4 қараша күні Талдықорғанда басталған патриоттық шара бұған дейін еліміздің басқа да өңірлерін аралап өтіп, Павлодарға да келіп жетті. Облыс орталығында осындай тақырыпта өткен шараға жастар жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, жастар ұйымдарының өкілдері, «Қазақстан алюминийі» АҚ пен Павлодар мұнай-химия зауыты және басқа да өндірістік кәсіпорындарда еңбек етіп жүрген жұмысшы жастар қатысты.
Патриоттық шарада сөз алған жергілікті ҚХА жастар қанатының көшбасшысы, «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің бас сарапшысы Максим Споткай: «Эстафетаның басты символы «Жастар жетістіктерінің кітабы» желтоқсан айының басында Мемлекет басшысына табысталады. Ал бүгін эстафетаны қостанайлықтардан павлодарлықтар қабылдап алды. Бұл естелік, мерейтойлық кітапқа біздің жастарымыз да өздерінің жетістіктерін жазуда», – деді.
Сонымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен өткен бұл шараның мақсаты – еліміздің барлық өңірлеріндегі жастардың тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін паш ету және олардың осы жылдар ішінде еліміздің өркендеуіне қосқан үлестерін көрсету. Өңірде жастардың әлеуметтік проблемаларын шешу, олардың бастамаларын қолдау және жастар саясатының институттығын нығайту, жұмыссыздық деңгейін төмендету.
– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізіліп отырған патриоттық шараның маңызы да ерекше. Біздің жастар да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда. Олардың арасында үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары, мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар бар. Облыстағы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 1042 жас ауылға барып қызмет істеуде, 800-ге жуық жас шағын бизнесін ашып үлгерді. Ал «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы арқылы өткен жылы көптеген жас отбасылары үйлі болды, – деді жастар орталығының басшысы Саят Жүсіпбаев.
– Біздің еліміз тұрақтылық пен бейбітшілікте өмір сүруде. Әртүрлі ұлт өкілдері осы елдің өркендеуі үшін үлес қосуда. Достық, бірлік бар жерде береке, байлық, қуаныш бар. Өңірдегі Ассамблея жанынан 15 этностық жастар бірлестіктері құрылған, – деді облыстық Ассамблея жанындағы жастар бірлестігі кеңесінің басқарушысы Элина Паули.
Тәуелсіздікке қол жеткен жылдары туған бұл ұл-қыздар – бүгінгі еркін елдің ертеңі. Бұл шара – студенттер, жұмысшылар, ауыл жастарына, басқа да жастарға үлгі.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР
Суретті түсірген
Мақсат АЙТБАЙ