• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2016

Міндет мінсіз орындалуы тиіс

100 рет
көрсетілді

Кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қатысуымен Қарулы Күштердің ұлттық әскери-патриоттық орталығында партияның Астана қалалық филиалының есептік-сайлау конференция­сы өтті. Қала әкімі Әсет Исекешев жетекшілік еткен жиында осы кезге дейін атқарылған шаруалардың қорытындысы тыңдалып, болашақта жүзеге асырылуы тиіс басым бағыттар айқындалды. «Елбасымыз бүгінде бүкіл әлем таныған әсем Астанамызды салып, оны дүние жүзіне жарқырата көрсетті. Астана бүкіл өңірлеріміз үшін дамудың даңғыл жолына айналды. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының астаналық филиалы Елбасымыздың бағдарламалары мен стратегиялық курсын орындауда облыстық партия ұйымдары үшін үлгі-өнеге болуға тиіс», – деген Мұхтар Абрарұлы мұндай міндет, әсіресе, миллиондаған Экспо қонақтарын қарсы алу кезінде ерекше мәнге ие екендігін атап өтті. Бүгінгі таңда «Нұр Отанның» астаналық филиалы 350 бастауыш партия ұйымының басын біріктірсе, соңғы екі жыл ішінде Астанадағы жетекші саяси партия мүшелерінің саны 12 195-тен 45 501 адамға дейін артыпты. Мұндай деректерді жиында арнайы қорытынды баяндама жасаған партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орын­басары Еділ Мамытбеков мә­лімдеді. Сондай-ақ, партияның мұрын­дық болуымен осы кезге дейін 5 мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылып, оған 400 мыңнан аса адамның қатысуы қамтамасыз етілген. Соның ішінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында қабылданған заңды тү­сін­діру жұмыстары бойынша 463 кездесу өткізіліпті. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағ­дар­ламасын жүзеге асыруды тұ­рақты бақылау жұмыстарын да шебер үйлестіріп келеді. Осы мақ­­сатта мәслихаттағы партия фра­к­циясы жанынан арнайы төрт инс­пекциялық комиссия құрылып, олар Астанадағы құрылыс нысандарын аралап, 22 рейд жүргізген. Ал партияның қалалық қабылдау бөлмесіне соңғы екі жылдың ішінде 26 мыңнан астам азамат көмек сұрап келген болса, олардың 38 пайызының мәселесі сол жерде оң шешімін тапқан. Қалғандары тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, партия­лық бақылауға алынған. Есептік-сайлау конференция­сын­­да қызу талқыланған тағы бір тақырыптың бірі – таяуда Қазақстан Парламенті қа­был­­­даған Тәуелсіздіктің 25 жыл­­дығы Декларациясы болды. Оған ерекше көңіл бөлу қа­жет­тігіне тоқталған Партия Тө­ра­ғасының бірінші орынбасары, Елбасымыз ширек ғасырда Қа­зақстанды қуатты, біртұтас, қар­қынды дамыған мемлекетке ай­налдырғанын тілге тиек етті. «Қазіргі таңда Елба­сы­мыз алдымызға Бес ин­с­ти­ту­ттық реформа, «100 нақ­­ты қадам» Ұлт жоспары, «Нұр­лы жол», ин­дустриялық-инно­вациялық да­му бағ­дар­ламасы, әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қа­­та­рына қо­сы­лу сияқты жа­ңа ау­қымды мін­деттер мен мақ­саттар қойып отыр. Біздің пар­­тиямыздың бас­ты міндеті – Мем­лекет басшысы тап­сыр­ма­ла­рының орындалу сапасына қатаң әрі тұрақты бақылау орнату болып табылады», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»