Тәуелсіздік – егемен ел болумен қатар, уақыт көшінің түрлі шайқалысында ұлтымыздың түйілген жүгінен сусып түсіп, әр өткелде шашылып қалған құнды дүние, асыл қазыналарымызды қайта теріп, болашаққа аманаттауға берілген мүмкіндік.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Тарих және құқық институтының Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдығына орай өткізген «Тәуелсіз Қазақстан және әлемдік қоғамдастық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы еліміз тәуелсіздік алған кездегі тарихи мүмкіндікті қалт жібермей, ұлт құндылықтарын түгендеуге кіріскен тарихшылар еңбегіне арналды.
«Әлемдік қоғамдастықта өзіндік орынға ие болған Қазақстан әлемдік саясаттың бір мүшесі ғана емес, бір субъектісі де болып үлгерді. Ішкі саясат жетістіктерінен сыртқы саясат жетістіктері әлдеқайда қомақты десем, артық айтпас едім. Бізге қазір сыртқы саясат үлкен пайда әкеліп отыр. Ресей, Қытай, АҚШ сияқты ірі державалармен ғана емес, Орталық Азия елдерімен де, Еуропамен де қарым-қатынасты жолға қоя білу кез келген мемлекет басшысының қолынан келе бермейтін іс», деген профессор Сайын Борбасов Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтарына тоқталып өтті.
Тарих және құқық институтының директоры, профессор Болат Жұмағұлов, академик Қайрат Исағалиев, тарих ғылымдарының докторы Әзімбай Ғали, осы оқу орнының магистранттары мен оқытушылары, студенттері, ғылыми институттардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысқан халықаралық конференция қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілді.
«Қазақта «Елу жылда ел жаңа» деген сөз бар. Біз «25 жылда ел жаңа» десек, артық айтпаспыз. Оған 90-шы жылдардан бері еліміздің қаншалықты өзгергені дәлел. Еліміздің әрбір азаматы қасиетті тәуелсіздіктің қадірін білуге тиіс», деп түйіндеді конференция жұмысын ҚазҰПУ проректоры Ғабит Кенжебаев.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ