жәния Әубәкірова, Денис Макаров (Ресей), Балжан Асатур (Армения) сынды айтулы музыканттар өнерсүйер қауымды бір серпілтіп өтті.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.