Қостанайда «25 жұлдызды күн» акциясы шеңберінде «Мемлекеттік тіл –қоғам бірлігінің және мемлекеттілікті біріктірудің басты факторы» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті.
Онда облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жанболат Үмбетов сөйлеп, бір кездері өңірде табалдырықтан қарап қалған ана тіліміздің бүгінде қайта өркендеуі Тәуелсіздіктің арқасы екенін айтты. Ең алдымен қазақ тілі мемлекеттік тілге айналды. Облыс өңіріндегі аудан, қалалардың барлығында қазақ тілінде білім беретін мектептер жұмыс істейді. Бір Рудныйдың өзінде үш қазақ мектебі бар.
Облыста мемлекеттік тілдің өрістеуі үшін тіл үйрену орталықтары ашылған. Ондай орталықтардың саны бүгінде 18-ге жеткен. Онда қазақ тілімен қатар ағылшын тілі, ұлттық-мәдени орталықтардың тілегімен неміс, украин, корей, татар, әзербайжан тілдері оқытылады.
Облыс өңірінде мемлекеттік тілді үйренуге жастардың ықыласы да, белсенділігі де жоғары. «Абай оқулары», О.Бөкей атындағы мәнерлеп оқу байқауларының облыстық, республикалық деңгейлеріне облыстан қатысып, жүлде алып жүрген өзге ұлт өкілдері көбейіп келеді. «Тіл дарын» клубының белсенділері де негізінен қазақ тілін үйреніп алған, мемлекеттік тілде сөйлейтін өзге ұлт жастарынан тұрады.
– Менің қазақ тілін меңгеруіме ата-анамның еңбегі зор. Елбасы Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екенін айтып келеді. Мені оқуға қазақ мектебіне бергені үшін ата-анама алғысым шексіз, – деді таза қазақ тілінде сөйлеген А.Байтұрсынов атындағы университеттің студенті Ольга Тихова. Бір қызығы, облыстың жергілікті ұлт саны аз Федоров, Жітіқара, Ұзынкөл секілді аудандарында жастардың мемлекеттік тілді үйренуге деген құштарлығы жақсы. Дмитрий Ромашенко өскен Федоров ауданында қазақтардың саны 18 пайыз ғана. Талапты жас қазақ тілін өз бетімен үйреніп, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы мамандығын тәмамдап, қазір өзінің туған жеріндегі қазақ мектебінде ұстаздық етеді. Мұндай мысалдар жеткілікті. Облыста жастардың қазақ тілінде өнер көрсететін КВН командаларының саны жүзге жетіп жығылады екен.
Жастардың тілге деген ықыласы мен жұмысынан мемлекеттік тіл мерейлене түскендей және оның жарқын болашағы да көрінгендей болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ