• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2016

Мемлекетшіл болудың жолын меңзейді

194 рет
көрсетілді

Қазақта «жылқы кісінескенше, адам тілдескенше»деген сөз бар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінің әр санына жарияланып отырған «Ұлы дала ұлағаттары» атты кітабы  халық пен Президенттің өзара тілдесу, түсінісу, сырласу үлгісі екеніне дау жоқ. Осы жазбаның «Саясат салтанаты» деп аталатын бөлімінде біздің елі­міздің алғаш азаттық алған күннен бастап осы күнге қалай жеткені, қолға тиген Тәуелсіздік қалай тұғырға қо­нып, қалт-құлт етіп, жаңа тәй-тәй бас­қан мемлекет, мемлекеттілік қалай қалыптасқаны жайында тәптіштей баян­далады. «Мен үшін елімді дамыған мемле­кет­тердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат» жоқ деген Нұрсұлтан Әбішұлының ұлы мұрат жолында немен жігерленіп, күш-қуат­ты, ерік пен рухты, қайратты қалай шың­дағанына тәнті боласың. Ер азаматқа қанат бітіріп, ұлы істер тындыруда серік болатын ел сенімі екен. Сонымен қоса, әрине, туған еліне, жеріне деген махаббаты, Отанына деген сүйіспеншілігі. Бұл орайда Елбасы: «Қабырғалы халқы болмаса, қандай басшының да тауы шағылмай, тауаны қайтпай тұрмайды», - деп ағынан жарылыпты. Дәл осы бөлімде елді саяси-экономикалық жақтан біршама дамытып, алға межелі міндеттер қойып, қарыштап дамыған Қазақстанды әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері қатарына қосуға күш салғанын айта келе, Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдарда жеткен жетістіктерімізге де тоқтала кетіпті. Атап айтқанда, Қазақстанның халықаралық беделіне байланысты еліміздің биылғы, яғни 2016  жылғы 28 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланғанын айтады. «Бұл Кеңес – БҰҰ-ның Жарғысымен «ха­лықаралық бейбітшілік пен қауіп­сіздіктің басты  жауапкершілігі» жүк­телген, тұрақты жұмыс істейтін орган. Елі­міздің оған мүше болуы Қазақ­стан­ның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мойындалуы деген сөз», - дейді. Қазақстанның мұндай жетістікке жетуіне, сөз жоқ, тәуелсіздік алысымен еліміздің Семей ядролық-полигонын жабуы және қуаты жағынан әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан бас тартуы, әлемдік қауіпсіздік пен ынтымақтастық үшін республикалық және халықаралық ірі жобаларды қолға алып, терроризммен күресте өз позициясын мықтап ұстанып, ұдайы белсенділік танытып отыруы, Қазақстанның бейбіт­құ­марлығы, татулықсүйгіштігі жол аш­қан. Қазақстан білімі мен біліктілігіне көрегендігі үйлескен Президенттің бас­қаруымен осы жылдың өзінде  халық­ара­лық дәрежеде жаңа нәтижелерге қол жеткізді. 2016 жылғы 17 маусымда Қазақ­стан Орталық Азияда алғашқы болып Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Бәсекелестік жө­нін­дегі комитетінің мүшелігіне қабыл­данды. Осылайша, жаһандық экономиканы қалыптастыруға әсер ететін белді халықаралық ұйым жұмысының бел ортасында жүріп,  әлемдік нарықтың бағыт-бағдарын белгілеуге өз ықпалын тигізуге ұмтылды. Мұндай ауқымды шаруаларға рухы мықты, еңселі ел ғана бара алатыны анық. Бұл тұрғыда «Туған тілдің тұғыры» деген тақырыппен өзінің тіл туралы толғамдарын, мемлекеттік тіліміздің қазіргі қолданылу күйі мен оны дамыту, мәртебесін өсіру, аясын кеңейту жайлы өз ұстанымын баяндаған Нұрсұлтан Әбішұлы Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» дейтін қанатты сөзін тілге тиек етіп, Ата Заңымыздың 7-бабына «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі»  деп жазу  Тәуелсіздіктің, азаттықтың жемісі екенін еске салыпты. Десе де, өз тілін өгейсініп, өзге тілдің ығы­на жығылғандар әлі де мемлекеттік қыз­метте әлі де көп кез­де­сетініне қын­жылыс білдіргендей болады. Мұның бәрі «ұлттық намыстың аздығы,  ерсі әрекетке еліктегіштік, ұлт дәстүріне енжарлық» салдары екенін атап өтеді. Кейде халық бала секілді. Қамқор ата-ана ненің қажет, ненің болашақта пайдалы екенін тәптіштеп түсіндіріп отырмаса, болашағын болжап біл­мейді. Бұл орайда, үш тұғырлы тіл сая­сатын ұсынған Нұрсұлтан Әбішұлы «бұрын көп тіл білу мақтан болса, енді ол қажеттілікке айналғанын» тү­сіндіріпті. «Әлемдік ақпарат, технология, жаңа инновациялық индустрия ағылшын тілінде жүріп жатыр. Демек, бұл тілді біз еркін меңгеруіміз керек», - дейді Президент «Ұлы дала ұлағаттары» кітабында. Әйтсе де, ұлттық рухтың өзегі туған тіл деп қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев  отандастарын қанша тіл білсе де, туған тілінің туын жоғары ұстауға шақырады. Бірлігі мықты, қуаты күшті, қар­қынды дамуға бейім ел болу үшін сын­дарлы саясат ұстанып, алды-арты ба­жайланған экономикалық бағ­дар­ла­малар қабылдап, ел тұрмысын дамытуды мақсат тұту тым аз. Ендеше, «Ұлы дала ұлағаттары» кітабындағы бір бөлім тіл мәселесіне арналса, тағы бір бөлімнің «Дін мен дәстүр» аталуы да қисынды. Дінді «рухсыздық пен қанағатсыздықтың алдына қойылған ең берік қамалдардың бірі» деп айдарлаған Елбасы бұл бөлімде еліміздегі қазіргі діни ахуалды біршама саралапты. Шариғат тұрғысында біз де қазір бірнеше ағым бар екенін айтып, «Солардың бірі – құдайсыздық пікірін ұстанатындар. Екіншісі – ислам дініне таза ұлтшылдық тұрғысынан қарайтындар. Енді бі­реу­лері – ислам дінінің негіздерін ха­лықшыл-мемлекетшіл тұрғыдан терең тү­сініп, оның қадірін білетіндер» деп атап өтіпті. Алғашқы екі бағытты ұстанушылар тынымсыз еңбектеніп, діни сауаты таяз талай жасты тура жолдан адастырып отырғанын жаны қинала баяндапты. Отандастарын ислам дінінің құндылықтарын ажырата білуге, осы тұрғыда білімді арттырып, ата-бабаларымыз ұстанып келе жатқан мұсылманшылық дәстүрді, өз жолымызды ұстануға шақырған Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі күні адасқандарға жалау болған жиһад ұғымының шын-мәнінде қырып-жою, террористік әрекет жасап, кісі өлтіру емес, белгілі бір нәтижеге жету үшін, ел мүддесі үшін ынта-жігер таныту, күш-қайрат жұмсау екенін де жалықпай түсіндіріп өтіпті. Алла жаратқан өмірді сүю, адамды сүю, Отанды сүю және қастерлеу – мұ­сылманның басты шарты екенін жү­ректен шыққан сөзімен жеткізіпті. Адаспаудың, дұрыс, тура жолда өмір сүрудің ең тиімді жолы өткенге тас атып, өзге елдің үгіт-насихатының ықпалында кету емес, ата-бабаларымыз салып кеткен жолдан жаңылмау, топшыл болмай – көпшіл болу, мемлекетшіл болу. Ел ертеңіне алаңдап, жас ұрпағымен сырласқан абыздай Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы дала ұлағаттары» кітабында осыны меңзейді. Әлібек АСҚАР, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ұлттық кітап палатасының директоры