• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
28 Қараша, 2016

Алакөл жағалауы абаттандырылады

621 рет
көрсетілді

Алакөл келесі шомылу маусымында демалушылар мен туристерді абаттандырылған жағалауымен қарсы алмақ. Осы мақсатта Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Алакөл демалыс аймағын дамытуға 500 миллион теңге қаржы бөлуге шешім қабылдады. Аталған қаржыға 2017 жылы көл жағалауына апаратын жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жағажайлар көріктендірілетін болады. Жоба бойынша көл жағалауында саябақ ашылып, балалардың спорттық және аттракционды ойын алаңдары салынбақ. Сонымен қатар, автобекет аумағында автотұрақ жасалады. Биыл облыс әкімі Даниал Ахметов өңірлік туризмді дамыту аясында Алакөл жағалауын дамытуға ерекше назар аударып отыр. Өңір басшысының тапсырмасы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, жағалаудағы санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы қауіпсіздік талаптарын тексерген болатын. Бұл ретте жағалаудағы кәсіпкерлік нысандарының көптеген талаптар үдесінен шыға алмай отырғаны анықталды. Сондай-ақ 80 нысанда сәулет және қала құрылысы талаптарының орындалмағаны белгілі болды. Тексеріс қорытындылары бойынша, Үржар ауданының әкімдігі кәсіпкерлермен келесі демалыс маусымы басталғанға дейін кемшіліктерді жою туралы меморандум бекіткен еді. Бұл келісімге сәйкес, кәсіпкерлер қызмет көрсетуді заң талаптарына сәйкес жүргізумен бірге иеліктеріндегі нысандарды абаттандырып, демалушыларға қолайлы жағдай жасауға уағдаласқан. Ең бастысы, Алакөл жағалауында туризмді дамыту мәселесін кешенді шешу мақсатында тиісті инфрақұрылымды құра отырып, демалыс аймағын абаттандырудың жобасы дайындалды. Өткен аптаның соңында облыс әкімі Д.Ахметовтің төрағалығымен Үржар ауданында өткен арнайы кеңестің барысында бұл жоба көпшілік назарына ұсынылып, бекітілді. Жаңа жобаға сәйкес, келесі жылы Алакөлге апаратын жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жағалау мен жағажайлар абаттандырылады, саябақ ашылып, спорт және аттракционды ойын алаңдары салынады. Сонымен қатар, автобекет аумағы абаттандырылып, 200 орындық автотұрақ жасақталмақ. Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин аталған жұмыстардың 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталатынын жеткізді. – Аудандағы азаматтардың өз міндеттерін орындап, Алакөлдің маңайын абаттандыру бойынша тиісті жұмыстарды атқаратынына, демалуға келген адамдарға қолайлы жағдай жасайтынына сенім білдіремін. Бұл ретте Алакөлді Шығыс Қазақстанның мақтануға тұрарлықтай көрікті аймағы етуге алғаш рет бюджеттен арнайы қаржы бөлінуде, – деді кеңесті қорытындылаған Д.Ахметов. Думан АНАШ, "Егемен Қазақстан" Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы.