Ынтымақтастықтың еуразиялық көпірі
Қазақстан халқы биыл тіршіліктің қай саласында болсын айрықша серпіліс үстінде. Өз тәуелсіздігін еселенген құлшыныспен тұғырландырып, жаһан жүзіндегі үлгі тұтар мемлекетке айналуы Қазақ елінің биік мұраттар жетегінде екендігін айғақтайды. Мені ерекше қуантатыны, халқымыздың бейбіт және алаңсыз өмірін қамтамасыз ету мәселесінің үнемі бірінші кезекке қойылып келе жатқандығы. Бұл күні кеше қабылданған Тәуелсіздік Декларациясында орынды атап көрсетілді. Декларацияның өн бойынан Қазақстанның әлем тыныштығына бағытталған 25 жылдық қызметі көрініс тауып отыр. Бұл жөнінде қазақстандық үлгінің баламасы жоқ екендігі де айқын. «Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдердің қатарына кіреді. Президент Н.Назарбаев Қазақстанды еліміздің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірместен ядролық қарусыз мемлекетке айналдыру жөніндегі тарихи маңызды міндетті шеше білді.1991 жылғы 29 тамызда Елбасы Семей ядролық полигонын жапты. Қазақстан Президенті өз елінің ғана емес, сондай-ақ, бүкіл адамзаттың тағдыры үшін өзіне жауапкершілік ала отырып, әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде танылды», деген сөздер Декларацияның тарихи маңызын арттыра түседі. Аталған құжаттың Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында қабылдануы алаңсыз тіршілігіміздің баяндылығына сенім қалыптастырады. Өйткені, біз келер күндерден жақсылық күткен, сол үшін аянбай еңбек етіп, үлгілі күрес жүргізіп отырған халықпыз. Бірақ, уақыт ағымы, жаһандық текетірес асыл ойлардың арнасын жойқын толқындармен тербетіп тұрғаны да мәлім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Барша адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты. Бірақ бүгінде бұл елестің сағымға айналуы ықтимал. Әлемге тағы да қатер төніп тұр және оның ауқымын ескермеуге болмайды», деп ашық айтуы сондықтан. Мұның астарынан жойқын зардаптарды байқауға болады. Миллиондаған босқындар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі көрініске айналуда. Экономикалық санкциялар мен сауда-саттық майданы да қалыпты құбылыс болып отыр. Жаугершілік пиғыл бүкіләлемдік ауқымдағы қасіретке айналуы әбден мүмкін. Бұған ешқашан жол беруге болмайды және мұнда Қазақстанның белсенділік рөлі арта түспек. Қарапайым халық, оның ішінде дәрігер ретінде біздің де теледидардың күнделікті хабарларынан жанымыз түршігетін жағдайға жеттік. Мұны мұсылман әлемімен тікелей байланыстыратындар да жетерлік. Бұл пиғылдың мүлдем теріс екендігін, оны өз пайдасына жаратудың жақсылыққа алып келмейтіндігін Елбасымыздың биік мінберлі сөздерінен, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған Декларация жолдарынан байқап отырмыз. Біз бұған күмәнсіз қосылып, қолдау білдіреміз. Бұл ретте, Декларацияда «Қазақстан өңірлік және жаһандық процестердің белсенді қатысушысы бола отырып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қомақты үлес қосуда. «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру Қазақстанның Еуропаның жетекші мемлекеттерімен әріптестік пен ынтымақтастықтың барынша жоғары деңгейіне шығуына жол ашты. Қазақстан ынтымақтастықтың еуразиялық көпіріне айналды» деп жазылуы мерейімізді өсіреді. Жалпы, әлемдік деңгейдегі игі келісімдердің, ынтымақты түсіністіктің арқасында бүгінгі жетістіктерге қол жеткізіп отырғанымызды ұмытуға болмайды. Елбасының сөзіне сүйеніп айтсақ: «ХХ ғасырдың екінші жартысында ядролық қауіпсіздік жөніндегі табысты келіссөздердің нәтижесінде АҚШ пен Ресейдің ядролық арсеналдары айтарлықтай қысқарған болатын. Бес ядролық держава атом қаруын сынау мораторийін жариялады және оны ұстанып келеді. Планетаны жойып жіберу қатері едәуір азайды. Қауіпсіздіктің өңірлік жүйесін құру үдерісі жеделдеді». Сонымен қатар, Елбасымыздың бұл күрестің оңай болмағанын «эрозия» деген медициналық терминмен байланыстырғанын есте сақтауымыз керек. Мен көпжылдық еңбек өтілі бар дәрігер болғандықтан «эрозия» дейтін кеселді емдеуге болатынына сенемін. Оның жолдарын біздің Президентіміз халықаралық беделімен айқындап көрсетіп те берді. Яғни, адамзатқа «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажет екендігі талас тудырмайды. Осынау қарапайым да түсінікті қағидаттың тармақтары Тәуелсіздік Декларациясында тарата айтылды. Мұны, Қазақстан халқы ғана емес, алып державалардың басшылары, халықаралық беделді ұйымдардың жетекшілері, танымал саясаткерлердің қолдап отырғанына қуаныштымыз. Біз жүзі жарқын халықпыз. Сондықтан, жақсы ойлардың жетегінде бола бермекпіз. Болат ЖАНӘДІЛОВ, ардагер дәрігер, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Ақмола облысыБілім саласындағы биіктеріміз бір төбе
Парламент палаталарының бірлескен отырсында қабылданған Декларацияда тәуелсіздік жылдарында еліміздің білім беру саласында жеткен жетістіктері сараланып көрсетілген. Осы уақыт аралығында егемен еліміз әлемдік білім беру кеңістігінің бел ортасынан орын алды десек, артық айтқандық емес. Ал бұл тек айтуға ғана жеңіл дер едік. Мұндай биікке жету үшін ең алдымен оған қажетті жағдайлар мен алғышарттар жасалуы керек болатын. Солай болды да. Сапалы білім беру көкжиегі одан әрі көтеріле түсті. Оны қалыптастырудың шешімі мен кілті табылды. Осы арқылы отандық білім беру жүйесі жаңа жаңғыртылған сатыға көтерілді. Осы жетістіктердің бәрі тәуелсіздік жылдарының үлесіне тиеді. Тәуелсіздік Декларациясында мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналған білім беру ісіндегі жетістіктеріміздің кең ауқымда көрініс табуы осы саланың басы-қасында жүрген әріптестерімізді бір серпілтіп тастады. Ашығын айтқанда, еліміздегі орта, арнаулы және жоғары білім беру желісі тәуелсіздік тұсында түбегейлі өзгерістерге тап болды. Осы орайда тәуелсіздіктің тағы бір жемісі Елбасымыздың тікелей бастамасымен құрылған дарынды балаларға арналған лицей, гимназия және мамандандырылған мектептер жүйесі деуге болады. Осы арқылы тұлға қалыптастыру ісіндегі алғашқы қадамдарды мектептерден бастауға жол ашылды. Тәуелсіздік жылдарында кеңестік дәуірде тоқырау жылдары деп айдар тағылған тұста бәсі мен мәртебесі түсіп кеткен отандық ғылым жүйесін жетілдіруге кең мүмкіндіктер туғызылды. Бір сөзбен айтқанда, ғылым елдегі әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуларға өз үлесін қосуы тиіс. Ғылыми ізденістер мен жаңалықтар өндірісті өркендетудің бір тетігі мен тұтқасына айнала алмаса – мұндай ғылымның құны көк тиын. Дегенмен, Мемлекет басшысының отандық ғылымды қолдау жөніндегі Үкімет басшысына берген жауапты тапсырмасы арқасында бүгінде ғылым деңгейі кеңейіп келеді. Өз кезегінде соңғы уақытта ғалымдарымыз ашқан ғылыми жаңалықтар өндіріс тиімділігін көтеруге жол аша алғанының өзі бір мәртебе. Әлемдік адами даму нормаларында ересек адамдардың сауаттылық деңгейі, адам деңгейі индексі және зияткер ұлтты қалыптастыру деген ұғымдар бар. Егер осы өлшемдерді көтеруге және оны тұрақты түрде қалыптастыруға жағдайлар туғызылмаса, бұлар еш уақытта өркениетті елдер мен мемлекеттердің қатарына қосыла алмайды. Әрі ешқандай бәсекеге де төтеп бере алмайды. Бұл арада айтайын дегенім, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Декларацияда бұл көрсеткіштер бойынша Қазақстанның әлемдік тізімнің алғашқы үштігіне кіретіні көрсетілген. Біз осындай жетістіктеріміздің қадір-қасиетіне терең бойлап, оны бағалай алып жүрміз бе? Мәселенің бір мәнісі осында болса керек. Сондай-ақ, Президенттің тікелей қолдауы арқасында «Болашақ» бағдарламасымен «Назарбаев Университет», Назарбаев зияткерлік мектептері секілді ерекше сипаттағы оқу орындары желісі құрылғаны – бөлек бір әңгіменің еншісі. Бүгінде осы озық әлемдік жүйелер бойынша білім алған дарынды ұл-қыздарымыз ел игілігіне өз қайтарымын бере бастағаны да үлкен мерей. Ал республикадағы университеттік білім беру мәселесі жөнінде айтсақ, бұл деңгей тек ел ордасы Астана мен Алматы қалаларында ғана емес, сонымен бірге, ел аймақтарында да өсе бастады. Бұған ешкім талас туғыза алмайды. Соның ішінде аймақтық жоғары оқу орындарында оқыту үдерісі нарық сұраныстарын ескере отырып жүргізілуі – бүгінгі талаптарды терең зерттеу тұрғысынан бастау алып жүргеніне куәміз. Түйіп айтқанда, Тәуелсіздік Декларациясында көрсетілген еліміздің білім мен ғылым саласындағы жетістіктері алдағы уақытта өзінің өрісін одан әрі кеңейте түсетініне сенім мол. Ақсерік ӘЙТІМОВ, Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры ОРАЛӨркенді елге өріс кең
Арқаның төрінен бой көтерген, ажарына айбыны сай, бұл күндері әлем көз тіккен ару Астананың кімнің ұсынысымен өмірге келгенін, іргетасы қалай қаланғанын халқымыз айна-қатесіз біліп отыр. Әлемдік саясат құбылып тұрған алмағайып заманда Қазақ елінің қан тамырлары тоғысқан жүрегі іспетті бас шаһарымызды байтағымыздың кіндігінен, стратегиялық маңызды орыннан тұрғызу идеясын батыл көтерген – Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, тұғырлы саясаткер, көреген Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екенін парасатты халықтың әлдеқашан пайымдағаны да қапысыз шындық. Ең бастысы, Президентіміздің ел астанасын Алматыдан көшіру туралы идеясының стратегиялық тұрғыда дұрыстығын билік басындағылардан бастап, жалпы зиялы қауымның дені түсінді. Алайда, олар өтпелі кезеңнің дауылы өтінде шатқаяқтап тұрған экономикамыздың дәрмені қалай жетпек деп күмәнмен қарады. Бұл идеяның дұрыстығын мүлдем түсінбеген әлдекімдер ертегіге балап, даңғазалыққа санап, миығынан күліп жүрді. Ондайлар өз ойларының тым ұшқарылық болғанын арада бес-алты жыл өтпей-ақ болашақ Астананың күрделі құрылыс нысандарының көкке өрлей бастағанын өз көздерімен көргенде ғана біліп, ұлы идеяға еріксіз мойынұсынды. Ал экономикалық қарымымызға, әлеуетімізге сенбегендердің күмәні бір жағынан орынды еді. Алайда, «Патшада жүз кісінің ақылы бар» дегендей, білімділік, ақылдылық, мейірбандық, батылдық сияқты сан қасиет бір басынан табылатын Елбасының өз-өзіне сенімділік қасиеті бәрінен де басым түсті. Нұрсұлтан Назарбаев тек келбетті Астана ғана тұрғызған жоқ, Тәуелсіздіктің 25 жылы Декларациясында атап көрсеткеніндей, еліміздің бүкіл өркенін алға сүйреді. Қазақ елін небәрі 25 жылда 200 жылдық өркен биігіне көтерді. Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына жетеледі. 90-жылдары Кеңес Одағы ыдырап, бізбен бірдей тәуелсіздікке қол жеткізген өзге республикалар ұлтаралық қатынасты реттей алмай жатқанда, біздің еліміздің 130 ұлтын «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» ынтымақ-бірлікте ұстап, ТМД елдерінде ғана емес, әлем халықтарына үлгі көрсете білуінің өзі Н.Назарбаевтың кемел саясаткерлігінің арқасы еді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда ғана емес, әлемдік саясатта орны бөлек тұлға екені халықаралық деңгейде мойындалды. Әлемді алтыбақан алауыздық жайлаған бүгінгі таңда бүлінген елдерге әркез араағайын бола білу арқылы да зор беделге ие болып келеді. Тоқсаныншы жылдардың басында-ақ Таулы Қарабақ жанжалын реттеуге араағайындық жасап, салиқалы саясаткер екенін әлемге танытқан еді. Содан бергі 24 жыл ішінде халықаралық талай бітіспес дауды шешуге мәмілегерлік жасап, әлем бейбітшілігін бекемдеу ісінің бел ортасынан көрініп жүр. Ынтымақ, береке атты болашағы зор ұлы да ұлағатты істі Елбасымыз еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күннен бастап ту етіп көтерді. Құдайы қолдаған, бұрыннан береке-бірлігі жарасқан көпұлтты республика халқын Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы астына берік топтастыра білді. Бұл ретте осы саясаттың ұйытқысы болған Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы өз жемісін берді. Ең бастысы, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Парламенттен 9 орын берілуі елімізде жасап жатқан әр ұлт өкілдерінің мемлекет билігіне өз өкілдіктерін қатыстыру арқылы тең құқық иеленіп отыр. Елбасымыз Қазақстан халқының ынтымақ-бірлігін нығайтудың сыртында қазақ ұлты мәселесін де өз орнына қоя білді. Осы өлкенің байырғы иесі қазақ деген халықтың мыңдаған жылғы тарихы, мәдениеті барын таныту арқылы үш ғасырлық бодандық заманда көмескі тартқан ұлттық санамызды жаңғыртып, ұлттық рухымызды асқақтатты. «Мәдени мұра» бағдарламасы ауқымында ұмыт болған салт-сана, ұлттық құндылықтарымыз қалпына келді. Ұлт тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерді. Қазақ үнін алғаш рет мұхиттың арғы бетінен естіртті. Ал тағдыр тәлкегімен әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылып кеткен қандастарымызды тәуелсіздіктің елең-алаңында қарашаңырақтарына шақырып, бауырмалдық танытты. Нәтижесінде, алыс-жақын шетелдерден 1 миллион ағайынымыз атажұртымен қауышты. Үзбен ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ АстанаЖасампаздық жолы
«Толған ел – толықсыған көл» дейді. 25 жыл – тарих өлшемі үшін аз ғана уақыт. Ал Тәуелсіздік алған ел үшін әр секунд – сын сәті. Міне, осы сынға толы ширек ғасырда төрт құбыламыз түгенделді. Шекарамызды делимитациялап, демаркацияладық. Іргеміз бүтінделді. Алыс-жақын шетелдермен терезесі тең ел ретінде сөйлестік, байланыс орнаттық. Барыс-келіс көбейді. Интеграциялық игіліктер игерілді. Шетел инвестициясы келді. Халықаралық беделді ұйымдарға мүше болдық. Үніміз күллі тарапқа жетті. Үндеу жарияладық. Ажал апанына айналған Семей сынақ полигонын жауып, халықаралық қоғамдастықты атомды бейбіт мақсатта игеруге, ядролық қарудан бас тартуға шақырдық. Ядролық жойқын арсеналдан бас тартқан Қазақстанды төрткүл дүние ізгі, бейбіт ел ретінде таныды. 25 жылдағы бейбітшілік саясатын нық ұстанған елімізге деген сенімнің көрінісі болар, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайландық. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу жас мемлекеттің жауапкершілігіне жүктелуі де еліміздің еңсерген жетістіктерінің еншісі болып табылады. Осы сияқты 25 жылдық межеде қол жеткізген игіліктер мен жетістіктердің барлығының бастауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Мемлекет басшысының жаңа тұрпатты, мығым мемлекет құрудағы рөлі мен өлшеусіз еңбегінің Тәуелсіздік Декларациясында айтылуы заңдылық. Бұл өткенімізге шолу, бүгінімізге тиянақ, ертеңімізге жігер берген құжат болды. Тәуелсіз Қазақстанда тәуелсіздік құндылықтары қалыптасты. Бұл – ұлтымыздың денсаулығы, білімі һәм әлеуеті. Аталған салаларда жоғары жетістіктерге жету үлкен еңбекті, қажыр-қайратты қажет етеді. Тұңғыш Президентіміздің әлемнің түкпір-түкпіріне жасаған мемлекеттік сапарларының нәтижесінде біз дүние жүзінің жақсылықтарын көрдік, көңілге тоқыдық, дамудың қазақстандық моделін қалыптастыруға ұмтылдық және бұл әрекетіміз белгілі дәрежеде нәтижесін берді. Айталық, елімізде зияткер ұрпақты қалыптастыруға мүмкіндік беретін мектептер мен университеттер ашылды. «Болашақ» бағдарламасы жаһанның жауһар білімімен сусындауға жолдама берді. Мұндай мүмкіндік әлемнің дамыған елдерінің өзінде беріле бермейді. Сол сияқты заманауи медициналық орталықтар бой көтеріп, дәрігерлеріміз шетелдегі денсаулық сақтау орталықтарымен қарым-қатынас орнатты. Ұлт саулығын ұлғайтуға арналған ресурстар мен әлеуметтік жобалар кеңінен қанат жайды. Тәуелсіздік Декларациясының Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында қабылдануы да Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңындағы мемлекетіміздің бүгінгі мәртебесін қалың халыққа жеткізу үдесінен табылды. Қазақ халқы «Талқы – елге пайда, тамшы – жерге пайда» дейді. Сондықтан, Тәуелсіздік Декларациясы – қазақстандықтардың халықшыл, мемлекетшіл ретіндегі рухы мен жігерін жани түсетін өзекті құжат деуге болады. Зумрад ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ, Зайсан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Шығыс Қазақстан облысыТәуелсіздік шежіресі
Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданған Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларациясы бүгінгі күннің серпіліс беретін оқиғасына айналды. Бұл «Тәуелсіздік алған 25 жыл біздің елімізге, маған не берді?» деген әр қазақстандықтың көкейіндегі сауалға нақты, тұщымды жауап дер едім. Міне, Тәуелсіздік алған уақыттан бергі 25 жылда тұтас бір ұрпақ дүниеге келді. Олар қазір жоғары оқу орындарын бітіріп, бір-бір мамандық иесі атанып, елге қызмет етіп жүр. Олар қызыл империяның құрсауында қалып, тіліміз бен дініміз аяқасты болған, жеріміздің асты-үстіндегі байлық Мәскеу жаққа шикізат болып артылатын уақытты көрген жоқ. Тәуелсіздік жылдары ана тіліміз өрістеді, имандылыққа бет бұрдық, ақтаңдақтарға толы тарихымызды жаңа көзқараспен қайта қарадық. Қысқасы, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Осының барлығы да Декларацияда Тәуелсіздік жылдарының шежіресіндей баяндалған. Тәуелсіздік қолға тигенмен Қазақстан бүгінгідей төрткүл дүниеге бірден таныла қалған жоқ. Еліміз қиындықтармен бетпе-бет келді. Мемлекеттің саяси жолын, ұстанымын таңдау өте күш жігерді қажет етті, сонымен қатар, экономикалық формация өзгеріп, жоспарлы экономиканың орнына нарық келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты елді алдымен осындай тығырықтан алып шықты. Саяси аренаға шыққанына 25 жыл ғана болған Қазақстан қазір бүкіл дүние жүзіне танымал, ірі державалар санасатын елге айналды. Декларациядан Қазақстанның 25 жылда жүріп өткен жолын көреміз. Оның барлығы да Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасы екені ақиқат. Елбасы бірыңғай саясатқа ғана мән берген жоқ, ол «алдымен – экономика, сосын – саясат» деген ұстанымда болды. Сондықтан елдің өндірісін дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін қаншама бағдарлама жүзеге асырылды. Жыл сайын Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында алдағы атқарылар істерді халық біліп отырды. Қазақстанның әлемнің ең жоғары дамыған 30 елінің қатарына кіруді мақсат етіп қойған «Қазақстан-2050» Стратегиясы жаңа сипаттағы стратегиялық құжат болып табылады. Қазақстан бүгінде осы Стратегияда айтылған жолдан адасқан жоқ. Экономика серпінді даму үстінде. Тек шикізатқа артылмай, өңдеу өнеркәсібіне маңыз берілді. Мысалы, бұрын машина жасау өнеркәсібі Қазақстан үшін қол жетпестей көрінетін. Қазір өзіміз тұратын Қостанайда шетелдік бренд автомобильдер шығарылып жатыр. Елімізде мыңдаған жұмыс орны ашылды. Қазақстан сырт елдерге тек қарқынды дамып келе жатқан экономикасымен ғана бейбітшілікті жақтайтын байыпты саясатымен де танымал болды. Тәуелсіздіктің елең-алаңында-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жапты. «Қазақстан Президенті өз елінің ғана емес, сондай-ақ, бүкіл адамзаттың тағдыры үшін өзіне жауапкершілік ала отырып, әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде танылды» деп көрсетілген Декларацияда. Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. Декларацияда еліміз үшін Елбасының тынымсыз еңбегімен, қажырлылығымен атқарылған өте маңызды іс атап көрсетілген. Ол әлемде жер аумағы жөнінен тоғызыншы орын алатын Қазақстан Республикасының шекарасын делимитациялау мен демаркациялауы болатын. Бұл Мемлекет басшысының сөзсіз тарихи жетістігі деп айтуымыз керек. Қазақстан бүгінде өңірлік және жаһандық процестердің белсенді қатысушысына айналған. Көптеген беделді саяси және экономикалық ұйымдарға мүше болды. Биыл Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында алғашқы болып 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл біздің еліміздің ғана емес, Елбасының да халықаралық беделін көрсетсе керек. Декларацияда «Халықаралық қоғамдастық Қазақстанның халықаралық қатынастарды дамытудағы үлесін лайықты бағалай отырып, біздің елімізге ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуді сеніп тапсырды» деп атап көрсетілген. Бұл Қазақстанның қарқынды дамуының бір көрінісі екенін байқатады. Келер жылы елімізге миллиондаған туристер келеді деп күтіп отырмыз, халықаралық көрмені өткізуге қарқынды дайындық жүріп жатыр. Ал Елбасының тікелей перзенті іспеттес Астана қаласы туралы сөз өз алдына! Тәуелсіздіктің алғашқы 25 жылында осындай толағай табыстарға жеткен еліміз «Мәңгілік Ел» идеясымен алға баса бермек. Еркін ӘБІЛ, Қостанай мемлекеттік педагогика институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор ҚОСТАНАЙТабысымыз таси берсін
Парламенттің бірлескен отырысында қабылданған Декларацияның мазмұнымен танысқанда, Тәуелсіздіктің жемісін көріп отырғанымызды ой елегінен өткіздім. Шын мәнінде Кеңес Одағының боданында болған кезде көрмеген игіліктерге қазір қолымыз жетті. Қазір ұлан-байтақ еліміздің әр өңірінде мақтанышпен айтатындай жасампаз істердің нақты куәсі болып келеміз. Мұның жарқын мысалын өзім ұзақ уақыт қызмет жасап, ұрпағымды өрбіткен Индер ауданының аумағынан келтіре аламын. Біздің ауданымыз Жайық өзенінің қос жағалауын жағалай қоныстанған. Төрт түлік мал да өсіріледі, көкөніс, бақша дақылдары да егіледі. Ауданның аумағында борат, гипс, тұз секілді табиғи байлықтар да жеткілікті. Алайда, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін жазда малдың қиымен, қыста көмірмен үйімізді жылытушы едік. Ауылдардан аудан орталығына, Атырауға қатынайтын жолымыз шұрқ тесік болып жататын. Біздің ауданның тұрғындары орталықтандырылған ауруханасыз өмір сүрді. Іргеміздегі борат, гипс, тұз секілді табиғи байлықтар игерілмеді. Енді қазір бәрі басқаша, бүгінгі өміріміз де, тұрмысымыз да жақсарды. Әрине, кім игілікке қол жеткізгісі келмейді? Еліміз тәуелсіздік алған тұста тұрмысымыз жақсарар, табиғи байлықты кәдемізге жаратар деген үкілі үміттің жетегінде болдық. Үмітіміз алдамады. Елбасының тапсырмасымен Жайық өзенінің қос жағалауын бойлай Атыраудан Индер ауданына дейін тақтайдай тегіс екі күре жол салынды. Ауданның орталығында аурухана да, емхана да пайдалануға берілді. Қазір әр ауылға, әр үйге табиғи газ желісі тартылып, күл шығарып, от жағуды әбден дағдысына айналдырған әйелдер ауыртпалықтан арылды. Жайық өзенінің үстінен көпір салынып, аудан тұрғындарының қатынасы жеңілдеді. Дәл қазір ауданымызда жаңадан 10 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Нақтылай айтқанда, 3 мәдениет үйі, 3 жалпы білім беретін орта мектеп, 1 балабақша, 60 пәтерлік үш қабатты тұрғын үй, 1 саз мектебі және бір ФАП-тың жақын арада пайдалануға берілетіндігін бұрын-соңды ауданымызда болмаған жаңалық екенін жария еткім келеді. Бұл – еліміздің қаржылық, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендегенінің белгісі, тәуелсіздіктің игілігі мен жемісін әр өңір, әр аудан, әр ауыл тұрғындары көріп отырғанының жарқын мысалы. Осындай жасампаз істердің ел ішінде көптеп атқарылуы әсіресе, жас ұрпақтың отаншылдық, елжандылық рухын оятқаны даусыз. Сол себептен, Декларацияда айтылған жемісті жетістіктерімізді әр ортада – ұжымдарда, оқу орындарында кеңінен таныстыру қажет-ау деп ойлаймын. Тіпті, студенттер мен мектеп оқушыларының арасында «Тәуелсіздік жетістіктері» деген тақырыпта арнайы сабақтар өткізсе де артық болмас еді. Өйткені, келешек ұрпақты мектеп жасынан отаншылдыққа, елді сүюге, Тәуелсіздікті қадірлей білуге үндеу мен үйретудің орайы келіп тұр. Оның үстіне мектеп оқулықтарында Тәуелсіздік тарихы әлі толық қамтылып болған жоқ. Жалпы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Декларацияның әр қазақстандықтың елжандылық рухын биіктететін маңызы мен мәнін, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ Елін әлемдік көшбасшы мемлекетке айналдыру мақсатындағы өлшеусіз әрі жасампаз еңбегінің жемісті де жеңісті жалғасып келе жатқанын тереңірек ұғынуымыз қажет. Өтеп НҰРИЕВ, Индер аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Атырау облысы