• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2016

Алматы облысында бір күнде 25 балабақша ашылды

569 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» аясында Алматы облысында бір күнде 25 заманауи балабақша ашылды. Аталған нысандар  Іле, Қаратал, Жамбыл, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласында іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қаратал ауданы Үштөбе қаласында ашылған 320 орынды «Балбөбек» балабақшасы «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған. Білім беру мекемесінің ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, құттықтады. «Бүгін Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» аясында біз облыс бойынша заманауи 25 балабақша ашып отырмыз. Бұл – облыс тұрғындары үшін аса маңызды әрі үлкен шара. Шын жүректен баршаңызды Тұңғыш Президент күнімен және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаймын! Зор денсаулық, толайым табыс, отбасыларыңызға береке тілеймін», – деді А.Баталов. Мұнан соң облыс әкімі Мемлекет басшысының балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту туралы тапсырмасын орындау бағытында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Мәселен, биылғы жылдың өзінде ғана облыста 97 балабақша пайдалануға берілген, оның 88-і – жекеменшік. Сондай-ақ, аймақ басшысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы мектепке дейінгі мекемелер ашу ісі жақсы жолға қойылғанын, бүгінгі күні балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 87% құрап отырғанын айтты. Жалпы, осы күні 25 балабақшаның басым бөлігі Алматы қаласының маңында орналасқан халық тығыз қоныстанған аудандарда ашылғанын атап өту керек. Мәселен, Талғар ауданында (Талғар қаласы, Амангелді, Қызыл Ту, Рысқұлов, Талдыбұлақ, Тұздыбастау, Еркін ауылдары) жалпы саны 800 орынды 9 балабақша, Іле ауданында (Өтеген батыр кенті, Жаңадәуір, Байсерке, Қоянқұс ауылдары) 520 орынды 7 балабақша, Жамбыл ауданында (Үмбетәлі, Ұзынағаш ауылдары) 470 орынды 4 балабақша, сол сияқты Еңбекшіқазақ ауданында (Жаңашар, Түрген ауылдары) екі балабақша, Талдықорған қаласында және Панфилов (Пенжім ауылы), Қаратал аудандарында (Үштөбе қаласы) балабақша бір-бірден ашылды. Аталған балабақшалар ашылғаннан кейін облыста 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі Жамбыл ауданында – 94,2%, Талғар ауданында – 89,0%, Панфилов – 85,1%, Іле – 84,1%, Еңбекшіқазақ – 82%, Талдықорған қаласында 87% көрсеткішке жетті.