АҚШ-тың Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Джон Ордвей Қостанайда болды. Ол облыс әкімі Сергей Кулагинмен және Л.Толстой атындағы облыстық кітапханада жергілікті студент жастармен кездесті.
Әкіммен болған кездесуде елші Қостанай жерін алғаш басып тұрса да астықты өңір туралы біліп-түйгені аз емес екенін жеткізді. Сергей Кулагин де мәртебелі мейманға «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дегенді айтып, биылғы бітік егіннің көрсеткіштерін әңгімеледі.
Мұнан кейін елші облыстық кітапханадағы «Америка бұрышында» студент жастармен, жұртшылық өкілдерімен, журналистермен кездесті. Елші АҚШ пен Қазақстанның сан-салалы байланысы жөнінде көптеген сұрақтарға жауап берді. «Қазақстан – әлем елдерімен жан-жақты қарым-қатынас орнатқан мемлекеттердің бірі. АҚШ Қазақстанмен көптеген халықаралық, соның ішінде лаңкестікке қатысты мәселелерді бірлесіп шешуде. Жақында Қостанай облысымен ғылым және техника салалары бойынша ортақ келісімге қол қойдық», – деді Джон Ордвей.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.