Мозамбиктің минералды ресурстар жөніндегі министрі Эсперансе Лауринда Франциско Биас бастаған ресми адамдар мен кәсіпкерлер ENRC компаниясының шақыруымен өндірісті өңірге келіп қайтты. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев африкалық елден келген қонақтармен кездесіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы және өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері туралы әңгімелеп берді.
– Облыс өркенді дамып келеді, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өндірісінде 166 жоба жүзеге асырылуда. Бұған елімізде жасалған инвестициялық үдеріс, соған сай қабылданған әлеуетті мемлекеттік бағдарламалар жол бастауда, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Өңірдің әлеуметтік дамуына инвесторлар белсене қатысып, олардың көшбасшысы – ENRC компаниясы тұрғын үйлер мен балабақшалар салуда, ауруханаларды медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, мектептерге, мәдениет пен спортты дамытуға үлес қосып келеді. Алыс қашықтықтағы екі ел арасындағы байланыс үстел басындағы әңгімелесуден, таныстықтан өріс алатыны сөзсіз.
– Мозамбиктің де табиғи байлықтары жетеді. Олай болса, өндірісті өңір мен біздің ортақ мәселелеріміз көп. Енді ENRC компаниясы арқылы екі жақты қарым-қатынасымыз нығая түседі деп ойлаймын, – деді Эсперансе Лауринда Франциско Биас.
Африкадан келген қонақтар облыс орталығындағы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-та және Ақсу ЖЭС-те, Екібастұздың «Восточный» разрезінде және Ақсу ферроқорытпа зауытында болып, өндіріс орындарының жұмысымен танысты.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.