«Егемен Қазақстан» газетінің 3 қарашадағы санында «Солтүстік социализммен неге қоштаспайды?» атты мақала жарық көріп, өңірдің отаршылдық Ресейді, кеңестік заманның тоталитарлық белгілерін еске түсіретін атаулардан әлі арылмай отырғаны сынға алынған болатын.
Газеттің ұсыныстарын жергілікті билік ескерген болу керек, жуырда Петропавл қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясы қоғамдық тыңдалым өткізіп, бірқатар көшелердің атын ауыстыру, жаңа есімдер беру мәселесін талқылады.
Солнечный шағын ауданында бой көтерген көшелерге Ғалым Малдыбаев, Есләм Зікібаев сияқты белгілі ақын жерлестеріміздің есімдерін беру жөніндегі ұсыныс бірауыздан қолдау тапты. Қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция майоры Алексей Щербаковтың да есімі ұмытылмайтын болды.
– Жария тыңдауға дейін көше атауларының тарихы жан-жақты зерттеліп, тұрғындардың ой-пікірлері жете ескерілді. Алдағы уақытта да Тәуелсіздігімізбен үш қайнасы сорпасы қосылмайтын жер-су атаулары өзгертілетін болады. Сакко және Ванцетти, Клара Цеткин, Володарский, Халтуриннің өңірімізге қандай қатысы бар? – деді жайшылықта бүйректен сирақ шығаруға бейім қалалық мәслихаттың депутаты Павел Афанасьев бұл жолы ерекше белсенділік танытып.
Өңірімізге мүлдем қатысы жоқ, болмаса ешқандай мән-мағынаға ие емес атаулардан көз сүрінетіні рас. Мәселен, облыс орталығында бір Сенная атауында – 6, Кирпичная деп аталатын 4 көше бар. Жиында Бесінші Сенная көшесін атақты спортшы Қазбек Байболовтың, Явленка тасжолына Қожаберген жыраудың есімін беру туралы шешім еш қарсылықсыз қабылданды. Тыңдалымға қатысушылардың бірі Жадыра Қарағожина Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановты да ұлықтау мәселесін қозғады.
Әрине, көше атауларын бір мезетте қалыпқа келтіру мүмкін емес. Десек те, атауларды жаңарту қажеттігін халық қалаулылары түсінген сыңайлы.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы