• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2011

Ескерілсек екен

373 рет
көрсетілді

1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жыл­дың 9 мамырына дейінгі аралықта тылда 6 ай жұмыс істегендер Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен теңесті­рілген. Кейін 1937 жылға дейін туғандар да алдыңғылардың санатынан орын алды. Осыдан бірер жыл бұрын «Ардагерлер туралы» заң қабылданатын болыпты, сонда көп жақсылықтар қарастырылады екен деген тұрғыда әңгіме естігенімізде, қуанып қалғанымыз рас. Одан бері де біраз жылдың жүзі болды. Бірақ сол естіген әңгімеміз әңгіме күйінде қалып қой­ғандай. Сонда 1937 жылдан кейін және соғыс уақытында дүниеге келгендер әлеу­меттік қамту бой­ын­ша ешқандай топтың қатарына жатқызыл­май­тын болғаны ма? Неміс-фашистерімен соғысуға кеткен­дер­дің ұл-қыздары не көрмеді дейсіз. Жетімдіктен бастап бәрін де көрді. Бас көтерер ер-азамат жоқ, ауылда қалған кәрі-құртаң мен әлі келетін бала-шаға белі қайыса жұмысқа жегілді. Тапқан-таянғандарының бәрі май­данға жіберілді. Бәрі де уақытпен санаспай еңбек етіп, қан майданда жаумен алысып жатқан әкелеріміз бен ағала­ры­мыз­дың ауыр жүгін сәл де болса жеңілдетуге үлес қосты. Соғыс жылдары және одан кейінгі кезеңдерде халықтың тұрмыс жағдайы өте ауыр болды. Ішер тамаққа, киер киімге жарымай, ашқұрсақ жүрген халық көп еді. 1950 жылға дейін аналарымыз отбасыға тиесілі құрт-майын мемлекетке тапсырып келді. Әр отбасына,  малы бар-жоғына қарамастан, 90 кг. ет, 9 кг. 900 гр. сары май, 9 кг. жүн, 90 дана жұмыртқа көлемінде салық салынды. Уақытында тапсыра алмағандардың үйінен сауып-ішіп отырған жалғыз сиырына дейін тартып алып кеткен оқиғалар кездесті. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? 1937 жылдан кейін туғандар мен соғыс уа­қы­тында өмірге келгендер қиыншылықты үл­кендерден кем көрген жоқ. Осыны ескере келгенде, біздердің де заң негізінде әлеу­мет­тік қамту бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен соларға теңестірілгендердің қатарына енуге толық құқымыз бар екені күмәнсіз. Парламент депутаттары бұл ма­ңыз­ды мәселеге қозғау салады ғой деп үміт­тенеміз. Себебі, бұл – көптің көкейінде жүр­ген жәйт. Оның үстіне Отанымыздың қуаты жыл санап артып келеді. Сондықтан Үкі­мет­те­гілер де мәселеге түсіністікпен қарайды деп сенеміз. Қуатбек ОРАЛБЕКОВ,1937 жылдың тумасы. Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Сарқырама елді мекені.